ТАҢҒАЖАЙЫП МӘҺР
ТАҢҒАЖАЙЫП  МӘҺР
3 жыл бұрын 11309

Жаратылыс даналығы бойынша  әйелдердің бойында ұлы міндет саналатын аналық міндет қажет ететін ерекше терең сезімдер жаратылған. Сондықтан олар өте сезімтал, нәзік жаратылыс болып табылады.

Физикалық болмыстары еркектерден әлсіз. Қоғам өмірінде еркек сияқты төзімді, қуатты емес. Күн  көру  тұрғысынан  көбіне  күйеулеріне тәуелді. Сондықтан некенің рухани мән-мағынасы аясында отбасының  іргесі  қаланарда  әйелдердің  бұл әлсіздіктеріне орай, Аллаһ Тағаланың оларға деген ерекше де арнайы сыйы ретінде «мәһір» алу құқығы берілген.

Мәһір – әйелге үйленгісі келген еркектің әйелдің қалауына сай өз мүмкіндіктерінің шеңберінде төлейтін «үйленудің кепілдемесі немесе сыйы» ретінде саналатын бір төлем түрі. Бір сөзбен мәһір, ол - «неке сыйы. Әйел бұл мәһірмен ажырасқан жағдайда немесе күйеуі қаза болған жағдайда белгілі уақыт болса да өз қажеттіліктерін қамтамасыз ететін болады.

Мәһір  –  қалыңмал  емес. Өйткені қалыңмал әкесіне немесе қайынжұртына төленсе, мәһір әйелдің тіке өзіне төленеді. Әсілінде Исламда қалыңмал деген нәрсе жоқ.

Мәһір – материалдық һәм дүниелік кепілдеме іспетті. Бірақ барлық адамдардың негізгі де ең үлкен қажеттілігі – ахіретте пайда беретін рухани кепілдеме. Заттық  тұрғыдан  мәһірді  төлеудегі  мақсат  – әйелдің рухани болмысы мен өмірін, абыройын қорғау, яғни ар-намысы мен әйелдік қасиетін қорғау. Сондықтан Пайғамбар мырзамыз мүмкіншілігі  болғандардың  некеде  заттық  һәм рухани  мәһір беріп,  әйелдердің  ақысын толық табыстауға  кеңес  берген.  Бірақ  заттық  тұрғыдан шарасыздық  жағдайында жан  дүниесі  қабылдай алатын әйелдерге де дүниелік пайдадан гөрі ахіреттік пайданы көздеп, ахіреттік табысқа жеткізетін мәһірге разы болуларын насихаттаған.  

«Асру саадатта» (Пайғамбарымыз бен төрт халифа заманы. Бақытты ғасыр) болған мына оқиға бұл жағдайға жақсы мысал болады:

Әйелдің біреуі Пайғамбар Мырзамызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жүгініп, өзін  «һибә/сый»  ретінде беріп, онымен үйленгісі келгенін айтты.  Аллаһ Расулы бұл ұсынысқа жауап қайтармай, үнсіз қалды. Сонда қадірменді сахабалардың біреуі тұрып, әйелге үйленетінін айтты. Пайғамбар Мырзамыз ол сахабаға қарап:

– (Мәһір ретінде) бере алатын нең бар? – деп сұрады.

Сахаба:

– Еш нәрсем жоқ!.. – деді.

Расулұллаһ (ғ.с.):

– Бар, жай бір сақина болса да тауып әкел! – деп жібереді.

Әлгі сахаба барып, біраздан кейін қайтып келді:

–  Уаллаһи,  таба  алмадым.  Еш  нәрсем  жоқ, жай бір сақинаның өзі де... Бірақ мына киімім бар, жартысы оныкі болсын, – деді.

Ол адамның  белінен  жоғарысын жабатын киімі де жоқ болатын. Пайғамбар  Мырзамыз оған:

–  Бір  ғана  киіміңмен  не  істей  аласың?!  Оны сен кисең, әйелге түк қалмайды, ол кисе, саған не

қалады?! – деді.

Адам  отырып  қалды.  Біраз  уақыт  отырған  соң түрегелді. Пайғамбар Мырзамыз оны қасына шақырды. Оған:

– Жадыңда Құраннан не бар? – деп сұрады.

