Исламда адамдарға көркем тілмен сөз сөйлеудің әрі адамдарға жылы жүзбен қараудың маңызы жайында
Исламда адамдарға көркем тілмен сөз сөйлеудің әрі адамдарға жылы жүзбен қараудың маңызы жайында
3 жыл бұрын 6615

Көркем сөзді болу мұстахаб, ұнамды нәрсе. Сондай-ақ, адамдарға жылы жүзді болу да мұстахаб.

Алла  Тағала Құран Кәрімде былай деген:

«(Мұхаммед!) Мүміндерге қанатыңды аш!» («Хижр» сүресі, 88).

Тағы бір аятта былай делінеді:

«Егер, дөрекі әрі қатты жүректі болсаң, айналаңнан олар (мұсылмандар) тарап кетеді...».(«Әли имрон» сүресі, 159 аят).

Сахаба Ади ибн Хәтим (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Тозақ отынан жарты құрма садақа беріп болса да сақтаныңдар! Оны да таба алмаған кісі көркем сөз сөйлеумен өзін тозақтан сақтасын». («Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім»).

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисті Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға көркем тілмен сөз сөйлеудің садақа бергенмен бірдей саналатындығы жайында былай деп бұйырған:

«Көркем сөз – садақа!». («Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім»).

Әбу Зәрр әл-Ғифәри (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді:

«Жақсы нәрсенің ешбірін қор көрмеңдер (төмен санамаңдар). Тіпті, дін бауырыңа күлімсіреп (жылы жүзбен) қараудың өзін (болмас нәрсе деп санама)». («Сахих Мүслім»).

Сахаба Әнәс ибн Мәлик айтады:

«Пайғамбар (с.а.у.) бір сөз айтатын болса, түсінікті болғанға дейін оны үш рет қайталайтын. Және де бір жамағатқа келсе, оларға сәлем бергенде үш рет қайталап сәлем беретін». («Сахих Бұхари»).

Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзінің анықтығы жөнінде былай деген:

«Алла елшісінің (с.а.у.) сөйлеген сөзі ашық-анық болатын. Естіген адам бірден ұғатын». (Әбу Дәуід: «Сүнән»).   

А. Қасым.


[1] Имам ән-Нәуәуи: «Риядус салихин». Бәбу истихбәби Тойибиль Кәләм...

0 пікір