Әйел кісінің күйеуі алдындағы 8 міндеті
Әйел кісінің күйеуі алдындағы 8 міндеті
5 жыл бұрын 57910
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ
Күйеуіне бағыну

Шариғатта әйелдің отбасындағы басты міндеті – күйеуіне бағыну. Еріне бағынып, құрметтей білген әйелдер отбасына шаттық сыйлайды. Ерінің абыройын арттырады.

Құранда Алла тағала: «Ал ізгі әйелдер Аллаға толық бағынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқығын аяқасты етпей (арын, отбасылық сырларды, отбасына тән абырой мен мал-дүниені)лайықты түрде сақтай білетін жандар» – дейді («Ниса» сүресі, 34-аят).

Алла елшісі: «Күйеуі өзінен разы болған күйде қайтыс болған әйел жаннатқа кіреді», – деген. «Әйел бес уақыт намазын оқып, (Рамазанда) оразасын ұстаса, ар-намысын сақтаса және күйеуіне бағынса, оған «жәннаттың қалаған есігінен кір» делінеді».

Мына нәрсені ескерген жөн: әйел кісі ерінің Алланың әміріне қарсы келетін талаптарын орындауға міндетті емес. Ері әйеліне дінде тыйым салынған амалды (арақ ішкізу, ұрлық жасау, адам өлтіру т.б.) зорлықпен жасата алмайды. Мәжбүрлеген жағдайда әйел қарсылық білдіре алады.

Ар-намысына кір келтірмеуі керек

Әйелдің міндетінің бірі – ар-намысына кір келтірмей, еріне адал болуы. Алла елшісі бір хадисінде былай деген: «Әйелдердің ішінде ең жақсысы – намысы мен ар-ұятын сақтай білген, басқаға көз салмай, тек қана күйеуін жақсы көріп, соған қанағат еткен әйел».

Әйелдің жыныстық міндеті

Әйел кісінің ері алдындағы маңызды міндетінің бірі – жыныстық міндеті. Ер адам негізінен харамнан сақтанып, ұрпақ жалғастыру үшін үйленеді. Сондықтан әйел кісінің бұл міндетке немқұрайлы қарауы отбасы шырқын бұзып, ерін жаман жолға итермелеуі мүмкін.

Алла елшісі әйелдерге ескерту жасап былай дейді: «Ер кісі жұбайын төсегіне шақырғанда, жұбайы барғысы келмей бас тартса, періштелер ол әйелге таң атқанға дейін лағынет айтады».

Алла елшісі тағы бір хадисінде былай деген: «Мына үш кісінің намазы қабыл болмайды, жасаған жақсылығы да көкке көтерілмейді: қожайынына қайта оралмайынша қашқан құлдың, мастығы тарқамайынша мас адамның, күйеуін қайта риза етпейінше ерінің ашуына тиген әйелдің».

Күйеуін «әке болу» арманынан мақұрым етпеу

Ері алдындағы әйелдің басты міндетінің бірі – нәресте сүйгізу. Он екі мүшесі сау бола тұра әйел кісінің бала көтеруге құлық танытпауы дұрыс емес. Себебі әке атану – әр азаматтың үкілі арманы. Дүниеге келген сәби ерлі-зайыпты жандардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін күшейтіп, отбасына жаңа бір бақыт сыйлайды. Осыны да естен шығармаған жөн.

Кейбір отбасы денсаулыққа байланысты балалы бола алмай жатады. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар бір-біріне демеу көрсетіп, барынша емдік шараларын жасап, Алладан дұға тілеп, тағдырға налымай сабыр сақтағаны жөн.

Ері алдында барынша сәнденіп, хош иісті әтір себіну

Әйел адамға көшеде емес, күйеуінің алдында сәнденіп жүру жарасады. Әйел адам үнемі өзінің жай- дары күлкісімен, баурап алар қылығымен күйеуінің назарын өзіне аударып отыруы керек. Өйтпеген жағдайда ол назар басқаға түседі.

Колумбия университетінің ғалымдары бес мың ер азаматты тәжірибелік бақылаудан өткізіп, нәтижеде ажырасуға алып баратын алты түрлі себепке тоқтаған. Соның ішіндегі бізге қажет екі себеп:

1) Тазалық пен күтіну. Көп жағдайда әйел адам дүниеге бала әкелген соң, өзін күтіп ұстауды тоқтатады екен.

