Жасыл шұлық дауы немесе дініміз бұл туралы не дейді?
Жасыл шұлық дауы немесе дініміз бұл туралы не дейді?
5 жыл бұрын 4726 aikyn.kz
Жадыра АҚҚАЙЫР

Бала кезден бері миыма сыймай жүрген жайт көп еді. Соның бірі – көк түс. Әкем өрісте жайылып жүрген көк бұзауды енесі келмей тұрып қораға қамап қойғызатын. Маған салса, бұзауым көк емес, ақ сияқты. Анам қаймағынан айырылған сүтті көк дейтін. Маған салса, оның түсі ақ секілді көрінетін. Ақ пен көктің аражігін ажырата алмай жүргенде, әжем одан бетер шатастырады. Аулада жуа өсетін. «Жәдөш, тамаққа қосуға көк жуа жұлып әкелші» дейді. Түсіне қараймын, ешқандай да көк емес – жасыл. Барлығына көк түсті тели бергені несі деп таңмын.

Түс демекші, біраз уақыт бұрын жасыл балауыз жағып, байып кетуді үйрететін техника шыққан еді. Біршама талқы жасалып, енді тыншығандай болғанбыз. Күні кеше жасыл шұлықтың жыры басталды. Жанар Байсемізованің инстаграм желі­сіндегі жеке парақшасындағы жазба­сы­нан үзіндіге көз салыңыз: «Аса мәртебелі оқырмандарым, қабылдай алсаңыздар айтайын #жасылнәски туралы. Жалпы, жасыл түстің долларға пайдаланылуы тегін емес. Белгілі бір топтағылар ұзақ уақыт бойы құпия ақпараттарды жария қылмай, жасы­рып келді. Барлық адам байып кетсе, кім қара жұмыс істейді? Ұзын сөздің қыс­қа­сы, эзотерика іліміне сәйкес, қарыз­дан құтылғыңыз келсе, жасыл нәски киіп жүрі­ңіз. Ешкімді сүйе алмасаңыз, жасыл май­ка киіп жүріңіз. Жұмысқа тұра алма­са­ңыз да, гардеробта жасыл түсті көбей­тіңіз. Омыртқа ауырса, белге жасыл жіп байлауға болады екен. Мұны әлі жасап көр­медім. Сонымен, #жасылданайық, хал­қым! Сынамай-мінемей жасап көріңіз. Керемет болып жатсаңыз, бөлісіңіз. Ешнәрсе болмаса, ештеңе етпейді. #Ятутнепричем. «Менің түк қатысым жоқ» деген – сиқырлы сөз. Сол сияқ­ты үйде, түзде сізге қатысты бір қиын­дық туындап қалса, елдер айыптауға көшсе, #меніңтүкқатысымжоқ деңіз де, саспай, беймарал отыра беріңіз. Бәрін істеп жатқан – #Ұлыкүш, #Құдай». Жазбаның соңында 300-ге жуық пікір бар. Жазба иесін жақтағандар да, датта­ған­дар да жеткілікті. Кейбірі бұл іске Құдайды араласты­рмауын өтінсе, енді бірі соңғы ақшасына болсын жасыл шұлық сатып алуға бекінген. Бір байқағанымыз, халықтың психологиясын терең зерттеп алған.

Бизнесін гүлдендіру үшін бүгінгі қазақ мотиваторлары аузынан Алласын тастамайды. «Жасыл түс – асыл дініміздің түсі» дейді. Осы мәселені анықтау үшін бірнеше дін мамандарына хабарластық. «Жасыл түсті исламның түсі дегені жайлы нақты дәлелдер жоқ. Тек Алла елшісінің (с.а.у.) үстінде жасыл шапаны болғаны айтылады. Бұл түске құрметпен қарауға тағы бір себеп: «Инсан» сүресінің 21-аятында «Олардың киімдері жұқа, қалың жасыл жібек, күміс білезіктермен безенген болады» делінген. Бір риуаяттарда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жасыл сәлдесі жайлы айтылған. Ол сәлде бүгінде Стамбұлдағы Топкапы музейінде тұр. Негізінде сүннет бойынша ақ түсті киінген дұрысырақ» дейді елордалық «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай. Сондай-ақ Астанадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Жұманазар Садырхановтың айтуынша, жасыл түсті киімді сүннет ретінде киюге болады. Бірақ ақида мәселесінде сол арқылы табысқа кенелемін деп ойлау – қате пікір. «Жасыл түске қатысты дінімізде біршама аяттар мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде айтылады. Алла Тағала Құранның «Кәһф» сүресінде «Міне, олар үшін астарынан өзендер ағатын Ғадын жәннаты бар. Олар онда алтын білезіктермен безенеді. Олар жұқалы-қалыңды жасыл жібектен киімдер киеді де, онда кереуетке сүйенеді. Нендей жақсы сауап, нендей әлбет жастанатын орын» дейді.

