Бұзықтық жасаған балаға қандай шара қолданамыз?
Бұзықтық жасаған балаға қандай шара қолданамыз?
7 жыл бұрын 5135
Әйгерім ӨТЕГЕНОВА

«Баланың ісі-шала», «Бұл бала, бала емес - бәле» деген құлаққа түрпідей тиетін осындай мақал-мәтелдермен кейінгі кезде  жиі ұшырастырып отырамыз, кейде құлағымыз шалып та қалады. Ата-бабаларымыз баланың қыңыр мінезді қырсықтығы мен айтқан тіліңді алмайтын бірбеткей ұнамсыз мінез-құлқына қарап, ренжіп, осы сөздерді айтса керек. Әрине, баланы тәрбиелеу - өте қиын іс. Әйтсе де, әр уақытта аса ыждаһаттылықпен балаға мән берсек, оның іс-әрекетіне әрдайым көңіл аударсақ, міне, сонда ғана балаға оң-солын ажыратуға септігіміз тимей қоймасымыз анық әрі тәрбие беру де оңайлай түседі-міс. Алайда, шектен шығып, тентектік жасайтын баланы қалай жөнге салуға болады? Бәлкім, ұрысып, ұрып немесе түрлі жаза да берген дұрыс па, әлде бұрыс па? Бұл сұрақтардың жауабына көпшілік қауым, бірден, міндетті түрде: "Жоқ, болмайды. Керісінше, ұрыспай, ұрмай тәрбиелеу керек. Жәй сөзбен, ақылға салып түсіндіргеннің өзі жеткілікті", – дейтіні бізге мәлім. Дегенмен, кейде бала тым агрессивтік қабілет көрсетіп, бойындағы тасып тұрған, жиналған күш-қуатты бәрібір де шығару үшін «бұзықтық» атаулыға барып қоятыны да бар. Бұл – заңды құбылыс және болуы керек те. Сол кезде ата-ананың, ересектердің ашуына соншалықты тиетіні рас. Бірақ та, қабағы кірбің тартып, ит терісін басына қаптатып қайтпек?! Сонда да біздің жауабымыз біреу-ақ: «Асықпай сабырға келіп, жәймен ғана ол нәрсенің болмайтындығын көз жүгіртіп, ақылға салып түсіндіру», -  деп ұғынамыз.

Десек те, осы бір тығырықтан шығу үшін «аса сабырлы болу керек!» - дейміз де, ашуға булығып, шыдамымыз таусылып, дұрыс емес болса да шектен шыққан, бұзықтық әрекетке барған баламызды «бірден ұрсып, ұратынымыз, тіптен әртүрлі қорқыту жазаларын да беретініміз де жасырын емес, бүгінде мұндайды аз кездестірмейміз. Міне, бұл - күнделікті өмірде кейбір отбасыларда кездестіретін жәйт. Сонда, бәлкім сіз «бұзықтық жасаған балаға еш ұрыспай, ұрмай қалай тәрбиелеуге болады? - деп ойларсыз. Ол үшін алдымен, бұзықтық жасаудың алдын-алу жолын қарастырып көрейік.

Кішкентай кезінде бала бойында күш-қуат көп, тұнып тұратындықтан, мұнысын ескеріп, бұл күш-қуатты жақсы, пайдалы іске арнаған жөн-ақ. Ол үшін күнделікті жоспар бойынша, ата-ана тізіммен біртіндеп өзінің сүйікті шаруаларына уақыт бөлгізу керек. Мәселен, спортпен шұғылдандыру, ата-анаға қолғабыс ету, түрлі үйірмелерге қатыстыру, кітаптар оқыту, қолөнер, суретке, ән-биге үйрету, шахмат ойнату, құрастырту және белгілі бір аспапта ойнатуға машықтандыру. Әйтеуір, еш бос уақыты қалмайтындай ету керек.

