Ислам бойынша телефонмен сөйлесу әдебі
Ислам бойынша телефонмен сөйлесу әдебі
7 жыл бұрын 6547 mazhab.kz
Думан САЙФУЛЛИН

Ислам - барлық нәрсені қамтыған, әр уақытқа жарамды, ғылым мен өркениетке шақыратын дін. Ғылым мен техника дамыған сайын адамзат Исламның құндылықтарын ұғына түсері ақиқат. Қазіргі кездің ғылыми жетістіктерінің бірі ретінде күнделікті пайдаланып жүрген ұялы телефонымызды айтсақ болады. Біздердің қанша уақытымызды үнемдеп, алыс жерлерден хабар алғызып, басқа да көптеген маңызды мәселелеріміз осы ұялы телефон арқылы өз шешімін тауып жатады.

Дінімізде әр нәрсенің өзіндік әдебі бар екендігі белгілі. Сол үшін де Ислам ғалымдары Құран аятттары мен Пайғанбарымыздың (с.а.у.) хадистеріне сүйене отырып, ұялы телефонға қатысты бірқатар әдептерді көрсеткен. Ұялы телефон күнделікті өмірде кеңінен қолдынысқа ие болғандықтан, мұсылман қауымы осы әдептермен танысқандығын жөн көріп отырмыз.

1. Мезгілсіз уақытта қоңырау шалмау

Құранда мынадай аят келеді: «Әй мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер әрі ер жетпеген балаларың, осы үш мезгілде рұқсат сұрап кірсін: таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен уақытта және құптан намазынан кейін. Сендер үшін осы үшеуі ұялатын мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де, оларға да айып емес»[1].

Бұл ретте қоңырау шалу зиярат жасаумен салыстырылады. Тым кеш, не ерте, сол сияқты түскі демалыс уақыттарында зәру жағдай болмаса зиярат жасалмайтындығы сияқты, өте шұғыл мәселе болмаса бұл уақыттарда қоңырау шалмаған жақсырақ. Өйткені, олай істеу басқаларды мазалауы мүмкін.

2. Телефонды көтермеген жағдайда қайта-қайта қоңыраулатпау

Қоңырау шалушы адам қоңырауына жауап берілмеген жағдайда қайта-қайта телефон соғуы жөн көрілмейді. Себебі ол адам намаз, жиналыс сияқты маңызды шаруа себебінен телефонына жауап бере алмауы мүмкін. Бұл тұста ең жақсысы үш мәртеден артық қоңырау шалмау. Өйткені әз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде рұқсат үш мәрте сұралатындығы айтылған. Алла елшісі (с.а.у.): «Қайсыбірің кіруге үш рет рұқсат сұрағандарыңда рұқсат берілмесе, ол адам кері қайтсын»[2], – деп айтқан. Ендеше қоңырау шалғанда жауап берілмесе, үш мәртеден артық шалмаған дұрыс.

3. Әңгімені сәлеммен бастау

Телефон құлағын көтергенде сәлемдеспестен әңгімені бастап кету әдептілікке жатпайды. «Сәлем - сөздің атасы» деп айтылғанындай қоңырау шалынғаннан кейін бірден сәлем беріледі. Бұған қатысты Қалида бин аль-Хаблден (р.а.) мынадай хадис жеткен:

«Бірде мен Пайғамбарға (с.а.у.) сәлем берместен әрі рұқсат сұрамай кірдім, сонда ол (с.а.у.) маған: «Орал да: «Сендерге сәлем болсын, кіруге рұқсат па?», – де», – деді» [3].  Үйге кіруші адам бірінші болып үй иесіне сәлем беретіндігі сияқты, қоңырау шалушы адам да бірінші болып сәлем береді.

4. Қоңырау шалушы өзін таныстыру

Қоңырау шалушы адам сәлем бергеннен кейін өз есімін атап таныстыруы әдептіліктен. Жабир (р.а.) атты сахабадан мынадай хадис жеткен. «Бірде мен Алла елшісіне  (с.а.у.) келдім де, есігін қақтым. Ол: «Бұл кім?» – деп сұрады. Мен болсам: «Менмін», – деп жауап бердім. Сонда ол (с.а.у.): «Менмін, менмін», – деп менің берген жауабымды жақтырмаған адамның кейпімен қайталаған сияқты болды»[4].

5. Зәру жағдай болмаса әңгімені тым ұзартпау

Мұсылман адам бос уақытын бағалап, оны жақсы амалдарға сарп етуге тырысқаны жөн. Ал енді телефонның құлағын ұстап алып, бос әңгімелер айтып соның салдарынан алтыннан қымбат уақытын зая кетіру - мұсылман адамға жараспайтын іс. Уақыт адамның негізгі капиталы болғандықтан, оны адам тек жақсы іске жұмсауы керек. Хадисте де уақытты бос өткізген адамдар жайында былай делінеді: «Көп адамдар бағалай алмайтын екі нығмет бар. Ол – денсаулық пен бос уақыт» [5].

Сол үшін телефонды уақыт өткізудің құралы деп тану дұрыс емес. Әсіресе жалпыға ортақ етіліп көшеде орнатылған телефондарда бос сөз айтып басқаларды тостырып қоюдан мүлде сақ болу қажет. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Мұсылман деп, оның тілінен және қолынан басқа мұсылмандар зиян көрмеген адамды айтамыз»[6], – деп айтқан.

