Ажырасу неге көбейіп кетті? (Сұхбат)
Ажырасу неге көбейіп кетті? (Сұхбат)
3 жыл бұрын 5172

Отбасы деген мөлдір шыны әйнек сияқты,  бір рет морт сынса қайтіп жалғанбайтындай.  Сол «шыныны» көз қарашығындай сақтап жүргендер қанша? Қоғамдағы ең бір өршіп тұрған мәселе - ажырасу жайында біз Мұнайлы аудандық азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ақдәрі Кенганованы сөзге тартқан едік - дейді mangystaumedia.kz сайты. Оның берген мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың (2016 ж) 9 айында аудан бойынша 600-ге жуық неке қиюға өтініш түскен болса, 194 адам ажырасуға арыз жазыпты.

─ Ақдәрі ханым, ажырасу - абырой еместігі түсінікті. Дегенмен, осындай қадамға тайсалмай барудың  себеп-салдарлары қандай?

─ Енді ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады.  Бірі күйеуін кінәлайды, күйеуі әйеліне жабады деген сияқты. Кейбіреулері, бірін-бірі қимай тұрса да ортада бала болмағандығынан байланысты үзіп жатады.  Отау құрғандарына 5-6-7 жыл толса да,  әттеген-айы сол, кішкентайлы бола алмайды. Яғни, ажырасуға бедеулік немесе белсіздік те себепші болып отыр. Оны қойшы, жас шамасы 20-ға толмаған іні, сіңлілеріміз  «бесіктен белі шықпай жатып» үйленіп алады да, соңынан «жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді» деп байбалам салады. Мұндайда жастың аты –жас, үйдегі үлкендер жағы қайда қарап отырғаны беймәлім. Жастарға «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» екендігін азырақ үйретіп, сабырға шақырып жіберсе «көш те жүре түзеліп кетпей ме?». Баяғыда бір жігіт ажырасуға арыз жазды. Бірақ, келіншегі одан бас тарқысы жоқ. Содан әлгі күйеуін сөзге тартып, неге мұндай жағдайға барып отырсың, отбасыңды сақтауға тырыспағаның қалай дегенімізде, оның өзі әу баста бұл қызға үйлену туралы ойы болмағанын айтты. Үйленбей тұрғанда қазіргі келіншегі бір пәтерге алып барыпты. Сол жерде өз-өзінен есінен танып, неге олай болғанын әлі күнге ешкім білмейді. Есін жиса таң атыпты. Қасында жаңағы қыз бен жеңгесі отыр дейді. Әлгі қыз «сен мені бүлдірдің, енді міндетті түрде үйленуің керек» депті. Содан «мен де аң-таң, апам да аң-таң» дегендей, амалсыз қалыңдық етіп алыпты. Бірақ, «сүйреп салған тазы аң алмайды» деген  жақсы бір сөз бар емес пе? Бір-екі ай өтпей, отбасының күлі көкке ұшты.

─ Иә, сөзіңіздің жаны бар...

─ Соттың үкімімен ажырасатын жағдайлар болады. Олар бала-шағасы болсын, болмасын, мысалы 10-15 жылға сотталып кеткендерді біз соттың үкімімен қабылдаймыз. Отырған колониясына хабарлама жіберіп, оны 45 күн күтеміз. Жауабы келгеннен кейін қарсы болсын, болмасын, әйтеуір 45 күн уақыттан соң оларды ажыратып жібереміз. Ондай жағдайдың біздің Мұнайлы ауданында екеуі тіркелді.

─ Ажырасқандар арасында қанша пайызы жастар?

─ Көбіне 70 пайызы, яғни 20 мен 23 жас аралығындағы жастар. Ересектердің бірен-сараны болмаса, аз.

─ Ал, сіздер тарапыңыздан алдыңызға келіп отқан жастарға қандай үгіт-насихат айтасыздар?

─ Алдымен екі жақтан да сұраймыз, не себеп ажырасуға деп. Олар өз тарапынан болған келіспеушілікті айтады. Ұсақ-түйек отбасындағы ыдыс-аяқтың сылдырына төзбей, атам сөйледі, енем бүй деді деп келіп отқан келіндерді барынша сабырға шақырып, білген-түйгенімізді айтып, бір ай уақыт береміз ойлануға. Кейбіреулері ажыраспайтын болдық деп арыздарын кері қайтарып алып жатады. Ал, кейбір бабалы болалмай жүрген жас жұбайлар келгенде тіліміз байланып қалады. Оларға «ажыраспаңдар» деп айта алмаймыз. Себебі,  әйелінің денсаулық жағдайының кінәраты жазылған дәлел қағазбен келетіндер бар. Сосын ажырасуға екі жақ та келісімін беруі тиіс. Егер біреуі келіспей тұрса, онда сот арқылы шешуге хат жазып береміз.