Ол:

–  Мына  сүре  мен  мына  сүрелер  бар  –  деп жаттаған  сүрелердің бәрін айтып өтті. Сонда  Аллаһ Расулы (ғалейһиссәләм):

–  Құраннан жаттаған сүрелеріне оны саған некеледім, – деді  («Сахих Бұхари», Никәх, 49).

Бұл - әйелге  үйленуге  талап  қойған  адамның  дүниелік тұрғыдан  еш  нәрсесі  жоқ еді, тіпті,  жай  сақинаның өзіне де ие емес-ті... Заттық  тұрғыдан  осыншалық  қиыншылықта болған  адамға  үйлену  - әйел  үшін бүгінгі күнде «ақыл мен қисынға жатпайтын» іс сияқты көрінеді. Өйткені,  бүгінгі күнде барлық адамдар өз дүниесі мен өмірін кепілдеме астына алғысы келеді. Үйі, көлігі, табысы жақсы болмаған еркек қанша салихалы, ізгі  жан  болса  да, барған  көп есігінен бос қайтып жатады. Алайда, Пайғамбар Мырзамыз:

«Діні  мен  ахлағын  ұнатқан  адамдарың  сендерге  келсе,  қызыңызды  оған  некелеңіздер!  Егер осылай  істемесеңдер,  жер  бетінде  фитнә  мен бұзақылық шығады» – деген. Сонда қадірменді сахабалар:

– О, Расулұллаһ! Егер ол адам кедей әрі тексіз (ешкімі  жоқ,  ғаріп  не  белгілі  бір  тектен  келмеген) болса ше? – деп сұрады. Сонда:

-«Діні  мен  ахлағын  ұнатқан  адамдарың  сендерге  келсе,  қызыңызды  оған  некелеңіздер!  Егер осылай  істемесеңдер,  жер  бетінде  фитнә  мен бұзақылық  шығады» – деп, бұл сөзін үш рет қайталады1.  (әш-Шәйх Мансур Әли Насыф, әт-Тәжүл-Жәми лил Ұсул фи Әхадисир-Расул, Мысыр, 1961, К. Никәх уәт-Талақ уәл-Иддәт, II)

Демек,  үйлену  мәселесінде  алға  қойылатын алғашқы  шарт  –  «діндарлық»  екен. Расында Аллаһ Расулы (ғалейһиссәләм) да қызы Хазіреті Фатиманы Хазіреті Әлиге некелейтін кезде діндарлық пен көркем ахлақтың заттық мүмкіншіліктерден маңыздырақ екенін өзі тура ұстанып, көрсеткен болатын.

Қиссада  әңгімесі  айтылған  әлгі  мүбәрак  ханым сахаба да болашақтағы күйеуінің кедейлік пен ауыр жағдайда екенін біле тұра, оған үйленуге разы болған. Өйткені үйленетін сахаба Құран Кәрім оқи алатын  болып,  онысын өзіне  үйретуге  келіскен болатын. Яғни, ол ханым сахаба өзін дүниелік тұрғыдан  емес, ақыреттік тұрғыда кепілдемеге алуды таңдады. Өйткені  ол  мүбәрак  ханым  дүниенің  жалған екенін, бұл дүниеде рахат өмір сүрсе де, ақыры өзін өлім мен ақырет күтіп тұрғанын шын білетін.  Бұл  ханым  сахаба  да  алдымен  ешқандай  дүниелік мүдде күтпей, көздемей, өзін Аллаһ Расулына сыйға тартуды ойлап, артынан Оның ишараты бойынша ешқандай зат сұрамай, Құран үйренуді мәһір ретінде қабылдаған болатын. Тән  рахаты  мен  нәпсіқұмарлық  шенберінде  өмір сүруді аңсағандар  бұл  әйелдің  неке  кезінде  көрсеткен  пидашылдығы мен тәсілимят түсінігіне таңырқап қарап, онысын еш түсініксіз деп бағалаулары мүмкін.

Өйткені қазіргі  таңда,  әсіресе,  рухани  құндылықтар құздан құлағандай болып, кейбір теріс ұғымдар мен ұстанымдар қоғам ортасынан орын алып, етек жайған. Сондықтан  пидашылдық  ұмытылып,  тіпті, ондайды  ақымақтық  деп  бағалайтын кез болды. Осылай руханияттан аулақ және  материалист неіздерге сүйенген сана-сезімнің ахірет бақыты тұрғысынан дұрыс үкім беруін күту қиын...

