Ата-анаға деген баянды құрмет
Ата-анаға деген баянды құрмет
11 ай бұрын 2997
Әкім Алымуддинұлы

Кез келген бала үшін құрметке лайық адамдардың қатарында ең әуелі ата-анасы тұрады. Ал оларға де-ген құрметтің шекарасын Құран ата-анаға «үһ» деп те айтпаңдар» деу арқылы сызған болатын. Ата-анамыздың

Қасында аяқтарымызды айқастырып қойып отыру, шалқамыздан түсіп жату, дауыс көтере сөйлеу, құрдастарымыз секілді аттарын атау көргенсіздік және тәрбиесіздік болып табылады.

Сондықтан олардың қасында әрекеттерімізге қатты мұқият болуымыз керек. Осыған орай Айша анамыз мына бір оқиғаны жеткізеді: 

«Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түр-әлпеті әрі мінез-құлқы жағынан қызы Фатимадан артық ұқсайтын адамды көрген емеспін. Фатима келген кезде Пайғамбарымыз орнынан тұрып, қызының бетінен сүйіп, орын беретін. Дәл сол секілді Аллаһ елшісі Фәтиманың жанына бара қалғанда ол да орнынан тұрып, әкесінің бетінен сүйіп, орын беретін»1.

Амр ибн Зүбәйр ата-анасына көзін аларта қарап көңіліне кірбің түсірген адамдардың бұл ісінің тәрбиесіздік және күнә екенін айтатын. Тәбиғин Мұхаммед ибн Сирин болса жүріп келе жатқан кезде ата-анасының алдына шығып алғандардың ата-анасына қарсы келген болып саналатындықтарын айтқан. Ол көшеде келе жатқан кезде баласы әке-шешесінің алдына олардың алдынан зиянды нәрсе немесе кедергіні алып тастау үшін ғана шыға алады және әке-шешесіне аттарын атап сөйлеу көргенсіздік болып табылады дейді ғұлама.

Хафса атты бір әйел мен баласы Хұзәйлдің қарым-қатынасы да осы тақырыпқа қатысты бізге өте жақсы үлгі. Хұзәйл жаз айларында қамыс жинап, олардың қабығын аршып кептіретін. Өйткені қабығы аршылған қамыс жанған кезде түтіні шығып иістеп кетпейді. Қыс басталған кезде анасының үйіне барып, анасы намаз оқып тұрғанда жаурамасын деп қамыс жағып тұратын. Қамыс жайлап жанып анасының арқасын жылытып, әрі түтіндеп исі шықпағандықтан мазасын да алмайтын. Анасы ұлына: 

«Құлыным, үйіңе қайт! Түнде жанұяңмен бірге болуың керек», – дегенде баласы:

«Анашым, олардың қандай қажеттіліктері бар екенін мен жақсы білемін, сіз қам жемеңіз», – деп жауап береді екен. Хұзәйл күніге таңертең анасына ерте сауылған сүт жіберетін. Хафса баласына: «Балам, менің күндіз сүт ішпейтінімді білесің ғой», – деп сүт жіберіп әуре болмай-ақ қоюы керектігін айтатын. Баласы болса:

«Асыл анам! Ең дәмді сүт түні бойы желінде тұрып таңертең сауылған сүт. Бұл сүтті ішуге ең лайықты сізсіз деп ойлап, оны ешкімге беруге қимаймын. Қаласаңыз өзіңіз ішерсіз, болмаса қалаған бір адамыңызға берерсіз», – деп жауап беретін. 

Баласы қайтыс болғаннан кейінгі сезімдерін Хафса былай тілге тиек еткен-ді:

«Жаным, құлыным, Хақ тағаланың құзырына құстай ұшты. Оны қатты сағынғаным соншалықты, жүрегім сыздап, қан жылайтынмын. Іштегі қайғы өзегімді өртейтін. Дертіме шипа болсын деп Құран оқитынмын. «Нахл» сүресіндегі:

«Сендердегі нәрселер өткінші, Аллаһтың қасындағылар мәңгілік. Біз сабыр сақтағандарға ең жақсы іс-әрекеттеріне сый ретінде жаннатты тарту етеміз, жамандықтарын кешіреміз»2– деген аят қайғымды басуға себеп болды».

Фадыл ибн Яхиа әкесін қатты құрметтейтін. Тағдыр жазып, екеуі түрмеге бірге түсіп қалады. Фадылдың әкесі дәретін үнемі жылы сумен алатын. Түрменің күзетшілері түрмеге отын кіргізуге рұқсат бермегендіктен, су ысытуға мүмкіндіктері болмайды. Аязды күндердің бірі еді. Әкесі ұйықтап қалған кезде Фадыл бір жез ыдыс алып, оған су құяды. Ыдысты таң атқанға дейін көз ілмей жанып тұрған шамның үстіне ұстап тұрады. Таңертең әкесіне жылы сумен дәрет алғызғанына қуанып, өзін бақытты сезінеді.

Иә, Ислам нәрімен сусындап, мұсылмандықты бойына сіңірген жандардың ата-аналарына көрсеткен құрметтері бізге әрдайым ғибрат.


1  Әбу Дәуд. Әдәб. 144; Тирмизи. Манақыб. 60
2  «Нахл» сүресі, 96-аят.

"Жұмақтың кілті жаңында".

 

0 пікір