"Егер саудагерде мына үш ерекшелік болмаса, екі дүниеде де оңбайды"
"Егер саудагерде мына үш ерекшелік болмаса, екі дүниеде де оңбайды"
2 жыл бұрын 9337

Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай деген:

«Кейбір дана кісілер айтқан екен: «Саудагер адамда мына үш ерекшелік болмаса, екі дүниеде де оңбайды. Ол үш сипаттың:

Біріншісі – өтіріктен, бос сөзден және ант су ішуден таза Тіл;

Екіншісі – қулықтан, қиянаттан және көреалмаушылықтан ада Жүрек;

Үшіншісі – жұма намазын қалдырмайтын, жамағаттан бөлінбейтін, ілім-білім оқуды доғармайтын және Алла ризалығын өзгенің ризалығынан үстем көретін Болмыс».

Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди былай дейді:

«Кім тапқан табысының адал болуын қаласа, мына бес нәрсеге мұқият болуы тиіс:

Біріншісі – Кәсібі үшін Алланың парыздарының бірін кешіктірмеу және оның бірін де кем орындамау.

Екіншісі – Кәсібі үшін Алланың жаратылыстарының бірін ренжітпеу.

Үшіншісі – Кәсіп жасаудағы басты мақсаты – құр дүние жиып, бай болу емес, өзін және жанұясын елге қол жайдырмай, абыройын сақтау болу.

Төртіншісі – Кәсіпке түбегейлі берілмеу.

Бесіншісі – Ризық-несібенің кәсіптен емес, Алладан деп біліп, кәсіптің тек себеп екендігін ұғыну».

Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Кәсіптің ең жақсысы қайсы?» - деп сұраған кезде, Ол (с.а.у.): «Кәсіптің ең жақсысы – кісінің өз қолымен істеген ісі (немесе маңдай терімен істеген ісі) және күмән мен қиянат араласпаған сауда» - деп жауап берген екен. (Имам Ахмед: «Мүснәд»).

Тәбиғин Қатәда былай деген:

«Шыншыл саудагер қиямет күні Аршының көлеңкесінде тұрады»1


 (Осыған мағыналас риуаят Имам Тирмизидің «сүнәнінда» келтірілген). Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин», 341-344 б.

0 пікір