БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛҒАН ШАҢЫРАҚ: Ерлі-зайыптылар неге бір-бірлерінің өмірін қиып жатыр?
БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛҒАН ШАҢЫРАҚ: Ерлі-зайыптылар неге бір-бірлерінің өмірін қиып жатыр?
15 сағат бұрын 614 islam.kz/

Қазіргі трендтер мен теріс насихаттың ең қауіпті тұсы — әйел мен ердің арасындағы табиғи үйлесімді бұзып, отбасын махаббат ұясынан майдан даласына айналдыруында. Дәстүрлі түсініктегі ер азаматты «отағасы», «шаңырақ иесі» деп танудың орнына, әлеуметтік желілердегі уытты контент әйелді өз күйеуімен бәсекелесуге, оны өзіне бақталас ретінде көруге айтақтап жатқандай.

Ер адамның табиғи болмысы мен жаратылыс түйсігі — отбасында басшы болуды, бас ие болып жауапкершілікті өз мойнына алуды және оның беделінің мойындалуын керек етеді. Ал әйел адам өзінің нәзік болмысынан ажырап, ерімен шендесіп, өзін өзге бір бақталас немесе күндес құрбысындай ұстай бастағанда, бұл еркектің ішкі түйсігіне аса ауыр соққы болып тиеді. Ер азамат өз үйінде қамқорлыққа мұқтаж, аяулы жарды емес, бейнебір өз орнына таласқан өзге бір «еркекті» көргендей күй кешеді.

Бұл жағдай ғасырлар бойы жылқы етін жеп, қанында асаулық пен өрлік тасыған, қазақ еркегінің ішкі қызбалығы мен ашуын тудырмай қоймайды. Әйелдің бұл мінезі еркектің көзіне «үйірін тартып алуға келген бөтен айғырдай» елестеп, оның ішіндегі қорғаныс пен үстемдік инстинктын оятады. Натижесінде, ол қасындағы жарын нәзік гүлдей аялап, қамқорлайтын асылы емес, оны ысырып тастауды көздейтін жаудай қабылдай бастайды.

Осылайша, әйелдің ерінен бір саты төмен тұрып, оны сыйлау, отағасы ретінде мойындау сияқты ежелгі отбасылық қағидалардың ұмыт болуы үлкен трагедияларға жол ашуда. Ымыраға келмейтін бәсекелестік күнделікті ұрыс-керіс пен айқай-шуға, төбелеске, тіпті соңы бір-бірінің өмірін қиюмен аяқталатын өкінішті қылмыстарға ұласып жатыр. Отбасындағы бәсеке — ешқашан жеңімпазы болмайтын, тек екі тарапты да, ортадағы ұрпақты да күйрететін қауіпті майдан.

Қазақ тәрбиесі ерін сыйлауды қажет етеді

Ата-бабамыздың ғасырлар бойы сүзгіден өткен асыл сөзі мен асыл дініміз де отбасылық гармонияның негізі ер азаматты құрметтеу мен оның мәртебесін биік қоюда екенін айқын көрсетеді. Қазақта «Балаң патша болсын десең, әкесін хандай күт» деген керемет мақал бар. Ер азаматын төрге шығарып, оның абыройын асқақтатқан ана ғана өз ұрпағының бойына тектілік пен ізеттілікті дарыта алады. «Ерді көрсең, Қыдыр тұт, асты көрсең, қадір тұт», «Ер сыйлаған есікте қалмас» деуі де содан.

Әйелдің ерінен «бір саты төмен тұруы» — бұл оның құқығының шектелуі немесе кемсітілуі емес, керісінше, ошақ отын сақтап, шаңырақтың берекесін кіргізетін, еріне шабыт беріп, оны далаға арыстан, үйге қамқор әке ететін үлкен даналық пен парасаттылық. Ер азаматты арқау, өзін пана санай білген әйел ғана өз шаңырағында шынайы тыныштық пен қауіпсіздікке қол жеткізеді.

Еркек бас ие.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асыл хадистерінде де әйелдің күйеуінің ризалығы жәннәтқа кірудің бірден бір себебі екендігіне баса назар аудартады. «Егер мен Алладан өзге біреуге сәжде етуді бұйырар болсам, әйелге күйеуіне сәжде етуді бұйырар едім» деген хадис — ер азаматтың отбасындағы беделі мен орнының қаншалықты жоғары екенін меңзейді. Ал тағы бір хадисте: «Әйел бес уақыт намазын оқыса, оразасын ұстаса, ар-намысын қорғаса және күйеуіне бағынса, оған Жәннәттың қай есігінен қаласа, сол есігінен кір делінеді» деп сүйіншілеген. Демек, отбасында отағасын басшы ретінде мойындап, оған қолдау болу — әйел заты үшін екі дүниенің де бақытына жеткізетін ең төте әрі берекелі жол.

Әйел – аманат, шаңырақтың берекесі.

Сонымен қатар, Ислам діні ер азаматқа тек үстемдік жүргізуді емес, иығына үлкен жауапкершілік артуды да бұйырады. Ер адам отбасының басшысы болумен бірге, қасындағы жарын Алланың берген ұлы аманаты деп ұғынуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің қоштасу құтпасында: «Әйелдеріңіз бойынша Алладан қорқыңыздар! Сөзсіз, сіздер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңыздар» — деп, әйел затына қиянат жасамауды, оларды аялап, қамқорлық танытуды өсиет еткен. Отағасы болу — бұл өктемдік пен зорлық-зомбылық көрсету емес, керісінше, отбасының қауіпсіздігін, нәпақасын қамтамасыз ету және аяулы жарының құқықтарын таптатпай, нәзік гүлдей қорғау.

Осылайша, Исламдағы отбасы моделі — бір-бірімен бәсекелесетін «жаулар» емес, ерінің басиелігіне сабырмен, сыйластықпен бағынатын әйел мен өз әйелін Алланың ең асыл аманаты деп біліп, алақанына салып аялайтын ер азаматтың арасындағы көркем үйлесім мен шынайы махаббатқа негізделген.

Қорытынды: Отбасы - еркекті де, әйелді де өз орнын білуге жетелейтін институт.

Отбасы — бұл жеңімпаз бен жеңілгенді анықтайтын бәсеке майданы емес, өзара сыйластық пен қолдауға негізделген қасиетті одақ. Еркекті де, әйелді де өз орнын білуге жетелейтін институт.

Әлеуметтік желілердегі ажырасу мен еркегін ез деп санауға жетелейтін арзан трендтер мен уытты контенттердің жетегінде кетіп, ерлі-зайыптылардың бір-бірін бақталас, жау немесе бәсекелес ретінде көруі — шаңырақтың шайқалуына, ажырасудың көбейуіне және соңы орны толмас трагедияларға әкелетін ең қауіпті дерт.

Ғасырлар бойы ұлттық болмысымызға сіңген бабалар даналығы мен асыл дініміздің негізі - ошақ иесінің отағасын құрметтеуінде, ал ер азаматтың өз жарын Алланың аманаты деп ұғып, аялауында жатыр.

Әйел адамның отағасының беделін мойындап, оған тіреу болуы — өзін төмендету емес, керісінше, өз үйіндегі тыныштық пен берекені, ұрпақ тәрбиесіндегі амандықты сақтаудың басты шарты. Ерлі-зайыптылар өз табиғи болмысы мен жаратылыс міндеттеріне оралғанда ғана отбасында шынайы гармония орнап, қоғамның діңгегі нығая түспек.

Құдай Тағала әрбір отбасыға баяндылық сыйласын!

Абдусамат Қасым


 

0 пікір