Әділеттіліктің Исламдағы орны
Әділеттіліктің Исламдағы орны
8 ай бұрын 1757

Әділеттіліктің Ислам дініндегі алар орны ерекше. Кез келген істің өзіндік орны бар. Сондықтан әділеттілікке аса үлкен мән беруімізге әмір етілген. Адамдар әділетті өмірлерінде негізгі ұстаным етіп алғанда ғана Аллаһтың разылығына қол жеткізеді әрі рухани тұрғыда жан дүниелері тыныштық тауып өмір сүреді. Осылайша бұл дүниелік әрі ақыреттік ізгіліктер мен игілікке кенеліп бақыт теңізінде жүзеді. Әділет өз күшін жойса хақ, құқық, ынсап, және тепе-теңдік жайлы сөз қозғау мүмкін емес. Дүниелік өмірінде әділеттен тайып, зұлымдық жасағандар қияметте ғапылдықта өткізген емтихан әлемі үшін қатты өкінеді.

«Әділет иесі», «әділеттің нақ өзі» деген мағыналарға келетін «Әл-Адл» есім – Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Алла Тағаланың Пайғамбарларды адамзат баласына жіберуіндегі басты себептерінің бірі - адамдарды Аллаһтан ұзақтататын, пайдакүнемдік пен зұлымдыққа негізделген қатыгез жүйелердің түбіне жету әрі жер бетінде әділеттілік орнату еді. Құран Кәрімде былай делінген:

«Алла Тағала әділеттілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Жаман іс пен сөзге, арсыздыққа және өзгеге зорбалық жасауды тыйды. Ол, ойланып таразылауларың үшін насихат етеді». (Нақыл сүресі, 90-аят).

«Күмәнсіз, Алла аманаттарды лайықты орындарына тапсыруларыңды және адамдардың арасында үкім берсеңдер әділдік пен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында Алла сендерге керемет уағыздар айтуда. Күдіксіз Алла естуші, көруші».

 «Әділ» сипатының ақиқи қожайыны Алла Тағала құлдарының ішінде әділеттен таймағандарын сүйеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Әділетпен үкім еткендер қияметте Рахманның оң жағында орналасқан, нұрдан жасалған мінбелердің үстінде отырады. Олар - берген үкімдерінде әділдікті ту еткендер және жан ұялары мен қол астындағыларға әділеттілік танытқандар», - деген. (Ахмед II, 160).

Басқа хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Қиямет күнінде адамдардың Алла тағалаға ең сүйкімсізі және оған ең ұзақ болатыны залым бастық». (Тирмизи, Ахкам 4/1329; Нәсаи, Зекет 77).

Кез келген мұсылман тек үкім бергенде ғана емес өлшеп тартқанда да, бір нәрсеге куәлік еткенде де, қысқасы әрдайым кез келген істе әділеттіліктен таймауы қажет.

Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді.

«Уа, иман еткендер! Әділеттіліктен таймаңдар. Өздеріңнің, әке шешелеріңнің және туыстарыңның зиянына болса да...». (Ниса сүресі, 135-аят).

«Уа, иман келтіргендер! Алланың разылығы үшін, куә болғандарыңда туралықтан айнымаңдар. Бір қауымға деген өшпенділіктерің сендерді әділеттен тайдырмасын. Әділ болыңдар, өйткені тақуалыққа жарасатыны осы». (Мәйда сүресі, 8-аят).

Әділеттілік, мемлекеттерді жықпай ұстап тұратын негізгі діңгек. Тіпті, «Күпірлікпен тұрақтылық сақталуы мүмкін. Бірақ зұлымдықпен сақталмайды» деген сөз мақалға айналған. Басқарушылық әділеттілікпен тұрақты болатынын білдіру үшін «Әділет - мүліктің негізі» деп айтылған. Әділет ертелі-кеш міндетті түрде өз жарқын бейнесін көрсетеді. Өйткені ең кеш көрінген әділет зұлымдыққа жақын әділет. Берілген үкім тура болса да кешіккен әділет зұлымдықтың бір түрі. Зұлымдық болса орасан зор зиянға тигізуге себепші болады. Хақ Тағала құран Кәрімде былай дейді:

«Хақ жолдан тайғандарға келсек тозаққа отын болады» (Жын сүресі,15-аят). «Зұлымдық жасағандарға ешбір жәрдемші жоқ» (Бақара сүресі, 270-аят).

Пайғамбарымыз зұлымдықтың үлкен күнәлардың бірі екендігін былайша тілге тиек етеді:

«Ақыретте жазасының берілуімен қатар дүниеде Алла Тағаланың лезде жазаландыруына ең лайық күнәлар – зұлымдық пен туысқа қарайласпау». (Әбу Дәуіт, Әдеп 43-4902; Тирмизи, қиямет 57, ибн Мәжә, Зүһд 23).

Бәз біреулер әдемі сөз сөйлеу арқылы және зеректігінің арқасында жасаған зұлымдықтарын жасыруы әбден мүмкін. Алайда олар ешқашан мұнымен құтыламын деп ойламаулары қажет. Бұл бес күндік жалған дүниеде мың бір айла тауып, әділеттіліктен тайғандар күндердің күнінде «хакімдердің хакімі» (үкім берушелердің ең әділі) болған Хақ Тағаланың құзырында шарасыздықтан басын иіп, есеп беруге мәжбүр болады. Алла елшісі (с.а.у.) бұл жайлы үмбетіне былай деп ескерту жасаған:

«Кімде-кімнің мойнында дін бауырының ары, намысы және мүлкіне қатысты қандай-да бір ақысы болса, алтын мен күміс жоқ етілетін қиямет күні келмес бұрын онымен адалдассын! Олай болмаған күнде өзінің салих амалдарынан жасаған зұлымдығының мөлшеріндей сауап алынады (Ақысы болғанға беріледі). Ал егер жасаған жақсылықтары жоқ болса, зұлымдық жасаған бауырының күнәлары оған жүктеледі». (Бұхари, Мазалим 10, Риқақ 48).

«Зұлымдыққа ұшырағанның қарғысынан өте сақ болыңдар! Өйткені оның қарғысы мен Алланың арасында перде болмайды» (Бұхари, Зекет 41, 63, Мағази 60, Таухид 1; Мүслим, иман 29, 31).

Әйгілі хазірет Мәулана әділдік пен зұлымдықты былай деп суреттейді:

«Әділет деген не? Жеміс ағаштарын суғару! Ал зұлымдық деген не? Тікендерді суғару».

«Әділетті білмеген адам, бөлтірікті емізген ешкіге ұқсайды».

Әлгі бағып-қаққан зұлымдығы күндердің күнінде оны күл-талқан етеді. Фәни пайдалар үшін әділеттіліктен тайғандар өз орын өздері қазады. Уақыты келіп жеткенде ішіне түседі. Олай болатын болса, қаншама ауыр болса да, әрдайым әділеттілік пен туралықтан таймау керек[1]. 


[1] Осман Нури Топбаш: «Өркениет шыңындағы жауһарлар».

0 пікір