Ғалымдар жасыл түстің исламда орны ерекше екенін айтады. Алла елшісі (с.а.у.) жасыл, ақ және жасыл аралас қызыл түсті киімдерді кигенді ұнатқан екен. Жасыл түсті киім кию – сүннет. Бірақ сол түсті аяқкиім не бас киім деп айтылмаған. Хадисте «жасыл түсті ұзын көйлек» деп келтірген. Сонымен бірге ер адамдардың сары немесе қара түсті киімдерді кигенін құптамағаны айтылатын риуаяттар бар. Енді ел ішінде өріп жүрген тақырыпқа ойыссақ. «Жасыл киім кисеңіз, Алланың берекесі болады» деп жатыр. Бұл – қате пікір. Өйткені біз – мұсылманбыз. Барлық жамандықты да, жақсылықты да бір Алладан деп білеміз. Жасыл кию арқылы байып кетпейміз не кедей болып қалмаймыз. Алла Тағала Құранда «Сендерге көркемдік үшін қыстық және жаздық киімдерді жараттық. Бірақ тақуалық киімдерің одан да қайырлы» дейді. Сол себепті мақсатымыз жасыл киім киіп табысқа жету болмауы тиіс. Ақида мәселесінде қарастырғанда, «жасыл киім арқылы байып кетемін» деп ойлау – қате ұғым. Ол – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетін тірілту емес. Алла байлықты да, басқасын да пендесіне сынақ үшін береді. Ең қарапайым мысал: өмірі жасыл киім кимесе де, ризығы мол ғұмыр кешіп жатқандар бар. Демек, жасыл түсті киім несібемізді арттырмайды» – дейді ол.

Басында түстердің атауына қатысты шатасқаным жайлы айттым. Мен сияқты екіойлы болған Куляна Әли pandaland.kz сайтына көк түске қатысты парадоксты жазыпты. Әжесі былайша түсіндірген екен. «Аспан – көк, шөп – көк, бұзау – көк. Атаңның көзi де тұздай көк. Тәңірден, аспаннан келген жасыл, ақ және көк заттың бәрi де «көк» деп аталады. Ол Құдайдан, Көктен түскен, адамның қолымен ластанбаған деген мағынаны бiлдiредi. Көк түс – қазақтың ежелден келген дiнiнен, тiлiнен қалған мұра. Ал ана жерде жатқан доптарың – жасыл. Өйткенi ол Тәңiрден емес, адамның қолымен боялған».

Түстерге қатысты қазақта ырым-тыйым, жоралғылар да жоқ емес. Мәселен, тұрмысқа жаңа шыққан қыздың ата-анасына кестелі орамал жолдайтыны бар. Сол орамалды қандай түстес жіппен тіксе, жағдайы жайлы айтқаны деп ұққан. Егер орамал қызыл жіппен кестеленсе, оның әке-шешесі бұл хабарға өте қатты қуанып, барған жеріне риза болған. Өйткені қызыл жіп қуанышты, шат көңілді, бейбіт өмірді білдіреді де, ал сары жіп керісінше, уайым-қайғының белгісі болғандықтан, қыздың әке-шешесін сағынып жүргенін білдірген.

