Бүгінгі таңда отбасы жүйесінің қаншалықты тұрақсыздық пен бұзылуды бастан кешіп жатқаны ешкімге жасырын емес. Оған көптеген факторлар себеп.
Ал біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Сүннетіне назар салсақ, онда отбасының тұрақтылығына және оның берік негізде қалануына ерекше көңіл бөлініп, үлкен мән берілгенін көреміз. Өйткені, отбасы — қоғамның түзелуінің ең алғашқы діңгегі.
Отбасы тұрақтылығына көңіл бөлудің бірнеше көріністері бар:
1. Үйленіп, отбасы құруға жігерлендіру
Неке — жеке адам мен қоғам үшін тыныштық пен жан тыныштығының (сәкинәт) негізгі себептерінің бірі.
-
Имам Муслимнің "Сахих" жинағында келген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, жастар қауымы! Кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Өйткені, неке көзді төмен түсіруге және ар-намысты қорғауға көмектеседі. Ал шамасы келмеген адам ораза ұстасын, өйткені ол оған (бойдаққа) қорған болады», – деген.
-
"Сахих" жинақтарында Әбу Зәррден (р.а.) риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбіріңнің жыныстық қатынаста болуың да – садақа», – деген. Сахабалар: «Уа, Аллаһ Елшісі! Біздің біріміз (әйелімен қатынас жасап) өз құмарлығын қанағаттандырса, соның өзіне сауап ала ма?» – деп сұрағанда, Ол: «Егер құмарлығын харамға жұмсаса, оған күнә болар ма еді? Сол сияқты, егер оны халалға жұмсаса, оған сауап болады», – деп жауап берген.
-
"Сүнан" (хадис жинақтары) жинақтарында Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Омар бин әл-Хаттабқа (р.а.) былай деген: «Мен саған адам жинай алатын мал-дүниенің ең жақсысын айтайын ба? Ол — ізгі әйел. Ол оған қараса, оны қуантады. Оған бір нәрсені бұйырса, оған бағынады. Ол жоқта, оның (ар-намысын, мал-мүлкін) сақтайды».
Осы өсиеттерге негізделген неке жан тыныштығын береді, бұл сезім отбасының тұрақты және тыныштық пен ризашылық негізінде құрылуына әсер етеді. Себебі, мұндай неке — құлшылық әрі Жаратушының әмірін орындау, табиғи қажеттілікті қанағаттандыру және адамзаттың өмір сүруін жалғастырумен үйлесу болып табылады.
2. Тұрақсыз некелерге тыйым салу
Ислам отбасы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін осы мақсатқа сай келмейтін барлық неке түрлеріне тыйым салды. Мысалы:
-
Уақытша некеге (мүтға некесіне). Бұл неке тек белгілі бір уақытқа жасалады. Имам Мүслімнің "Сахих" жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұған Қиямет күніне дейін тыйым салғаны айтылған.
-
"Тәхлил" некесіне (үш рет талақ берілген әйелге қайта қосылу үшін жасалатын уақытша неке). Бұл неке тұрақты емес және мақсатты тыныштықты қамтамасыз етпейді. Ибн Мәжаһтің "Сүнан" жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тәхлил жасаушыны да, оған жасатушыны да лағынеттегені (қарғағаны) айтылған.
3. Екі үйленер жастың үйленбей тұрып жасырын ақауларын айтулары
Шариғат сөз байласушы екі жас арасындағы ұнамсыз, кейінгі отбасы өміріне зиянын тигізіре ақауларды (кемшіліктерді) жасырудан сақтандырады.
-
Ғалымдар: некелесуден көзделген мақсатқа жетуге мүмкіндік бермейтін ақаулар - екі жұбайдың біріне некені бұзуға құқық береді деп шешкен.
-
Имам Мүслімнің "Сахих" жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім бізді алдаса, ол бізден емес», – дейді.
-
Мүміндердің Әмірі Омар бин әл-Хаттаб ұрпағы болмайтын (бедеу) әйел алған адамға: «Оған өзіңнің бедеу екеніңді айт», – деген.