6. Қоңырау шалушы  сөзді бірінші болып аяқтау

 

 Бұл тұс та зиярат жасаушыға ұқсатылады. «Кел демек бар, кет демек жоқ» делінгендей, телефон шалынған адам бірінші болып тұтқаны қоюға ыңғайсыздануы мүмкін. Сол үшінде қоңырау шалушы телефон шалудағы мәселесін айтып бітсе, бірінші болып сөзді өзі аяқтап, тұтқаны қойған жөн.

Онда да телефонның тұтқасын бірден тастай салмай, сөз басында сәлемдесумен бастағандығы сияқты, сөз соңында да амандық тілеп барып тұтқаны қою қажет. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисінде: «Егер біреулерің жиынға келсеңдер, сәлемдессін. Егер қайтатын болса да сәлемдессін. Біріншінің соңғысынан (сәлемнің) ешбір артықшылығы жоқ», - деп айтылған [7].

7. Телефон соғылғанда жауапсыз тастап қоймау

Телефонға қоңырау шалынатын болса, еш себепсіз жауап бермей тастап қою дұрыс болмайды. Өйткені қоңырау шалушы жәрдемге, көмекке мұқтаж не маңызды хабарды жеткізу сияқты тағы басқа шұғыл мәселемен хабарласқан болуы әбден мүмкін. Жоғарыда қоңырау шалуды үйге кіруге рұқсат сұраумен салыстырғанымыздай, телефонға қоңырау шалынғанда жауапсыз қалдыру, үйіне әлдебір жақыны келіп есік қаққанда үй ішінде отырып үндемеген адамның жағдайына тең.

8. Қоңырау дауысына жаман мағынадағы әуендерді қоймау

Қоңырау дауысына жаман мағыныға ие әуендер, әйел адамның сыңсыған дауысы, адамды еліктіретін әндерді қоймауы қажет. Мұсылман адам үшін қоңырау шалынып жатқандығын білдіретін қарапайым белгі болса жетерлік. Сонымен қатар Құран аяттарын да қоймаған жөн. Өйткені ондай жағдайда, қоңырау шалғанда Құран оқылып, қоңырау тоқтатылғанда көбіне аят бел ортасынан үзіліп қалып жатады. Кейде дәретхана сынды лас жерлерде әлдебіреу қоңырау шалып, Құран аяты оқылып жатса, тағы дұрыс болмайды.  Бұл Алла Тағаланың кітабына деген құрметсіздік болып табылады.

9. Әйел адам ер адаммен сөйлескенде дауысын бір қалыпты ұстау

Кей әйелдер ер адаммен сөйлескенде дауысын құбылтып, өзгертіп, әсемдеп жатады. Әсіресе бизнес саласында мұны «имидж» деп танитындар да бар. Психолог ғалымдар ер адам әйел адаммен сөйлескенде  сөздің мағынасынан бұрын оның дауыс ырғағын бірінші қабылдайтынын айтады. Бұның арты жаман ойға алып келетіндігі шындық. Шариғатымызда әйел адамның мұндай дауыс құбылтып сөйлеуі дұрыс деп танылмайды. Құранда Алла Тағала: «Әй Пайғамбардың әйелдері! Сендер әйелдерден әлдебіреу сияқты емессіңдер. Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер. Онда жүрегінде дерті бар әлдекім үміттенеді. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер»[8].  Бұл аяттар Пайғамбарымыздың жұбайларына айтылғанымен, аяттағы үкімдер барша мұсылман әйелдеріне қатысты болмақ. Сол үшін телефонмен сөйлескенде мұсылман әйел өзінің күнделікті табиғи дауысымен сөйлегені дұрыс.

10. Мешітке кірерде ұялы телефонды сөндіру

Мешітке құлшылық ниетімен келген басқа мұсылмандардың құлшылығында, намаздарында, зікірлерінде ықылас танытуға кедергі келтірмес үшін мешітке кіргенде ұялы телефонды толықтай сөндіріп қою қажет. Толықтай деп отырғанымыз кей адамдар мешітке кіргенде ұялы телефонның дауысын ғана сөндіріп қойып, намаз уақытында оның ызыңы (вибрациясы) естіліп тұрады. Бұл да басқа мұсылмандарға кедергі жасайтыны сөзсіз. Сол сияқты сабақ уақытында немесе «ұялы телефоныңызды сөндіріп қойыңыз» деп жазылған кей жерлерде ұялы телефонды сөндіру әдептіліктен деп танылады.

 

 

[1] «Нұр» сүресі, 58-аят.

[2] Бұхари (6245), Муслим (2153);

[3] Әбу Дауд (5176), Тирмизи (14999), Ахмад (2710);

[4] Бұхари (6250), Муслим (2155);

[5] Бұхари (6049), Ибн Мажа  (4170), Ахмад (2381), Тирмизи (2304), Байхақи (6760);

[6] Бұхари (10), Муслим (40), Ахмад (6714),  Насаи (4996),  Әбу Дауд (2481), Ад-Дарими (2716);

[7] Бұхари (4418).

[8] «Ахзап» сүресі,  32- аят;

0 пікір