Екіншіден, мысалымыздағы сахаба әйел көрсеткен абзалдыққа  қарап, барлық әйелдер мен қыздардан мәһір  сияқты  ең  маңызды ақыларынан бас тартуларын күту дұрыс емес. Расында, Хазіреті Омардың  кезінде іске асқан мына бір оқиға бұл мәселеге басқа қырынан қарауды қажет етеді:

Хазіреті Омардың халифалық кезінде әйелдердің өте көп мөлшерде мәһір талап етулері себебінен көп адам үйлене алмай жүрген. Бұл туралы  шағымдардың көбеюіне байланысты халифа Хазіреті Омар заң шығаруды ойлап, Расулұллаһтың мінберіне шығып:

–  Қарап  отырсам, әйелдер өте  көп мөлшерде мәһір сұрап  жатыр. Бұл  үйлену ісін тығырыққа тірейді. Мен мәһірдің 400 дирһәмнен көп болуын дұрыс емес деп бағалаймын!  – деді. Хазіреті  Омар әлі  сөзін  аяқтамай  тұрып, жамағаттың  арасынан  Құрайштық бір әйел орнынан тұрып:

–  Ей,  Халифа!  Сенің  бұған  қақың  жоқ!  Аллаһ Тағала  Құран  Кәрімінде  мәһірдің  жоғарғы шегі үшін еш нәрсе белгілемеген (шектемеген). Олай болса, сен қалай әйелдер алған мәһірді 400 дирһәммен шектемексің?! – деп қарсылық білдіріп, мәселеге байланысты мына аят-и кәримәні оқыды:

«Егер бір әйелді қоя беріп, орнына басқа бір әйел алмақ болсаңдар, оған (алдыңғы әйелге) қантарлап (жүк-жүгімен мәһір) берген болсаңдар да, одан  ешнәрсені  қайтарып  алмаңдар. Оған жала  жаба  отырып,  һәм  әшкере  күнә  істей отырып, оны алмақсыңдар ма?»  («Ниса» сүресі, 20).

Әйелдің бұл орынды қарсылығы мен аят-кәримәдан келтірген дәлел Хазіреті Омарды істеген қателігінен қайтуына жеткілікті болды. Қайтадан мінберден мына тарихи үндеуін жасады:  

–  Аллаһым! Мені  кешіргейсің! Барлық адамдар Омардан ғалым! Ей, адамдар! Мен сендерге 400 дирһәмнен артығына тыйым салған болатынмын. Енді қалаған қалағанынша мәһір бере алады». (Ибн Хажар, Мәтәлиб, II, 4,5). Бұл  қиссада  Хазіреті  Омардың иләһи шектеулер мен бұйрықтарға  деген сезімталдығы мен ұқыптылығы да алғыс айтуға тұрарлықтай. Ол қалын жамағат алдындағы қателігін түзетуді өркөкіректік мәселесіне айналдырмай, Аллаһ Тағаланың үкіміне шын жүрегімен мойынсұнған болатын.

Қорыта айтқанда, мәһір мәселесінде ең төменгі шегі  болмағаны сияқты, жоғарысына  да  ешқандай шек  жоқ (Ханафи мәзхабында мәһрдің ең төменгі мөлшері он дирһам, шамамен 35 грамм күміс).  Қалаған  әйел  қалағанынша  мәһір талап ете алады. Қалаған әйел ең басында келтірілген мысалдағыдай, тек ахірет табысын мәһір ретінде талап ете алады. Сонымен қатар, алғыс айтарлық тағы бір жағдай – бүгінгі күнде көптеген қыз балаларымыз некелерінде дүниелік мал-мүлікке мән бермей, аз ғана дүние мүлікке қоса қажылық пен ұмраға керек болатын қаражатты мәһір  ретінде сұрап жатыр. Осылай өздеріне берілген бұл ақыны рухани табысқа айналдырудың парасаттылығын көрсетіп жатыр.

Аллаһ Тағала жүректерімізді әр түрлі шайтани  һәм  нәпсілік  уәсуәсәдан/азғырудан  қорғасын! Бізді  жан  дүниесінде  еш  уайым-қайғы болмай,  жан-тәнімен  иләһи  бұйрықтарға  тәсілім  болған  құлдары қатарынан  жазсын!  Өзінің құзырына тап-таза ұжданмен баруымызды нәсіп етсін!

Әмин...

"Бір насихат - мың бір ғибрат" атты кітаптан. 
"Хикмет" баспа үйі, Алматы, 2011 ж.

0 пікір