БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК СЕЗІМІ
БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК СЕЗІМІ
4 жыл бұрын 3482

Қоғамда жүйесіздік, бүлік, қайшылық, анархия орнамауы үшін белгілі бір жүйе болуы қажет. Әрі осы жүйеге еңбектеген баладан, қолына таяқ ұстаған қарияларға дейін бағынуы тиіс. Бұл іс, тек бір лидердің саясында жүзеге асады. Сол себепті Алла елшісі (с.а.у.) сапар шеккен үш кісіге, тіпті азғана кісіден құралған қоғамда араларынан біреуді басшы етіп таңдауларын өсиет етеді.

Ол бір хадис шәрифінде:

«Дүниенің қиыр ұшында болса да үш кісінің араларынан біреуін әмір етіп тағайындамастан ғұмыр кешулері дұрыс болмайды», - дейді. (Имам Ахмад. Мүснәд. 2, 177).

Міне осындай маңыздылығы бар басшылық өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сонымен қатар басшылық Хақ Тағаланың аманаты болып табылады. Басышылықты тек қабілетті және осы қызметке лайық жандар ғана атқаруы тиіс. Ал егер бұл істің мүддесінен шыға алмайтын біреу басшылық етсе, қиямет күні пұшайман болады. Қорлық пен азаптың зардабын тартады.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.а.у.) басшылық қызметі жайлы былай дейді:

«Адамдарды билеуші кісі (билік иесі) оларға (адамдарға) шын ықыласымен қарайласпаса, пейіштің иісіне қол жеткізе алмайды». («Сахих Бұхари». Ахкам. 21).

«Мұсылмандардың істерін атқаруды (өз мойнына) алып, алайда олар үшін еңбектенбеген ешбір басшы, олармен бірге жәннатқа кіре алмайды». («Сахих Мүслім». Иман. 229)...

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Убада ибн Сәмитті (р.а.) салық пен зекетті жинау қызметіне тағайындады. Артынша оған қарап: «Алладан қорық! Өте сақ бол! Алладан қорық! Қиямет күні Алланың құзырына бақырған түйені, яки, мөңіреген сиырды немесе маңыраған қойды немесе ешкіні (арқаңа) салып келме!» - деп ескертеді. Сонда Убада: «Уа Расулаллаһ! Жағдай шынымен-ақ солай бола ма? – деп сұрайды. Алла елшісі: «Иә. Жаным қолында болған Жаратқанға ант етейін, жағдай дәл солай болады. Бұдан Алланың мейірімен бөленген кісі ғана құтыла алады», - деп жауап береді. Осыны естіген Убада: «Сені жіберген Аллаға ант етейін! Өмірімде екі кісіге басшы болмаймын, - деген екен. (Әли әл-Муттақи. 6, 569/16965).

Басшы болуға талпынбау керек. Керісінше суранысқа ие жан болу керек. Алайда өзінен өзге лайық кісі болмаса, басшылықты қолына алуы тиіс.

Қол астында алуан түрлі адамдары бар басшы, Алла елшісі (с.а.у.) тәрізді бай-кедей деп бөліп жармастан, әрбір жанның мәселесімен шұғылдануы ләзім. Дертіне дауап болуға күш салуы керек. Мейрімділік, рақымдылық іспетті жағымды қасиеттер арқылы қол астындағыларға деген ықыласы ерекше болуы қажет.

Басшылық кешірімшіл болуы тиіс. Әрбір мәселеге түсіністікпен қарауға тура келеді. Егер басшы басшылығын әділ жүргізе алмаса, қол астындағы жандарға қарайласпаса Хақ Тағаланың құзырында ауыр есеп береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Уа, Аллаһым! Үмбетімнің басшылығын өз мойнына алып, қиындық тудырған Сен де қиындық тудыр! Үбетімнің басшылығын өз мойнына алып, жұмсақтық (жеңілдік) танытқанға, Сен де жұмсақтық таныт!» - деп дұға еткен болатын. (Мүслім, Имара 19).

