Адам өлімді неліктен жек көреді?
Адам өлімді неліктен жек көреді?
5 жыл бұрын 4312

Өлім келіп, жан шығуға таяғанда адам баласы бұл дүниені қимайды. Тіпті онда әлі де қала тұруды армандайды. Бұл сәтті Алла тағала Құранда: «Қашан олардың біріне өлім келгенде, ол: «Раббым! Мені артқа (дүниеге) қайтарыңдаршы.Қалдырған нәрсемде (дүниеде) ізгі амал істейін», — дейді. Олай емес! Негізінде, бұл — ол айтатын бір сөз ғана. Олардың алдында олар қайта тірілтілетін күнге дейін барзах бар», – деп әңгімелейді.

Әйтсе де мүмін пенде бойынан жаны шығар кезде Алламен жолығуға асығып, тағатсызданады екен. Айша (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім Алламен жолығуды қаласа, Алла онымен жолығуды қалайды. Ал кім Алламен жолығуды қаламаса, Алла да онымен жолығуды қаламайды»– деген.

Мұны естіген Айша (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Шын мәнінде, біз өлімді жек көреміз»2 – дейді. Пайғамбар (с.а.у.): «Олай емес! Бірақ мүмінге өлім келсе, Алла тарапынан разылық және сый-құрметпен сүйіншіленеді де, ол үшін алдындағыдан (өлімнен) сүйікті ештеңе болмайды. Сөйтіп, ол Алламен жолығуды қалайды. Алла да онымен жолығуды қалайды»– деген.

Осылайша, мүмін адам Алланың өзіне әзірлеген сый-құрметіне ұмтылып, жанының тез шыққанын қалайды. Сондай-ақ Алла тағала да пендесінің ықыласына қарай онымен жолығуды қалайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сөзін әрі қарай жалғастырып: «Ал кәпірге (өлім) келсе, Алланың азабы және жазасымен хабардар етіледі де, оған алдындағыдан жеккөрінішті ештеңе болмайды. Сөйтіп, ол Алламен жолығуды қаламайды, Алла да онымен жолығуды қаламайды»– деген.

Сондай-ақ тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жаназа оқылып, (табытты) еркектер желкесіне көтерген кезде (рух) ізгі болса: «Мені алып барыңдар», – дейді. Ал ізгі болмаса, өзінің туыстарына: «Соры құрысын, оны қайда апара жатырсыңдар?» – дейді. Оның дауысын адамзаттан басқаның барлығы естиді. Егер адам естігенде, есінен танар еді», – деген.

Умәуилер халифасы Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик деген кісі жайлы мына бір хикая әңгімеленеді:

Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик қажылық кезінде Мәдинаға келгенде, табиғиндер сапына жататын бір адаммен жолығысуды қалап, ондағылардан: «Осында бірнеше сахабаның көзін көрген, пайым-парасаты жоғары бір адам бар ма?» – деп сұрайды. Адамдар: «Иә, Әбу Хазим деген бір кісіні білеміз», – деп жауап береді. Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик оған адам жіберіп, құзырына алдырады. Әлгі табиғин келген кезде, Сүлеймен оған: «Ей, Әбу Хазим! Неге біз өлімді жек көреміз?» – деп сұрайды. Әбу Хазим: «Сендер дүниені көркейттіңдер! Ал ақыретті бұздыңдар! Енді көркем мекеннен ойрандалған жерге шыққыларың келмейді», – деп жауап береді. Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик: «Рас айттың!» – дейді. Сосын: «Бізді Алланың алдында не күтіп тұр?» – деп сұрайды Сүлеймен. Табиғин: «Амалдарыңды Алланың кітабына жүгіндір!» – дейді. Сүлеймен: «Оны қай жерінен табамын?» – дейді. Сонда табиғин: «Алла тағаланың «Шын мәнінде, ізгілер, әлбетте, нығмет ішінде болады. Негізінде, бұзықтар тозақта болады» деген сөзінен», – дейді. «Алланың рақымы қайда?» – деп сұрайды Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик. Әбу Хазим: «Алланың рақымы игілік істеушілерге бек жақын», – деп жауап береді. Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик тағы да: «Ертең Алланың алдына қалай барамыз?» – деп сұрайды. Әбу Хазим: «Игі кісі алыс бір жерден өз отбасына келе жатқан адам сияқты болса, жаман адам қожайынынан қашқан құл сияқты болады», – дегенде, Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик көңілі босап, дауыстап жылап жібереді. Сосын әлгі табиғиннен: «Маған өсиет айт!» – деп сұранады. Сонда Әбу Хазим: «Алла тағаланың тыйым салған істерін жасаушылардан емес, бұйырғанын істейтіндерден бол!» – депті.

 
0 пікір