Ерлі-зайыптыларға ең керекті кеңестер
Ерлі-зайыптыларға ең керекті кеңестер
7 жыл бұрын 5641 asylsoz.kz
Ер адамдарға

 

1. Ер адам – отбасының басшысы. Әйеліне, балаларына жауапты. Бірақ басшы екенмін деп дөрекілік пен күшке жол беруге болмайды.

2. Отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етумен қатар, оның рухани дамып, өсіп-жетілуіне, ондағы әрбір жанның азамат болып қалыптасуына да мән беріңіз.

3. Әйел – нәзік жанды. Сондықтан ол сізден жылы сөз бен сүйіспеншілігіңізді күтеді. Онымен кейде отырып сырласқаныңызды қалайды.

4. Бақытты неке сыйластық пен түсіністікке құрылады. Араларыңызда бір түсініспеушілік туып жатса оны бейбіт жолмен шешуге тырысыңыздар.

5. Қандай да бір мәселені шеше алмай жатсаңыз әйеліңізден ақыл-кеңес сұраңыз.

6. Жарыңыз қателік жасап қойса немесе оған көңіліңіз толмай жүрсе оны жұмсақ сөздермен, оны төмендетпей, өзге әйелдермен салыстырмастан жеткізіңіз.

7. Анда-санда сыйлық жасап, әйеліңіздің көңілін көтеріп қойыңыз, бірге отбасылық серуенге шығып тұрыңыздар.

 

Әйелдерге

1. Дінімізде ер азамат өте жоғары статусқа ие. Сондықтан оған бағынып, бар талаптарын орындауға міндеттісіз.

2. Ол жұмыстан шаршап келгенде тамағыңыз дайын, үйіңіз таза, өзіңіз жылы жүзбен қарсы алыңыз.

3. «Ызыңдап» жоқты айтып, «құлақ етін» жей бергенді ер адамдар ұнатпайды.

4. Отбасы болған соң, әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ондай сәттерде ашуға емес, ақылыңызға жүгініп, сабыр сақтаңыз. Араларыңыздағы мәселені еріңіздің ашуы басылған соң ғана отырып шешуге тырысыңыздар.

5. Қолдағы барыңызға қанағат етіңіз. Үнемі көңілі толмай жүрген әйелді кім жақсы көрсін? Рахметіңіз бен ризашылығыңызды білдіріп тұрыңыз.

6. Жарыңызға тек әйелі ғана емес, сырлас досы да бола біліңіз. Қажет жағдайда ақылыңызды айтыңыз.

7. Екеуіңіздің араларыңыздағы сырды ешкімге, тіпті «ең жақын» құрбыңызға да айтпаңыз. Жарыңыздың жаманын жасырып, жақсысын асырып отырыңыз.

8. Ешқашан күйеуіңіздің жақындары жайлы жаман сөз айтпаңыз. Оларды жамандап абырой таппайсыз, керісінше, жарыңыздың сізден көңілі қалуы мүмкін.

9. Жұбайыңыз қандай бір қателік жасап қойса бетіне басып айыптай бермеңіз. Өткенді де қозғай бермеңіз.

10. Бақытты жанұя өздігінен құрыла салмайды. Оған жұбайлардың, әсіресе, әйел адамның қыруар еңбегі мен күш-қайраты, махаббаты қажет.

11. Барыңызға шүкіршілік етіп, отбасыңызды береке мен сүйіспеншілікке бөлеуін Алладан тілеп дұға етіңіз.

0 пікір