Жаман бала қайдан шығады?
Жаман бала қайдан шығады?
6 жыл бұрын 4349
Уммусара ӘБДУКӘРІМ

 

Сәбидің тәтті қылығы, былдыры, тәй-тәй басқаны... Осының бәрі ата-ана үшін керемет бір бақытқа бөлейтін сәттер екені даусыз. Дегенмен,  уақыт өте келе кішкентай ғана тәтті балаңыздың сізге мінез көрсетуі жиілеп кетуі бек мүмкін, тіпті бұзықтығы мен қыңырлығы шектен шығып жатса ше? Кеше ғана көз сүйінішіңіз болған перзентіңіз, күйінішіңізге айнала бастағаны ма? Ал осының себебі неде? Кейде ата-аналар, әсіресе, жастар жағы «өзінің мінезі қыңыр, туғаннан сондай, осы кеткеннен кеткен, бұған дауа жоқ» деп мәселеден оңай жолмен құтылғысы келеді. Тіпті, кейбірі өзінің ұнатпайтын туысына ұқсатып, соған тартып кеткен ғой деп жатады. Кей шаңырақта ата-әже, әке-шеше бір-бірлерін кінәлап, ұрыс-керіске ұласып кететіні де бар. Ендеше, баланы қалай жөнге саламыз?

Біріншіден, перзентіңіз үшін әрқашан дұға етіңіз. Дұға – мұсылманның қорғаны. Құранда Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбардың: «Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шексіз Сен дұғаны естушісің[1]», – деп дұға еткендігі айтылады.  Сондықтан да, балаңыздың қайырлы болып өсуін әркез Алладан сұраңыз. Әнас ибн Малик Алла Елшісінің (с.а.у.) оларды бауырына басып, иіскеп, оларға дұға оқитындығын айтқан. Усама ибн Зәйд (р.а.) Алла Елшісі мені бір тізесіне, Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеуімізді де бауырына бірдей қысып «Иә, Раббым! Менің бұларға мейіріммен қарағанымдай, сен де бұларға мейіріміңді төге гөр!» – деп дұға жасағанын жеткізеді.

Екіншіден, адал аспен ризықтандырыңыз. Құранда: «Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды[2]», – делінген. Осы орайда бүгінде көптеген тағамдардың құрамында шошқа майы кездесетінін ескеріп, жарнамаланған түрлі өнімдерді балаңызға оңды-солды алып беруден аулақ болыңыз. Сонымен қатар, дүкен сөрелеріндегі заттардың көпшілігі гендік инжинерияның жемісі екендігін, ал ондай тағамдар күмәнді екенін ұмытпаңыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер, ризықтандырғанымыздың жақ­сы­сын жеңдер[3]», –деген. Балаңыз адал болсын десеңіз, адал ас беріңіз.

Үшіншіден, әрқашан мейірімді болыңыз. «Мейірім көрсетпегенге мейірім көрсетілмейді». Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немерелерінің бірін сүйіп жатқанын көрген Әқра ибн Хаабис (р.а.): «Менің он балам бар, ешқайсысын да әлі маңдайынан сипап көрген емеспін», – дегенде, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оған: «Сен басқаға мейірбандық көрсетпесең, саған да Алла мейірбандық көрсетпейді[4]», –  деп жауап бергені айтылады.

Бүгінде Латвиядағы Балалар емханасының атақты реаниматологы Петерис Клява француз ғалымдарының зерттеуінше,  күніне басынан кемінде  32 рет сипалмаған бала өзін бақытсыз сезінеді деген өзіндік қорытындыға келгенін жиі айтып жүр. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) қаншама ғасыр бұрын жетімнің басынан сипау да садақа деп айтпап па еді?! Ендеше, баланың басынан сипау, құшақтау, күлімсіреу, жылы сөз айту, еркелету – сізге сауап, сәбиге бақыт. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) балаларға тым мейірімді болған. Ол өзінің немерелері Хасан мен Хүсейінді «дүниедегі екі райханым (хош иісті гүл) менің» деп еркелете атаған.

Төртіншіден, баланы алаламаңыз. Көп жағдайда ата-аналар үлкендерін ұмыт қалдырып, кенжелеріне немесе өзіне ұқсайтындарына, алғырларына көбірек назар аударатынын байқамай қалады. Балаларыңыздың бірін еркелетсеңіз, қалғандарын да ескеріңіз. Үлкенін кішісіне қамқорлық жасауға, кішісін үлкенін сыйлауға үйретіңіз. Бүгінде заманауи психологтар жеткілікті назар аудармау мен немқұрайлылықты бала мінезін бұзатын ең негізгі себептердің бірі деген қорытынды шығарды. Мүмкіндігінше, көп балалы отбасы болуға тырысыңыздар, перзенттеріңіз көпшіл болады.