«Қарағанды университеті хабаршысына» жарияланған зерттеу мақаладан жасыл түс жайлы біршама ақпарат алдық. «Жасыл түс атауының да түбірін жас деп тануға болады. Мұнда да о бастан заттық не сындық, сипаттық мағына болған. Жас сөзінің бастапқы мағынасы «жаңа шыққан көк, өсімдік, көкөніс» деуге болады. Әзербайжан тілінде йаш – «дымқыл», «сулы», «көк» деген мағына берсе, ұйғыр тілінде көк- яш, қыл-яш деген күрделі сөз құрамындағы «яш» та сол мағынада қолданылады. Н.Қарашева: «Жас» сөзінің жаңадан көгеріп шыққан өсімдікті білдіретін мағынасы жаңа өсіп келе жатқан балаға, одан кісінің өмір сүрген жыл санына ауысқан. Көк өсімдіктің дымқыл, ылғалды болуымен, әсіресе, таңертеңгі шық түскен кездегі күйімен байланысты, бұл сөз «көз жасы» деген ауыспалы мәнге ие болған тәрізді» – деп көрсетеді. Жасыл, көздің жасы, адамның жасы, жаңа өсіп келе жатқан балаға байланысты айтатын жас сөздерінің шығу тегі бір. Гомогенді омоним (гомогенді омоним деп – о бастағы бір сөздің мағыналық дамуы нәтижесінде туындап, арақатынасы алыстап, бара-бара екі сөзге айналып кеткен лексемалар) деп айтуға болады.

Жасыл түске қатысты сауалды психолог мамандарға да жолдадық. Олар түс адамның мінезінен хабар беріп, көңіл-күйіне әсер еткенімен, табыс табу үшін бар болғаны еңбек ету керек деген пікірді алға тартып отыр. «Түстердің адам психологиясына әсер ететінін әлемнің көптеген ғалымдары зерттей келе, мынадай тұжырымға келген: таңдаған түсі арқылы ол кісі туралы көп мәлімет алуға болады. Мысалы, адамның жасы, мәдениеті, білімі, мінезі және өзге де ерекшеліктерін анықтай аламыз. Соның ішінде, жасыл түске тоқталайық. Нумерология бойынша бұл түстің саны – 4. Осы санға кезіккендерге жасыл түспен дос болуға кеңес беріп жатады. Бұл реңк жермен тікелей байланысты. Сондықтан бәрімізге етене жақын. Жасыл түс зат алмасу процесін бәсеңдетіп, тыныштандырады. Мамандар жұмыс бөлмесінде осы түстің көбірек болғаны жөн дейді. Сонымен бірге, жасылды жақсы көретін адамдар өзіне сенімді, басқалардан мақтау күтеді, басқалардан биік тұрғанды қалайды, тәкаппар келеді. Жаныңыз қиналып, күйзелгенде яки ауырғанда табиғат аясына шығып, жасыл желегі мол жерге барсаңыз, бойыңыз тыншиды яғни, бұл түстің емі бар. Енді жасыл шұлық пен балауызға келер болсақ, ол арқылы табыс табу – дұрыс ұғым емес. Түс арқылы емдеуге болғанымен, пайда көзі бола алмайды. Кез келген жерде мол табысқа кенелу үшін еңбек ету керек. Жасыл балауыз жағып, жасыл киім кигеннен байып кетпейсіз. Түс бізге мәліметтерді қабылдауға ғана көмектеседі. Эмоциямызға әсер береді» дейді Айгүл Түзелбайқызы.

Жеке басқа тиісу, табысын көре алмай, жолын кес-кестеу – мақсатымыз емес. Бар болғаны бүгінгі қоғамда белең алған мәселені байыптап, талдау. Терең білім мен қажырлы еңбек арқылы мол пайдаға кенелуге шақырса, мәселе бөлек. Шрек түстес киімді шырттай боп кигеннен, несібе молаймайды. Соңына жұртты ертуді қолға алса, жауапкершілікті де мойынға ілсе екен. «Я тут не причем» мұндайда жүрмеуі тиіс. Тірнектеп жиған тиынын сарп етіп, барлық ой-назарын ақшаға бағыттағанмен, тегін ірімшік тек тышқан аулайтын жерде ғана екенін ескерсе керек-ті. 

 

0 пікір