Басшы, әрдайым құлшылығын мүлтіксіз жасауы тиіс. Елге есігін айқара ашып, өзімен кездесуді жеңілдеткені жөн. Ал мұқтаждар мен зұлымдыққ, әлідетсіздікке ұшырағандар есігін жапса, өзі мұқтаж күйге түсетін қиямет күнінде оған мейірім есіктері жабылады. Міне осындай басшы Алла Тағаланың күллі махлұқатты мейіріміне бөлеген мейірімінен мақұрым қалады.

Бұл ақиқат жайында төмендегі хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мемлекет басшысы мұқтаждарға, пақырларға есігін жапса, Алла ТАғала жеті қабат көктің есігін, оның мұқтаждығы мен қалауына жауып тастайды». (Имам Тирмизи. Ахкам.).

«Алла Тағала біреуді мұсылмандардың билеушісі етіп тағайындап, ол хылықтың ісінің жүруіне, мұқтаждықтарының өтелуіне кедергі болса, Алла Тағала оның істерінің жүруіне және мұқтаж болған нәрселерінің өтелуіне кедергі болады». (Әбу Дәуід. Хараж. 12-13/2948).

Бұл дүние тек пәни ләззат атаулыны татып, нәпсінің айдауына еру үшін жаратылмаған. Керісінше ақырет азығын жинау, игі істер істеу, сауабы үзілмейтін садақа-жария қалдыру үшін берілген мерзім болып табылады. Ұлы әулиелер: «О дүниенің бақыты үшін, қаншама машақатқа түссең, соңында машақат бітіп, бақытқа қол жеткізесің. Ал пәни ләззат үшін күнә істесең, соңында ләззаты кетіп, қайғыысы мен жазасы қалады», - дейді.  Бұл өсиеттің қадірін тек басшылар ғана емес, әрбір мұсылман баласы түсінуі қажет.

Басшы басшылығын өз пайдасына жаратпауы тиіс.  Халықтың мұқтаждығын өтеумен айналысып, сауап алу үшін күш салуы керек.

Басшы өзінің жауапкершілігіне кіретін нашар тұратын пақыр кісілердің хал-жағдайынан хабардар болуы тиіс. Олар жайлы сұрастырып тұруды өз міндетіне айналдыруы қажет. Өйткені халықтың көңілін табу, Алла Тағаланың разылығына қол жеткізуге себепкер болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сапар шеккенде сахабаларының соңынан жүріп отыратын. Керіде қалып кеткендерге қол ұшын беретін. Олардың өзінің көлігіне мінгестіретін. Оларға дұға ететін. (Әбу Дәуід. Жиһад. 94/2639).

Хәзіреті Омар (р.а.) Медине көшелерін аралап жүретін. Қала сыртына да шығып, ел жағдайын бақылайтын. Тіпті өзге қалаларға сапар шегіп, халықтың жағдайын сұрастыратын. Мұқтаж болған нәрселері болса, қамтамасыз етуге күш салатын...

Хузайфа (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Бір күні Әзіреті Омарға бардым. Үйінде кереуеттің үстінде өз-өзімен сөйлесіп, мұңайып отырғанын көрдім. Жанына барып:

- Уа, мүміндердің әміршісі! Сенің жаныңа батқан не нәрсе?» - дедім. ОЛ:

- Мынау, - деп қолына ишарат етті. Онысымен биліктің басында жүріп жаңылыс бір әрекет жасаудан қорқатындығын білдірмекші болды.

- Мен: «Осы ма жаныңа батып жүрген нәрс? Уаллаһи, қаре әрекет жасасаң сені түзейміз», - дедім.

- Ол: «Одан басқа тәңір жоқ болған Алла үшін, мені жаңылыс әрекет жасасам шынымен мені түзейсіңдер ме? – деп сұрады.

- Мен: «Одан басқа тәңір жоқ болған Алла үшін, сенің жаңылыс әрекет жасағаныңды көрсек, міндетті түрде түзейміз!» - деп жауап бердім. Сонда ол:

- «Мен жаңылыс әрекет жасағанымда, сендердің араларыңнан Мұхаммедтің (с.а.у.) сахабаларының арасынан мені түзейтін адамдар жаратқан Аллаға мадақ болсын», - деді. (Ибн Әби Шәйбә: Мұсаннаф. 8, 154).

«Өркениет Шыңындағы Жауһарлар».

0 пікір