Көктің есіктері ашылып, дұға қабыл болатын 9 (тоғыз) уақыт
Көктің есіктері ашылып, дұға қабыл болатын 9 (тоғыз) уақыт
3 ай бұрын 10528
Мұса Жамал

Жаратушы Иеміз кейбір уақыттарды берекелі етіп, ол уақыттардың бірінде жасалған дұғалардың тез қабыл боларын білдірген. Ендеше, көктердің есіктері ашылып, пенденің дұға-тілектері қабыл болатын сәттер келесідегідей:

1) Күн тас төбеге келіп, батысқа қарай ауа бастаған сәт. Мұны зәуәл уақыты дейді. Бұған байланысты Абдулла ибн Сәиб былай деген: «Алла елшісі (с.а.у.) күн тас төбеден ауғаннан кейін Бесіннің (парызының) алдында төрт рәкәғат оқитын және: «Бұл сәт - аспанның есіктері ашылатын сәт. Сондықтан, осы сәтте игі амалым көкке көтерілгенін қалаймын» деген еді». (Имам Тирмизи: «Сүнән»).

2) Түннің ақырғы үште бір бөлігі. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Түннің ақырғы үште бір бөлігі қалғанда, Алла Тағала дүние аспанына түседі және көктің есіктері ашылады. Кейін (Алла) қолын жайып: «Тілеуші бар ма, тілегені берілсін?» - дейді. Осылай таң атқанша жалғасады». (Имам Ахмед: «Мүснәд»).

3) Дүйсенбі және бейсенбі күндері. Әбу Һурайрадан (с.а.у.) жеткен хадисте Алла елшісі былай деген: «Дүйсенбі мен бейсенбі күндері көктің есіктері ашылады. Сол күндері Аллаға серік қоспаған әрбір пенде кешіріледі. Бірақ, бауыры мен өзінің арасында реніш бар адам басқа. (Періштелерге): «Ол екеуі достасқанға дейін, кідіріңдер» делінеді». (Имам Ахмед: «Мүснәд»).

4) Қамат түсіріп жатқанда. Жәбірден риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Намазға қамат түсіріліп жатқан сәтте, аспанның есіктері ашылып, дұғалар қабыл болады». (Имам Ахмед, «Мүснәд»). (Азан мен қаматтың арасында).

5) Рамазан айы кіргенде. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі айтқан: «Рамазан айы кіркен сәтте аспан есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады және шайтандар кісенделеді». («Сахих Бұхари»).

6) Жаңбыр жауғанда. Сәһл ибн Саъдтан жеткен хадисте Алла елшісі: «Екі сәтте дұға кері қайтарылмайды: «Азан айтылып жатқан сәтте және жаңбырдың астында». (Хәкім, «әл-Мүстәдрак»).

7) Азан айтылғанда. Әнәс ибн Мәлік, Пайғамбарымыздың былай дегенін жеткізген: «Азан айтылып жатқан кезде аспан есіктері ашылып, дұға қабыл болады және қамат түсіріліп жатқан сәтте тілектер кері қайтарылмайды». (Әбу Шәйбә, «Мұсаннаф»).

8) Жұма күні. Жәбір ибн Абдулла жеткізген хадисте Алла елшісі былай деген: «Жұма күні он екі сағат бар. Мұсылман пенде сол сәттерде сұраса, сұрағаны міндетті түрде беріледі. Сендер асырдан кейін, жұма күнінің (күндізінің) ақырғы уақытында сұраңдар!». (Әбу Дәуід, «Сүнән». Нәсәи).

9) Шағбан айы кіргенде. Усама ибн Зәйд былай дейді: «Мен Алла елшісіне: «Я, Расулаллаһ! Сенің өзге айлардың бір де бірінде Шағбан айындағыдай (көп) ораза ұстағаныңды көрмеймін», - дегенімде Ол (с.а.у.): «Ражап пен Рамазан екеуінің ортасында келетін бұл ай хақында адамдар хабарсыз. Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілуін қалаймын», - деп жауап берді»(Имам Нәсәи. сахих.)[1].


[1] Almosaly com

0 пікір