2) Психологиялық үйлеспеушілік. Тұрмысқа шыққан соң әйел кісі мүлдем өзгеріп кететін көрінеді. Яғни, шынайы бет-пердесін ашып алады. Бұны қазекем «қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шықты» деген бір ауыз сөзбен айта білген. Осыдан ер адамдардың 42%-ы қорқатын болып шықты.

Күйеуінің рұқсатынсыз бір жаққа бармау

Әйелдің тағы бір міндеті – ерінің рұқсатынсыз бір жаққа бармау. Бір жерге баратын болса, әйел адам күйеуін хабардар етіп, келісімін алғаны жөн және барған жерінен кеш түспей қайтқаны дұрыс.

Бір күні бір әйел келіп: «Уа, Алланың елшісі, әйелдің күйеуі алдындағы міндеті не?» – деп сұрайды. Сон- да Пайғамбарымыз: «Үйінен күйеуінің рұқсатынсыз шықпау, егер күйеуінің рұқсатынсыз шықса, аспан періштелері мен рақым және азап періштелері ол әйелге тәубеге келгенге дейін немесе үйіне қайта оралғанға дейін лағынет айтады», – деп жауап береді.

Дініміз мұндай міндет жүктеу арқылы әйелді үйге қамауды көздемейді. Қайта оның орынсыз өсек-аяңға ілікпей, бір-біріне адал, жарасымды жұп болуын мақсат етеді. Бірақ бұл қағида әйелді түбегейлі күйеуіне тәуелді етпейді. Әйел кісіге мына жағдайларда ерінің келісімінсіз тысқа шығуына рұқсат:

1. Әйел кісі қаражаты жетіп, қажылық парызын өтегісі келсе, қасына некелесуіне болмайтын жақын туысын ертіп, күйеуінің рұқсатынсыз қажылыққа бара алады.

 2. Үйге қажет заттарды жеткізетін ешкім болмаса, өзі барып алуына рұқсат.

3. Ата-анасы қатты ауырып, қарайтын кісі болмаса, күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барып, ата-анасына қарайласуына рұқсат. Бірақ осы уақыт аралығында күйеуі әйелінің нәпақасына жауапты болмайды.

4. Дінге қатысты білгісі келген мәліметті күйеуі үйретпесе, өзгеден үйреніп білу үшін күйеуінің рұқсатынсыз үйден шыға алады.

Күйеуі ұнатпайтын адамдарды қонаққа шақырмау

Әйел міндетінің бірі – күйеуінің рұқсатынсыз үйге ешкімді кіргізбеу. Әйел кісі осы мәселеде де қырағылық танытқаны жөн. Бір хадисте: «Сендердің әйелдеріңдегі ақыларың – ұнатпаған адамды үйлеріңе кіргізбеуі, олар- мен әңгімелеспеуі», – делінген. Өйткені отағасының ең басты міндеті – отбасын сақтау, сондықтан отбасының берекесін қашырып, ерлі-зайыптыларды бір-біріне ай- дап салуға құмартып тұратын ниеті бұзық адамның үйіне келуін қаламауы орынды. Жанұяда осы қағидаға мән берілмесе, бәле іздеген кейбіреу ортаға түсіп, сүттей ұйып отырған отбасының берекесін қашырып, ер мен әйелді бір-біріне айдап салуы мүмкін.

Күйеуінің мал-мүлкіне ие болу

Әйел кісіге жүктелетін талаптың бірі – ерінің мал- мүлкін ысырап етпей, үнемдеп ұстауы. Әйел өз табы- сын ерінің рұқсатынсыз жұмсай алады және қалаған адамына садақа немесе қарыз есебінде бере алады. Ал күйеуінің табысын барынша үнемдеуі тиіс және өзге біреуге ұсынбақ болса, күйеуінің рұқсатын алуы керек. Күйеуінің мақұлдауы екі түрлі болады: Бірінші: Күйеуінің «рұқсат бердім» деп айтуы. Екінші: Сол елдегі салт-дәстүр негізінде іске асады. Яғни, әйел кісі ерінің жауабын күтпей-ақ, елдегі қалыптасқан дәстүр бойынша басқа біреуге үйінен бір нәрсе ұсына алады. Мысалы, бір табақ ұн сұрап келген көршісін құр қол қайтармау секілді т.б. жайттар осыған жатады.

0 пікір