Адал ризық – пенде баласының өміріне шырай берер ең қымбат нығметтердің бірі. Жер бетінде тіршілік етіп жүрген әрбір пенденің маңдай терімен, таза ниетпен адал ас тауып, адал киім киюі – Жаратушысының алдындағы міндеті, аманаты. Тірліктің мәні – табыста емес, табыстың қайдан және қалай келгенінде. Сондықтан адам баласы осы дүниеде өз нәпақасын адал жолмен іздеу арқылы Раббысының разылығына ұмтылуы тиіс.
Адал табыс – тек дүниенің берекесі ғана емес, мәңгілік өмірдің де шамшырағы. Сол себепті әр мұсылманның жүрегінде адал еңбекке деген ерекше ықылас, үлкен жауапкершілік орнығуы керек.
Адал ризықтың мәні
Адал ризық – ардың ісі, иманның жемісі. Ол – адамның ешкімге қиянат жасамай, шариғат жолынан шықпай тапқан несібесі. Әрбір табыстың таза әрі күмәнсіз болуы – жүрекке тыныштық, жанға рахат сыйлайды.
Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді:
"Әй, мүміндер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің таза (адал) болғанынан жеңдер..." (Бақара сүресі, 172-аят).
Бұл аятта адал азықтың маңыздылығы ғана емес, оның қайдан келгеніне де жіті көңіл бөлу қажеттігі аңғарылады. Өйткені әрбір жұтым ас, әрбір киілген киім – адамның ахиреттегі есеп беретін аманаты.
Адал еңбектің діндегі орны
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметіне адал табыстың қадірін бірнеше хадистерінде асқан даналықпен жеткізген. Ол бір хадисінде:
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «طَلَبُ الْحَلَالِ وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ
"Адал табыс табу – әрбір мұсылманға уәжіп" – деген (Табарани).
عَنْ أَبِي بَكْرٍ الصِّدِّيقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ جَسَدٌ غُذِّيَ بِحَرَامٍ
"Хараммен қоректенген дене пейішке кірмейді" дейді басқа бір асыл сөзінде. (Әбу Аълә, Табарани).
Тағы бір хадисінде:
"Кім адал табыс тауып, оны өз қажеттілігіне және отбасына жұмсаса, ол Алла жолында жұмсағанмен тең" – деп, адал еңбектің сауапты іс екенін айқындаған.
Пайғамбарлардың өміріне көз салсақ, олардың әрқайсысы бір кәсіптің иесі болғанын көреміз. Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) темірді игеріп, сауыт соққан, Мұса пайғамбар (ғ.с.) мал бағып, шопандық еткен. Бұл – адал еңбекпен шұғылданудың қадір-қасиетін көрсететін өнегелі үлгі.
Адал табыстың рухани және дүниелік пайдасы
Адал табыс – адамның рухын нұрландырып, жүрегіне сабыр мен қанағат ұялататын асыл қазына. Адал еңбектің арқасында адамның жүзінде нұр, сөзінде шындық, жүріс-тұрысында сенімділік пайда болады.
Адал тапқан дүние – аз болса да, берекелі болады. Аз да болса адал несібе адамға шүкіршілік пен тәуекелді үйретеді. Адал табыс - жанға жайлылық, жүрекке тыныштық сыйлайды. Керісінше, харам жолмен келген байлық – сырттай жылтырағанымен, берекесіз болады, адамға жан тыныштығын бермейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
"Харамнан өскен тән тозаққа лайықты" – деп ескерткен (Хадис: "Хараммен қоректенген дене пейішке кірмейді"). Демек, адамның ішкен-жегенінен бастап, тапқан табысына дейінгі барлық нәрсесі адалдың шеңберінде болуы тиіс.
Адал ризық адамның дұғасының қабыл болуына да жол ашады. Адам адал еңбектің арқасында тәкаппарлықтан, мақтаншақтықтан аулақ болады, өзгелерге мұқтаж болмай, өз еңбегінің жемісіне ризашылықпен қарайды.
Қоғам үшін адал еңбектің маңызы
Адал еңбек – қоғамның өсіп-өркендеуінің алтын діңгегі. Әр азамат өз ісінде әділ болса, ел ішінде тыныштық, сенім және татулық орнайды. Адалдық үстемдік құрған жерде ұрлық, алаяқтық, жемқорлық атаулыға орын жоқ.
Әрбір жан өз маңдай терімен ризық тапса, қоғамда әділет салтанат құрады. Мұндай қоғамда адамдар бір-біріне сенім артады, көршілік ағайындық қарым-қатынас бекиді.
Керісінше, адалдық аяққа тапталған жерде алауыздық пен дұшпандық бас көтереді. Қоғам іштен іріп, бірлігі ыдырайды. Сол үшін әрбір мұсылман адал еңбек етуді тек өз пайдасы үшін емес, елдің амандығы үшін де парыз санауы тиіс.
Адал табыс – отбасының амандығы
Әкенің маңдай терімен тапқан адал табысы – отбасының рухани іргетасы. Әке-шеше балаларының аузынан адал ас үзілмесін деп, түн ұйқысын төрт бөліп еңбек етеді. Адал тамақ пен таза табыс – ұрпақтың мінезі мен болашағына, әдеп, тәрбиесіне де тікелей әсер етеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отбасы үшін адал ас іздеп шыққан отағасы Алла жолында саналады деп сүйіншілеген. Ол (с.а.у.) былай деген:
إنْ كان خرج يسعى على ولدِه صغارًا فهو في سبيلِ اللهِ وإن كان خرج يسعى على أبوين شيخين كبيرين فهو في سبيلِ اللهِ وإنْ كان خرج يسعى على نفسِه يعفُّها فهو في سبيلِ اللهِ وإنْ كان خرج يسعى رياءً ومفاخرةً فهو في سبيلِ الشيطانِ.
"...Егер кішкене балалары үшін нәпәқа іздеп шықса, ол - Алла жолында. Егер қарт ата-анасы үшін нәпақа іздеп шықса, ол - Алла жолынды. Егер қайыр тіленуді арланып, нәпақасын іздеп шықса, ол - Алла жолында. Ал бірақ рия, мақтаныш үшін нәпақа іздеп шықса, ол - шайтанның жолында". (Табарани, Бәйһәқи).
Адал тамақпен өскен бала – арлы, намысты, қайырымды азамат болып қалыптасады. Сол себепті әрбір ата-ана өз перзентіне адал еңбектің үлгісін көрсетуге міндетті.
Қорытынды
Адал табыс – жанның нұрлануына және жүректің тыныштық табуына бастайтын қасиетті жол екен. Адалдықты ту етіп, адал еңбекпен ризық іздеу – әр мұсылманның міндеті әрі мұраты. Адал жолмен табылған әрбір тиын – дүниеде берекеге, ахиретте бақытқа себеп болады.
Алланың алдындағы ең сүйікті құлдар – адал еңбектен тапқан ризыққа разы болып, шүкіршілік еткендер. Ендеше, өмірдің әр сәтінде адалдықты ту етіп, маңдай термен тапқан табысты мақтаныш тұтайық. Себебі адал еңбек – дүниенің де, ақыреттің де нұрлы жолы.
islam.kz