4. Қалыңдықты (немесе жігітті) алдымен көру
Шариғат отбасының тұрақтылығына қол жеткізу және некенің екі тараптың өзара қалауына негізделуі үшін қалыңдықты көруге шақырады.
-
Тирмизидің "Сүнән" жинағында келген хадисте, Мұғира бин Шұғба (р.а.) бір әйелге құда түскендігін айтқанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Оған қара, өйткені бұл сен екеуіңнің араларыңдағы сүйіспеншіліктің жалғасымды боларына абзалырақ!», – деген.
5. Жұбайлар арасындағы теңдікті (Кәфа) ескеру
«Тең теңімен, тезек қабымен» демекші, жастар арасында теңдік маңызды, әсіресе дін теңдігі (кәфа) маңызды. Жұбайлардың арасында шариғат және әдет-ғұрып бойынша маңызды болып саналатын істерде теңдік болуы — отбасы тұрақтылығының және берік отбасын құрудың ең маңызды себептерінің бірі.
-
"Сахих" жинақтарында Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел төрт нәрсе үшін некеленеді: малы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діні берігін таңда, сонда бақытты боласың», – деген.
Бұл хадис некеде теңдікті ескерудің негізіне нұсқайды және таңдау кезінде ең алдымен діндарлығына мән беру керектігін көрсетеді.
6. Неке байланысын бұзуға тыйым салу
Отбасының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шариғат неке байланысын бұзу ниетімен оған тиісуге тыйым салды. Мысалы, "Тахбиб" (азғыру, шақыстыру) әрекетіне тыйым салды.
-
Әбу Дәудтің "Сунан" жинағында Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім әйелді күйеуіне қарсы азғырса, ол бізден емес», – деген.
-
"Тахбиб" дегеніміз — бүлдіру, алдау. Яғни, әйелдің қасында күйеуінің жаман жақтарын айту немесе бөтен ер адамның жақсы жақтарын айтып, әйелдің көңілін бұзу.
-
7. Үй ішіне жақсы болуға үндеу
Дініміз отбасы тұрақтылығына жету жолында ең жақсы адам деп — өз отбасына жақсылық жасаушы, оларға қамқорлық көрсетуші және жұмсақ қараушы адам деп жариялады.
-
Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына ең жақсы болғандарың. Ал мен сендердің іштеріңде отбасыма ең жақсы болғанымын!», – деген.
8. Отбасы құпиясын жарияламау
Отбасы, ошақ қасындағы құпияларды сыртқа жариялауға тыйым салынады. Бұл жұбайлардың өз құпиялары үшін қауіпсіз болуы үшін қажет. Құпияны жариялау неке арқылы мақсат етілген тыныштық пен жан тыныштығын (сәкинәт) бұзатын әрекет.
-
Имам Муслимнің "Сахих" жинағында Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Қиямет күні Алланың алдындағы ең үлкен аманат(қа қиянат) – еркек әйелімен жақындық жасап, әйелі де онымен жақындық жасағаннан кейін, оның құпиясын жариялауы», – деген.
Қорытындылай келе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мұсылман қоғамындағы отбасыға және оның құрылымына зиянын тигізер әртүрлі ақаулар мен бұзылулардан қорғауға ерекше көңіл бөлгенін көреміз. Бұл — ұрпақтардың қауіпсіз әрі тұрақты және мейірімділік пен сүйіспеншілік орнаған ортада өсуі үшін керек.
Бұл үлкен қамқорлықтың болуы таңғаларлық емес. Бұл, әрине, жұбайлардың арасында келіспеушіліктер мен дау-дамайлар болмайды дегенді білдірмейді. Бірақ отбасы тұрақты болса, мәселелер мен келіспеушіліктер ұтымды түрде шешіледі, проблемалардың теріс әсері азаяды және отбасы тұрақтылығын барынша сақтауға мүмкіндік туады.
Дереккөз: Islamweb net (араб тілінен ықшамдап аударылды).