─ Қазіргі таңда некесіз туылып жатқан сәбилер аз емес....

─ Иә, «таяқтың екі ұшы болады» дейді ғой, айта берсең бір ұшы өзімізге тиіп кетеді. Мұнайлы ауданы бойынша 2015 жылы әке болуды тіркеу 247, ал 2016 жылы 163-ті құрады. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 26 тарауы 204-бабына сәйкес жүргізіледі. Қазіргі таңда әке болуды тіркеу көбейіп бара жатқандығы белгілі. Әсіресе, жастар арасында некеге тұрмай жыныстық қатынасқа түсуі, одан некесіз бала туылатын жайттар кездеседі. Ондайда әйел баланы өзінің атына жаздырады, себебі, бала туылғанда ерлі-зайыптылар некеге тұрмаған болса, онда міндетті түрде баланы шешесінің атына жазып береміз. Сосын  1-2 ай өткеннен кейін әкесі келіп «мен әкесі едім» деп арызданады. Бірақ, некеде жоқ. Сосын біз неге некеге тұрмайсыңдар, не кедергі деп сұраймыз. Олардың сылтауы жұмыстан қолым тимейді! Немесе жұмыстан жібермейді! Осыған кім сенеді? Бұл әншейін құрғақ сылтау ғана. Оның ар жағында қандай себептер жатқанын бір Құдай білсін.

1 бала, 2 бала, тіпті үшінші бала туғанға шейін некеге тұрмай жүре беретіндерге таңым бар. Не ойлайды олар? Жалғызбасты болса, баланың куәлігіне тек анасының тегі жазылады да, әкесі деген мәлімет бос тұрады. Әке болуды тіркегенде біз сол орынды толтырып береміз. Некеге тұрмай тұрып, баланың әкесі қайтыс болған жағдайлар да орын алады. Айтып отырмын ғой, некеге тұрмай жүре беретіндер көп. Ол тек қана жастар емес, ересектер арасында да кездеседі мұндай жағдайлар. Сөйтіп, сағыздай созып жүргенде күйеуі қайтыс болады, бала іште қалады. Я болмаса бала туылып қояды. Сондай жағдайда егер бала ананың ішінде біткеннен кейін әкесі қайтыс болатын болса, онда 278 күнді санап отырып, баланы әкесінің атына жазып береміз. Ал, егер де ол бала 1-2 жасқа толып кеткен жағдайда тек сот шешімі арқылы шешім қабылдай аламыз. Яғни, әкесі қайтыс болғаннан кейін бұл процесс тоқтамайды.

Жұмысымызда бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Бала туылғаннан кейін 3 күннің ішінде кешіктірмей тіркеу керек. Кешіккен жағдайда 15 күнге қаралады және әке-шешесінің жеке куәлігі, неке куәлігі, не себептен кешіктіргендігі туралы түсініктемесі және баланың тірі не өлі туралы анықтамасы, мекен-жай анықтамасы керек болады. Сондай, көптеген құжаттар жинақтауға тура келеді. Егер бала туған үш күн ішінде ата-анасы келіп тіркетсе, онда ешқандай құжатсыз, тек қана туылды деген медициналық қағаз негізінде тіркей береміз. Барлық нәрсенің уақытында болғаны дұрыс дегенім ғой. Мысалы, той күнін белгілеген бетте некеге тұрған жөн.

─ Осы саланың басы-қасында жүргеніңізге 13 жылға жуықтапты. Қандай ой түйдіңіз? 

─ Өмірде қаншама жағдайлар болып жатыр ғой. Солардың жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп, бой түзеп келеміз. Біреулер отбасында ақша бөлісе алмайды, анау ұстау керек, мынау ұстау керек деп.  Сондай кездерде  өз ой-пікірімізді айтып, сабыр түбі – сары алтын деп түсіндіреміз. Ал, ана ретінде жастарға айтарым, ажырасқаннан пайда жоқ. Екі ортада еңіреп бала қалады. Ал, баланың кінәсі неде? Олар әкесін де, анасын да жақсы көреді. Сол себепті ата-аналар тек өз бастарының қамын ойламай, баланың қамын жесе деген тілек бар.

0 пікір