Бұқарбай батырды бір сөзбен жеңген молда
Бұқарбай батырды бір сөзбен жеңген молда
5 жыл бұрын 4069
Қанат ЖҰМАҒҰЛ, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, дінтанушы

Адам баласын әуелі топырақтан, сосын бір тамшы «судан» жаратқан, суды біздерге сусын етіп ырыздық еткен Аллаға сансыз мадақтар болсын! Иісі мұсылманға сумен тазалануды құлшылық ретінде бекітіп берген Алланың ардақты елшісі Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болғай! 

Жаратушы Хақ Тағала адамзатты бір тамшы судан жаратып қана қоймай, бойымыздағы судың құрамын өзге заттардан басым еткені баршаға мәлім. Ғалымдардың зерттеуінше, адам ағзасының 65-70 пайызы судан тұрады екен. Тіпті жер шарының басым бөлігі мұхиттардан құралады. Жер шарындағы сулардың тек 3 пайызы ғана ішуге жарамды тұщы су, ал 97 пайызы ащы су.

Бүгінгі күнде тұщы су тапшылығы ХХІ ғасырдың он жаһан­дық қатерінің қатарына еніп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, дүниежүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын әртүрлі дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы бүкiл әлемнiң бас ауруына айналып барады. Сондықтан болар Біріккен Ұлттар Ұйымы ХХІ ғасырды «тұщы су дәуірі» деп жариялады.
Су – тіршілік көзі. Алла Тағала Құран кәрімде: «Біз әр тірі болмысты судан жасадық. Олар сенбейді ме?» (Әнбия сүресі, 30-аят) десе, тағы бір аятта: «Алла әр жандыны судан жаратты. Сонда кейбіреуі бауырымен жорғалайды, кейбіреулері екі аяғымен жүреді және кейбіреуі төрт аяқтап жүреді. Алла қалағанын жаратады. Рас, Алланың әр нәрсеге толық күші жетуші» («Нұр» сүресі, 45-аят) деп тарқатады. Халқымыз: «Судың да сұрауы бар» деп су қадірін ертеден білген. Осы орайда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі қаншалықты орынды айтылған десеңізші.

Бірде сахаба Сағд ибн Әби Уаққас дәрет алып жатқан кезінде пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның қасынан өтіп бара жатып: «Ей, Сағд, бұл ысырапшылдығыңа жол болсын» дейді. Сағд: «Дәрет алуда да ысырапшылдық болуы мүмкін бе?» деп сұрайды. Сонда Алланың ардақты Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, тіпті ағып тұрған өзеннің үстінде тұрсаң да, ысырапқа жол берме» депті. 

Кең байтақ даламызда «Ақбұлақ», «Мыңбұлақ», «Ақсуат», «Қарабұлақ», «Ақсу» деп сумен байланысты аталатын елді мекендердің көптігі соның айғағы. Бабаларымыздан: «Алыстағы апаннан алдыңдағы құдық қайырлы» деген қанатты сөз қалған. Бұның барлығы су қадірін аңғартса керек.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді халқымыз. Құдық қазудың сауабының мол екендігі жайлы келесі хадис­те баян етіледі. Имам әл-Баззар өзінің «әл-Муснад» кітабында сахаба Әнас ибн Маликтің мына сөзін жеткізеді: «Пенде о дүниелік болып, қабір әлемінде болған кезде сауабы өзіне келіп тұратын жеті амал бар: ілім оқытса, арық ағызса, құдық қазса, құрма ексе (кез келген жеміс талын ексе де. – Автор.), мешіт салса, Құран кітабын мұра етіп қалдырса, қайтыс болғаннан кейін артынан күнәсінің кешірілуін тілеп тұратын ұрпақ қалдырса». Демек, хадисте айтылғандай, құдық қазудың сауабы бақилық болған кездің өзінде де адамға барып тұратын игі амал екен.

Құдықтың мән-маңызы туралы және жігіттің мәрттігі төңірегінде төл тарихымызда орын алған мына бір оқиғаның ғибраты өте мол.

Табын Бұқарбай батыр өзінің әскерімен келе жатады. Сол кезде алдынан бір-екі құдық шығады. Сол құдықтың басына біраз күн отырып қалған екен. Ал ол құдықтың иесі бір жас жігіт сол құдықтың суын сатып күнелтіп жүреді. Анау Кенесарының батыры­ Бұқарбай батыр ғой. Мысынан сескеніп, бағанағы жас жігіт өзінің құдығына бара алмай қалыпты. Содан әлгі жігіт «Құдығымды тартып алды ғой мына Бұқарбай ­батыр» деп, көрші ауылдағы ғұлама-ғалым, ақсақал Молда Қисық дегенге барыпты. «Ал, молдеке, Бұқарбайды елден үстем батыр қылып жаратқан болса, Алла жаратты. Ал мені елден жарлы қылып жаратқан болса, мені де Алла жаратты. Мен Алланың пендесімін ғой. Анау құдығымды алып беріңіз» депті. Сол кезде Молда Қисық ақсақал: «Ей, шырағым, отыр! Ас-су іш» деп, қасына отырғызып, қымызын беріп, бір аппақ қағазды алып, соған бір жазу жазып, бүктеп-бүктеп: «Мә, мынаны Бұқарбай батырға бер» деп қолына ұстатқан екен.
Жас жігіт батырдың ордасына келеді. Күзетшілерден рұқсат сұрайды да, ордаға кіріп: «Уа, батыреке! Мынаны сізге Молда Қисық ақсақал беріп жіберді» дейді. Бұқарбай батыр хатты ашып, оқып отырып: «Ау, әттеген-ай, болмаған екен ғой, болмаған екен ғой. Жігіттер, орданы жығыңдар, көшеміз» деп, әлгі жас жігітке «Шырағым, астымдағы қара күрең саған, анау тұрған ертоқымымен бірге, ат тоным айыбым ретінде үстімдегі ішігім сенікі болсын» деп, ішігін бағанағы жігіттің үстіне жапқан екен.
Сонда әлгі бір жапырақ қағазға Молда Қисық мынадай сөз жазыпты: «Текті адам тек жүреді, текелі киік жөн жүреді». Оның астарында «Ей, сен үш жүзді басқарған Кенесары ханның текті Бұқарбай батыры емессің бе? Сенің анау жарлының құдығында нең бар? Сен көшетін жерің мен қонатың жеріңді ұмытқаның ба?» деген үлкен мән жатыр.
Қарт тарих сыр шерткен бұл оқиғадан құдық суының құнын ұққан болдық. Ал енді осы құдықтың суына зәру ­болып отырған әлемде көп ел бар. Өзге елдерді айтпағанның өзінде, Қазақстанның біраз аймақтарында ауыз суға зәру елді мекендер әлі де баршылық. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішер» демекші, ауыз суы жоқ елді мекенде халықтың игілігіне арнап құдық қазу – өте сауапты амал. Осынау бір қайырымды істен құр алақан қалмайық, ағайын.

0 пікір