Отбасын сақтап қалудың тетіктері
Отбасын сақтап қалудың тетіктері
7 ай бұрын 2066

Кез келген адам отбасын құрарда бақыт пен шаттыққа толы өмір сүрсек екен деп армандайды. Алайда уақыт өте келе ыдыс-аяқтың сылдырлауы, ауыр сөздердің айтылуы, ұрыс-керіс, жанжалдың көбеюі байқала бастайды. Сөйтіп бұрынғы бақыт жайлы армандар бірте-бірте көмескіленіп, сөніп, орнын ашу, ыза, салқындық, күмән басады. Ақыр соңында олардың арасында жылылық, сүйіспеншілік, ниеттестіктің ізі де қалмайтын жағдайлар аз ұшыраспайды. Адал неке арқылы ер мен әйелдің арасын жалғайтын нәзік жіпті үзбей ұстаудың жолдары қандай? 

Адам кейде нәпсі мен шайтанның азғыруына еріп, түймедей түсінбеушіліктен түйедей мәселені тудырып алғанын байқамай қалады. Айталық, жаңадан тұрмыс құрған келіншек: «Күйеуім бүгін маған ұрысты. Демек, мінезі өте сабырсыз болғаны. Ал сабырсыз адаммен мен қалай өмір сүрем. Бүгінше үндемей қоя салдым. Егер ертең де оның ұрысқанына шыдай берсем, ол бірте-бірте менің мойныма мініп алады» деген секілді ешбір қисынға немесе сау ақылға сыймайтын болжамдарды ойлап-ойлап, өзімен-өзі күйіп піседі. Осылайша, болмашы ғана себепті өмірінің ең үлкен мәселесіндей көреді. Өмір өткелінде серігінің әйеліне бір ескерту жасағанында тұрған дәнеңе де жоқ. Мұндайда Алла тағалаға сиынудың маңызы зор. Біреуге арақ ішкізіп, өтірік-өсек айтқызғанынан гөрі ақ некелі отбасын ажыратуды зор іс көретін Ібілістің азғыруынан сақтанған жөн.

Түйткілді мәселелерді шешуде Ислам діні қағидаларымен бөліссек: 

1. Ерлі-зайыптылар керексіз жерде қызбалық пен сезімге берілмей, ашуды ақылға жеңдіруге ұмтылғаны абзал. 

2. Әсіресе әйел кісі өз жарына ішін жегідей жеген күдігін немесе түйткілді ойын білдіргісі келсе, соған лайықты уақыт таңдағаны дұрыс. Күйеуі жұмыстан келе салған бетте, Алла тынығу үшін берген түнгі уақытта немесе үйдегі бала-шағаның көзінше мәселе көтеру дұрыс таңдалған уақыт емес. Жұптардың бірі мазасы болмай, көңілі түсіп жүрген уақыт та лайық емес. Ең дұрысы, екеуінің де көңілі көтеріңкі кезде, бала- шағаларынан аулақ оңаша жағдайда ғана сол мәселеге қатысты әңгімені ақырын ғана қозғаған жөн. 

3. Жұмсақ мінезділік пен кешірімшіл кеңдікті әрдайым танытуға тырысу керек. 

4. Айыпты өзімізден емес, өзгеден іздеуге дайын тұратынымыз рас. Отбасында да қателіктің бәрін жарынан көрушілік аз байқалмайды. Ортақ мәселеде ешкім құлан таза болып, екіншісі толықтай кінәні мойнына арта алмайды. Алладан қорқатын мұсылмандар өз кінәсін мойындап, жағдайды түзетуге күш салғаны дұрыс. 

5. Өмірлік серігіміз екі дүниеде бірге болуға келіскен, ниеті ортақ, мақсаты бір, тілегі егіз адамдар. Бір-бірінен алыстау емес, керісінше барынша жақындықтың жарқын жолдарын қарастырса. Қайтсем, күйеуімнің немесе зайыбымның жүрегіне, махаббатына, сүйіспеншілігіне жол табам деген ізгі ойда басын ауыртқаны сауап.

Тақырыпқа бір оқиғаны тиек етсек. Бір әйел қайтсем күйеуіме өзімді жақсы көргіземін деген ойға қатты беріліпті. Осының жөнін сұрамаққа бір ғалымға келіп жүгініпті. Әлгі ғалымды сиқыршы деп ойласа керек, келген бойда күйеуімді бүкіл әйелдерден мені артық жақсы көретіндей етіп беріңіз деп өтінеді. 

– Жарайды, – дейді ғалым әйелге, – бірақ сұрап тұрғаның оңай шаруа емес. Мен қойған шарттарға шыдай алмайсың-ау. 

– Жоқ, айтқаныңыздың бәрін жасаймын, – дейді әйел. 

– Онда айтқаның орындалсын десең, маған арыстанның жон арқасынан бірнеше тал қылын өз қолыңмен жұлып әкел. 

– Бұдан жеңілдеу шартыңыз жоқ па еді? – дейді әйел сасып. 

– Жоқ, жалғыз шара осы, – деп ғалым да қайтпайды. Әйел әрі ойлап, бері ойлап, жарына деген махаббаты жеңіп шығып, қалайда бұл істі бітіру керектігіне белін бекем буады. Сөйтіп арыстанмен айналысатын мамандарға барып жыртқышқа жақындап бару жайында ойын білдіреді. Мамандардың бірі: «Арыстанның жыртқыштығы көбінесе аш кезде қозады. Тыңқиып тойған шағында қаупі азаяды» деп кеңес береді. 

Жанкештіленген әйел циркке барып арыстанға ет бере бастайды. Бірте-бірте етті жақынырақ жерден лақтырады. Бірнеше ай дегенде арыстан әйелге бауыр басады. Ақыр соңында арқасын сипатып, жонынан бірнеше қылын алуға да мүмкіндік табады. Мақсатына жеткен әйел салып ұрып әлгі ғалымға жетіп келеді. Жүрегі қуанышқа толып, еңбектеніп жүріп ойлағанына жеткеніне мәз-мейрам әйел уысына қысқан бір шоқ қылды ғалымның қолына ұстатады. Сонда ғалым: «Бұған қалай қол жеткіздің? Бұл оңай іс емес қой» деп таңқалады. Әйел бар ынтасымен бірнеше ай бойы басынан кешкендерін, арыстанның жүрегіне қалай жол тапқанын әңгімелеп береді. Ол үшін қандай ықылас, қандай сабыр керек болғанын жеткізеді. Сонда ғалым тұрып:

- «Әй, Құдайдың құлы! Сенің күйеуің осы арыстаннан да жыртқыш әрі қанішер ме еді?» деп сұрайды. 

- «Жоқ, әрине» дейді әйел.

- «Ендеше, арыстанға жұмсаған ақылыңды, сабырыңды, ықыласыңды күйеуіңе көрсет те, жүрегіне жол тап, ырқыңа көндір. Мұндай жанкешті қызметің үшін сені күйеуің әлбетте басқа әйелдерден артығырақ сүйетін болады» деген екен ғалым өз ісәрекетінің мәнін ұққызып.

Асылбек Әуезханұлы, "Даналық ойдан дән ізде"


 

0 пікір