Адамның бос уақыты тиімді жұмысқа арналса, бос уақыты болмағаннан кейін бұзықтыққа барар жолда алыстайды, тіпті жойылады десек те болады. Әрине, мұны істеу сіз үшін тым ауыр болып яки еріншектікке сіз бой алдыртсаңыз, онда жәй ғана үйде бар, дайын нәрселермен, тапсырма, түрлі шаруаларды (жазу, оқу, т.б.) беріп қою керек. Ал, мұның бірін де істемесеңіз, онда «дайын асқа, тік қасық» дегендей, кейінгі уақытта баланың түрлі бұзықтық әрекетке бармауына тосқауыл қою сізге қиынға соғуы әбден мүмкін.

Сонымен, мынадай зиянсыз амал-әдістердің сырын ашпақпын. Бұл әдістер баланың бойына, мінезіне ешқандай психологиялық ауыртпалық, денесіне ешбір зиян, физикалық күш түсірмейтіндей дәрежеде болғаны дұрыс деп таптым. Бұл әдіс-амалдар аз да болса, көмегін тигізбей қоймас. Алдымен, бұл әдістерді қолданбас бұрын, баланың іс-әрекеті соншалықты жазалайтындай бұзықтыққа жатады ма? Жалпы, мұны қолдану керек пе? Мүмкін, бұзықтығын жәй сөзбен түсіндіруге келер ме? Міне, осыны тез арада ой елегінен өткізіп, таразылап барып, шешім қабылдаған дұрыссырақ.

1) Бала бұзықтық жасады, жылады немесе тіптен, бір нәрсеге бола сізге көнбейді. Не істеу керек? Баланы бірден құшақтау, жылы сөздер айту.

2) Тыңдамаса?!… Ең дұрысы-ата-ана ренжіп қалу, онымен сөйлеспей қалу және өзінің бүлдірген затын өзіне істету, сонда түсіне бастайды. Және өзінің жақсы көретін нәрсесін шектеу немесе ата-анасы, туысын «келмейді, саған ол да ренжіді»-деген секілді сөздермен баланы иландыру.

3) Жәй баппен асықпай, айқайламай, бірақ көзбен (көзқараспен) қорқытып, тік қарап тұрып, қатаң үнмен түсіндіріп сөйлесу.

4) Ашуыңызға тіптен тиген жағдайда, аса сақтықпен бала қолының бұлшық еті немесе майлы жерінен ғана аздап қысып тұрып, (бірақ күш қолдануға болмайды) құшақтау, сипалау. Сонда бала өзі таңырқап қалып, сабырға келуі мүмкін.

Дегенмен, барынша шыдап, дереу тентектігін сол бойда тоқтатып, ашуды тарқатып барып баламен содан соң ғана жәймен сөйлескенге не жетсін!? Әйтпесе, жазалау, ұрысу, ұру, айқайлаудан, яғни тым қатал тәрбиеден бала өзіндік ішкі күйзеліске ұшырап, соның салдарынан ашуланшақ, қатыгез, мейірімсіз немесе өте жасқаншақ, жуас баланың осындай тәрбиеленуден шықпайтынына кім кепіл?!

Алайда, қатал болмаған дұрыс деп, әрдайым еркіндік беріп, жайбарақаттық танытудың да пайдасынан бөлек, өзіндік келіп-кетер кері әсері де жоқ емес. Мұндай жолмен тәрбиеленген бала да тым ерке, айтқан тілді алмайтын бірбеткей боп кетуі де ғажап емес. Сондықтан ата-аналар, ересектер қауымы аталған әдістердің біреу үшін орасан зор пайдасы тисе, енді біріне кері әсер етуі де әбден мүмкін. Сондықтан, аталған амал-әдістер мен көпшіліктің пікірін салыстырып, бір жақты ой жетегіне кетіп қалмау керек. Керісінше, көпшіліктің кеңесінен өзіңізге лайықты, пайдалы, керектісін ғана іріктеп алып, жан-жақты сараптап барып, бір ғана ойды ғана түйіндеу, әрине, ата-ана сіздің еншіңізде! Өйткені, қазіргі өсіп жатқан ұрпақ – ол жарқын болашақтың үлгі тұтарлық айнасы іспеттес болуы тиіс, себебі ол еліміздің бетке ұстар азаматы мен азаматшасы.

0 пікір