"Ақырзаманда кей қауым маймылға және доңызға айналады..." (Хадис тағылымы)
"Ақырзаманда кей қауым маймылға және доңызға айналады..." (Хадис тағылымы)
3 жыл бұрын 15003
Абдусамат Қасым

Табиғин Хәссән ибн Әбу Синән, сахаба Әбу Һурайрадан мынадай бір хадис риуаят етеді. Ол хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): 

" يُمْسَخُ قَوْمٌ مِنْ أُمَّتِي فِي آخِرِ الزَّمَانِ قِرَدَةً وَخَنَازِيرَ "

- Ақырзаманда менің үмбетімнің ішінен бір қауым маймылға және доңызға айналады», - дейді. Сонда қасындағы сахабалар:

، قِيلَ : يَا رَسُولَ اللَّهِ ، وَيَشْهَدُونَ أَنْ لا إِلَهَ إِلا اللَّهُ ، وَأَنَّكَ رَسُولُ اللَّهِ ، وَيَصُومُونَ ؟

- Уа, Расулалла! Олар Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және сенің Алланың пайғамбары екендігіңе куәлік етіп, ораза ұстаса да ма? – деп сұрайды.

قَالَ : نَعَمْ ،

- Иә, - дейді Алла елшісі (с.а.у.). 

قِيلَ : فَمَا بَالُهُمْ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟

- Олар не істеп сондай күйге дұшар болмақ, уа, Расулаллаһ? – деп, сахабалар оның себебін сұрайды. Алла елшісі оның себебін былай деп түсіндіреді:

" يَتَّخِذُونَ الْمَعَازِفَ ، وَالْقَيْنَاتِ ، وَالدُّفُوفَ ، وَيَشْرَبُونَ الأَشْرِبَةَ ، فَبَاتُوا عَلَى شُرْبِهِمْ وَلَهْوِهِمْ ، فَأَصْبَحُوا قَدْ مُسِخُوا قِرَدَةً وَخَنَازِيرَ

- Ол қауым музыка аспаптарын алып, әншілерді (шақырып), дағыра (қағып) арақ-шарап ішеді. Олар солай сауық-сайран құрып, шарап ішкен күйі түнейді де, азанда маймыл мен доңызға айналған күйі тұрады».

Әбу Нәъим әл-Асбәһәни: «Хүләтуль Әулия». №3579. (Сахих).



Хадистен түсінетініміз: 

Аталмыш хадистегі маймыл мен доңызға айналу құбылысы шынайы тұрғыда жүзеге аса ма, әлде рухани азғындауды білдіре ме? - деген сұрақ төңірегінде екі түрлі болжам бар. Дегенмен, хадистің «заһиріне» (беткі мағынасы) қарасақ бұл құбылыстың шынайы тұрғыда орын алатындығын байқауға болады. Неге десеңіз, хадисте: «менің үмбетімнен әлдебір қауым» дей келе белгілі бір топтың сондай күйге дұшар болатындығын білдіріп тұр. Осыдан-ақ, ол жағдайдың шынайы түрде орын алатындығын байқауға болады. Өйткені, бұл рухани жағдай болғанда «әлдебір қауым» деп шектеу қоймас еді. 

Әйткенмен, рухани тұрғыда азғындау деп түсінудің де қате тұсы жоқ. Бүгінде есірткі қабылдап, маймыл тәріздес күй кешіп жүргендер және араққа тойып алып, доңыз сияқты әр жерде аунап жатқандар аз емес. Сондай-ақ, жалаңаш денесімен мақтанып, әлеуметтік парақшасы арқылы оны әлемге паш етіп жатқан әйел кісілер де бар. Мұндайлар рухани тұрғыда маймылға айналмағанда не? – деген ой келеді.

Қалай болғанда да, Алла Тағала біздерді ол қауымнан болып қалудан сақтасын!

Және де аталмыш хадистің назар аудартар тағы бір тұсы - маймыл мен доңызға айналатын қауымның мұсылман қауымы болатындығы. Яғни, Алланың бір екендігіне сенеді, Мұхаммедті пайғамбар ретінде біледі және жылда бір рет ораза ұстағансиды. Бірақ өмірінің басым бөлігі күнә істеумен өтуде. Хадистегі жағдай - бүгінгі мұсылман қоғамын суреттеп тұрғандай. Бүгінде, диско-барлар, шарапханалар, түнгі клубтары, казино мен букмекерлік кеңселері - мұның бәрі көп мұсылман жастарының үйреншікті орындарына айналғаны қашан. Өкінішті-ақ. Қанша мұсылман деп көкірек қақсақ та, егер істеп жүрген істеріміз харам іс болып, тәубеге келмей өміріміз ғапылдықта өтіп жатса, Алланың қаһарынан қаша алмақ емеспіз. Соншалықты - маймыл мен доңызға айналдырып жіберуі ғажап емес екен. 

Осы орайда, "маймылға немесе доңызға айналдыруы ақылға қонымсыз сияқты" деуіңіз мүмкін, бірақ айналаңызға қараңызшы! Қаншама кінәратпен дүниеге келіп жатқан балалар бар. Құдай сақтасын. Тіпті, кейбірі не адам екендігі, не басқа екендігі белгісіз күйде туылып жатады. Бұл өте қайғылы жағдай, әрине. Бірақ - шындық. Ондай жағдайлар кездеседі. Бұны - Алланың адамдарға көрсеткен ескертуі деп түсінген жөн. Сол сияқты, Алла қаласа сап-сау адамды да істеген ісіне қарай маймылға немесе өзге бір хайуанға айналдырып жіберуі мүмкін. Маъазаллаһ!  

0 пікір