Өнегелі отбасы қағидаты
Өнегелі отбасы қағидаты
9 ай бұрын 4602
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Қоғамды тану сол ортада өмір сүріп жат­­қан адамдарды танудан басталады. Ал адамды танудың жолы – ол өмір сүрген отбасы, ошақ қасы оған қандай тәрбие бер­ді, соған көңіл аударамыз. Яғни ізгі адам өнегелі, ізгі отбасының – жемісі.


Адам миллиондаған жасушадан құрала­тыны сияқты мемлекет те миллиондаған отбасыдан құралады. Егер де жасуша-клеткасы сау адам – тыныш, ауырып-сырқамай өмір сүрсе, отбасылары тәлімді елде ешқандай бүлік-тартысқа ұрынбай, бейбіт өмір сүреді. Ондай мемлекетте қорқыныш, үрей аз болады.

Бақытты отбасын құру екі-ақ адамның қолынан келеді. Бірі – отағасы, екіншісі – отанасы. Яғни үйдің – ері мен әйелі. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бүтін болу керек. Екеуі де иманды, парасатты, отбасылық өмірді мемлекеттің негізі деп қарайтын әрі ісіне адал, күнделікті тірлігіне арам зат қолданбайтын, көршінің хақысына ұқыпты, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне бауырмал, жәрдем­шілдігімен ерекшеленуі керек. Мұндай толық­қанды тұлғалық қасиеттері жоқ отбасы мүше­лері толық отбасын құра алмайды. Жартыкеш отбасын құрады, жартыкеш ұрпақ тәрбиелейді. Өйткені ата-ана – отбасының сәулетшілері.

Бойына имани болмыс, адами тәрбие толық сіңбеген жартыкеш бала, Абай атамыз айтқандай, «не өзі адам боп жарытпайды, не саған жақсылық көрсетпейді…». Ол, ол ма, тәрбие­сі кем жартыкеш бала, көршінің баласын бүлдіреді, ол екінші көршінің баласын өзгертеді. Сөйтіп, бір жартыкештің кесірінен күллі ауыл өзгереді. Осындай жамандықтан аталарымыз қатты сақтанған. Айталық, бұрынғылар: «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» деп бекер айтпаған. Осы сөздің өзі мемлекет ұстынының негізі. Сондай-ақ тәрбиесіз, тәртібі нашар бала көрсе, өз балаларына «анаған ермеңдер» деп, қатаң ескерткен.

Тұлғалық қасиеті кем адамдар өзінің шы­найы болмысын ешқашан білмейді. Сондық­тан да олардың ойлау жүйесінде, іс-әрекетінде, жүріс-тұрысында, жағымсыз, жасандылық мүңкіп тұрады. Ең жаманы, өзінің әлсіздігін, ақылсыздығын білмейді, өмірінде кездескен қайғы-мұңға басқаны кінәлауға, орынсыз өсек-шағым айтуға бейім тұрады. Басты қателігі – өмір толқындарын сана сүзгісінен өткізбей, шикі күйінде қабылдап, қателігін сұрыптамай дереу жүзеге асырады. Сыртқы әлемі үнемі басқаға тамсанумен, ішкі әлемі болса, ешқашан есін жимай өмірден өтеді. Ақиқатты тани алмай, күнделікті құбылмалы өтірікке алданып ғұмыр сүреді.

Тұлғалық қасиеті жарты адамдар баршылық­ты көтере алмаса, жоқшылық келсе күйрей жеңіледі. Өйткені жарты тұлға өмірді шынайы көруге қабілетсіз. Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды. Жарты тұлғаның шынайы бет-бейнесін көре алмайсыз. Себебі санасы – бүркемеленген, тұңғиық әрі тұрақсыз. Осындай отбасында дүниеге келген бала, дәл осындай тәрбие алады. Бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», деп тегін айтпаған.

Тұлғалық қасиеті толық отбасылар толқыны басылған теңіз сияқты. Олар өздерінің пенде екенін ұмытпайды. Үнемі кем тұстарын (мінез құлқындағы, іс-әрекетіндегі) толықтырумен болады. Қазақ «кемшілігін білген адам – кемел адам» деп бекер айтпаған. Толық тұлға – өзінің отбасына әйел, бала-шағасына тек құмарлық көзімен қарамайды. Өйткені ол – Алла Тағаланың алдында отбасының тәрбиесі үшін сұралатынын біледі. Отбасы мүшелерін тозақтан қорғайды.

Бақытты отбасын құру үшін қайткен күнде де бай болу міндетті емес, отбасылық тәрбие­нің жақсы сабақтастығы үзілмеуі шарт. Ата-бабаларымыз дәл осы сабақтастыққа қатты мән берген. Ұлына текті, тәрбиелі жерден қызын алып берген. Шаңырақ тәрбиесін үзбеу үшін сенімді, ұлағатты отбасының қызына ұлын бала кезінде атастырып қоятын болған. Сөйтіп, отбасылық тәртіптің сақталуына қатты мән берген. Тексіз-тәрбиесіз, көргенсіз келін шаңырақтың ішкі тәртіп-тәрбиесін бұзатын болғандықтан, осы жайдан қатты сақтанған. Алда-жалда кейбір тәрбиесі осалдау жас келін табалдырық аттаса, емендей енелері сыртқа дымын білдірмей, өзі білетін өнегесін үйретіп, тәрбиелеп отырған. Қазақ халқының ХХІ ғасырға дейін аман-есен жетуіне отбасылық тәрбиенің мол әсері болды. Әйтпесе қазіргі бәзбір тарихшылар айтып жүргендей, Батыс мәдениеті мен орыстың қол астына кіріп аман қалған емеспіз. Қазақты сақтап қалған ана-ананың тәрбиесі. Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су құралады. Су деген – өмірдің нәрі. Су лайланса, тіршілік те лайланады.

Сөзімізді түйіндей айтқанда, мемлекеттің тірегі – отбасы. Әйгілі Лев Толстой «Ең бақытты адам – отбасында бақытты адам» деп айтқан екен. Ал бұл бақыт – үй ішінің тыныш­ты­ғында.

 egemen.kz/ 

0 пікір