Алла тағала кімдерді жақсы көрмейді?
Алла тағала кімдерді жақсы көрмейді?
6 жыл бұрын 6151
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ
  • ...Расында, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді [1]. Яғни, тәкаппар, туысқандары мен көршілеріне мұрнын шүйіріп қарайтын, адамдардың арасында мақтанып олардан өзін жоғары һәм артық санайтын адамды Алла жақсы көрмейді.

  • ...Расында, Алла опасыздық һәм күнә жасауда тым шектен шыққандарды жақсы көрмейді [2]. Яғни, шектен шыққан қиянатшыл әрі күнәнің батпағына белшесінен батқандарды жақсы көрмейді [3].

  • Уа, иман келтіргендер! Алланың сендер үшін адал еткен таза әрі денсаулыққа зиянсыз нығметтерін өздеріңе харам қылмаңдар һәм (оларды ысырап қылу арқылы) шектен шықпаңдар. Расында, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді [4].

  • ...Расында, Алла опасыздарды мүлде ұнатпайды [5].

  •  Шынында, Алла опасыз әрі рақметі жоқтардың ешқайсысын жақсы көрмейді [6].
  • ...Расында, Алла есіргендерді ұнатпайды!»[7]

  • Расында, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді [8].

  • «Ешкімге мұрныңды шүйірме, жер бетінде кердеңдеп жүрме! Расында, Алла кеуде керіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды» [9]. Яғни, адамдарға менсінбей қарап, тәкаппарлықпен теріс айналма [10] және жер бетінде тәкаппарланып жүрме, өйткені Алла тағала өзін ұлық көретін, басқалардан артық һәм жоғары санай- тын, кеуде керіп даңдайсып жүретін адамды жақсы көрмейді [11].

 

Сілтемелер:

  1. «Ниса» сүресі, 36-аят.
  2. «Ниса» сүресі, 107-аят.
  3. Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 1/302.
  4. «Мәида» сүресі, 87-аят.
  5. «Әнфәл» сүресі, 58-аят.
  6. «Хаж» сүресі, 38-аят.
  7. «Қасас» сүресі, 76-аят.
  8. «Қасас» сүресі, 77-аят.
  9. «Лұқман» сүресі, 18-аят.
  10. Қуртуби 14/70.
  11. Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 2/493.
0 пікір