Бесіншіден, балаңызбен бірге ойнаңыз. Балаңыздың кіммен ойнағанда қатты қуанатынын білесіз бе? Ол үшін ең үлкен сыйлық – әке-шешесімен бірге ойнау, серуендеу. Осыны әркез есте сақтаңыз. Пайдасы аз қымбат гаджеттер балаңыздың денсаулығына да, ақ парақтай жанына да зиян әкелуі мүмкін. Оны жарнаманың құлына айналдырмаңыз. Дүние қызығын қуып жүріп, балаңыздың қызығына зар болып қалмаңыз. Ұмытпаңыз, уақыт қайта айналып келмейді. Өскенде ол сізді дұрыс тәрбие бермедің деп жазғырмайтын болсын!  Бірде Хазіреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызды (с.а.у.) немерелері Хасан мен Хүсейінді  «ат болып», арқасына отырғызып алып жүрген күйде көреді де оларға: «Астыларыңдағы аттарың қандай бағалы еді», – деп қалжыңдайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олар да қандай жақсы шабандоздар», – деген екен. Ялла ибн Мүррә Алла Елшісінің (с.а.у.) бірде қонаққа бара жатып, жолда балалармен ойнап жүрген немересі Хүсейінді де ала кетпек болғандығын, бірақ Хусейіннің атасын көргенде қашып, Мұхаммедтің (с.а.у.) оның артынан бала секілді қорбаңдап жүгіріп, қуғанын айтқан[5].

Алтыншы, балаңызға әуелі имани тәрбие мен әдепті сіңіріңіз. Сосын білім мен біліктілікке баулыңыз. Бұл жерде жас ерекшелігін ескеріңіз. Тәрбиесіз, әдепсіз бала әркімнен сөз естіп, қоғамда абыройы болмайды. «Отырса опақ, тұрса сопақ» болған соң, өзіне сенімі азайып, жүйкесі жұқара бастайды. Осы жерде еңбекке баулуды ұмытпаңыз. Ұл-қыз дегендей, жынысына қарай жұмыс беріңіз. Мәселен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) 8 жастан бастап  қой баққанын, 12 жастан бастап саудаға араласқанын еске алыңыз.

Жетінші, «Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық» дейді қазақ. Бала – ата-ананың айнасы. Демек, жаман бала жаман ата-анадан шығады деп кесіп айтпасақ та, ата-ананың балаға деген немқұрайлылығы оның мінезін бұзады. Баланы кінәлаудан бұрын кемшілікті өзіңізден іздеп көріңіз. Сіз оған қаншалықты көңіл бөліп жүрсіз? Қанша уақытыңызды арнадыңыз? Өзіңіз ата-анаңызды құрметтейсіз бе? Ғибадатыңыз мен амалыңызға мұқиятсыз ба? Теріс әдеттерден аулақсыз ба? Сізге ешкім жақсы баласын бермейді, ешқашан балаңызды көпшіліктің алдында жамандамаңыз. Бұл да – ғайбат. Ал, ғайбат –ауыр күнә.

Сегізінші, баланы белгілі бір жетістікке жеткені үшін, дара, дана, зерек болғаны үшін емес, Алланың сыйы ретінде бағалаңыз. Балаңыз аманат әрі сынағыңыз екенін ұмытпаңыз. Ал, мұсылман адам аманатқа қиянат жасамайды. Бала тәрбиесіне барыңызды салыңыз, қалғанын Аллаға тәуекел етіңіз.

Бала тәрбиесі оның анасының тәрбиесінен басталатынын  ұмытпаңыз. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) әкенің бала алдындағы ең бірінші міндеті оған жақсы ана таңдау деп бекер айтпаған. Қазақтың «Баланың жақсы болмағы нағашыдан» деуі тегін емес. Ибн Омардың Пайғамбардан (с.а.у.) жеткізген мына хадисінде: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты...», – дейді.

Иманы мен амалы түгел мүмін әйелдің Алла бұйырған негізгі міндеттерінің бірі – нәпақа табу, атақты болу, мансап иемдену, ата-анасы, туғаны немесе жарының қолын белгілі бір материалдық игіліктерге жеткізу емес, перзент сүйіп, оны салиқалы етіп тәрбиелеу. Ендеше, сол ана деген міндетті жауапкершілікпен атқаруға талпыныңыз.


[1] «Әли Имран» сүресі, 38-аят
[2] «Мәида» сүресі, 3-аят
[3] «Бақара» сүресі, 172-аят
[4] Бухари
[5] Ибн Мәжә, Мұқаддима, 11

0 пікір