Жеңіс пен Үстемдіктің кілті — Мұсылманның бірлігі мен бауырластығы
Жеңіс пен Үстемдіктің кілті — Мұсылманның бірлігі мен бауырластығы
2 сағат бұрын 101 islam.kz/

Уа, жамағат! Ардақты ағайын!

Мұсылман үмбетінің қатар түзеп, іргесінің сөгілмеуіне, берекесі мен айбынының артуына негіз болатын ең ұлық қағида — шынайы бауырластық пен өзара сүйіспеншілік. Бауырластық — ол адамның ойлап тапқан айласы емес, ол — Алла Тағаланың Өзіне ықыласпен бет бұрған, тақуа құлдарының жүрегіне ұялататын иләһи сыйы.

Хақ Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Егер олар сені алдағысы келсе, саған Алла жеткілікті. Ол сені Өз жәрдемімен және мұсылмандармен қолдады. Олардың жүректерін біріктірді. Егер сен жер бетіндегі барлық нәрсені жұмсасаң да, олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла оларды біріктірді. Расында, Ол — өте Үстем, аса Дана» («Әнфал» сүресі, 62-63 аяттар).

Бұл бауырластық — тек құр сөз емес, бұл — иманның қуаты. Ол адам бойында шынайы сүйіспеншілік, құрмет және сенім ұялатады. Бір құдайға иланған мұсылмандардың арасында мейірім, кешірім, жәрдемдесу және бірін-бірі демеу сияқты асыл қасиеттерді орнықтырады. Өйткені иман мен бауырластық — егіз ұғым. Алла Тағала: «Шын мәнінде, мұсылмандар — бауыр» — деп кесіп айтқан. («Хұжырат» сүресі, 10-аят).

Қадірменді бауырлар! Иманның тәтті дәмін тек бауырын Алла үшін жақсы көрген жан ғана сезеді. Ардақты Пайғамбарымыз (): «Үш нәрсе кімнің бойынан табылса, ол иманның тәттілігін сезеді: Алла мен Оның Елшісін бәрінен артық жақсы көру; бір адамды тек Алла разылығы үшін жақсы көру; отқа тасталуды қалай жек көрсе, күпірлікке қайтуды да солай жек көру», — деген.

Құран Кәрім сахабалардың бейнесін бізге керемет суреттеп береді: «Мұхаммед — Алланың Елшісі. Онымен бірге болғандар кәпірлерге қатал, ал өз араларында тым мейірімді...» («Фатх» сүресі, 29-аят).

Олар — ақиқат жолындағы бауырлар. Бұл бауырластық кез келген қиындықты жеңуге, жауға қарсы тұруға және қоғамды нығайтуға негіз болды. Пайғамбарымыз () Ислам мемлекетінің іргетасын қалағанда, ең бірінші осы бауырластық туын тікті. Оның маңызы мынада:

  • Мемлекеттің тірегі — бірлік: Ешбір ел бірліксіз, өзара қолдаусыз ілгері баса алмайды. Жүректері бірікпеген, ниеттері тоғыспаған топ ешқашан қуатты ұлтқа айнала алмайды. Тек ортақ мақсат пен бауырластық қана мемлекеттің мызғымас негізі болады.

  • Ортақ сенім — басты негіз: Бауырластық болуы үшін, алдымен жүректер бір сенімге байлануы тиіс. Көзқарасы әртүрлі, мақсаты бөлек адамдардың бауырласуы — бос қиял. Сондықтан Пайғамбарымыз () сахабалардың басын дүниемен емес, «Алладан басқа Тәңір жоқ» деген ұлы ақиқатпен біріктірді. Бұл сенім адамдарды нәпсінің құлдығынан құтқарып, бір Аллаға ғана құл болуға, тақуалықпен ғана ерекшеленуге үйретті.

Уа, әлеумет! Кез келген қоғамның жай ғана топтасқан тобырдан айырмашылығы — оның мүшелері арасындағы өзара жәрдем мен тілеулестік. Егер бұл көмек пен қолдау әділдік пен теңдік безбеніне салынбаса, онда ол қоғам — қиянатқа бой алдырған, бағытынан жаңылған қауым.

Мұсылман қоғамы — ырыс пен ризықты бөлісуде әділдікті ту ететін орта. Ал сол әділдіктің бұлжытпай орындалуына не кепіл? Оның ең басты табиғи әрі иләһи кепілі — ауызбіршілік пен бауырластық.

Егер адамдар арасында шынайы мейірім мен бауырластық болмаса, құрғақ заңмен орнатылған «теңдік» пен «әділдік» ешқашан жеміс бермейді. Керісінше, мұндай жасандылық іштарлық пен қастандыққа жол ашады. Ал іштен іріген қоғамда зұлымдық пен озбырлықтың дәні егіледі.

Сондықтан да Ардақты Пайғамбарымыз () Мәдинаға келгенде ең әуелі Мұхажирлер мен Аңсарлар арасында бауырластық келісімін орнатты. Бұл — әлем тарихындағы ең ұлы әлеуметтік жүйенің іргетасы еді. Кейіннен бекітілген барлық шариғи үкімдер мен заңдар осы бауырластық атты құнарлы топырақта өніп шықты. Егер иманға негізделген осы ұлы бауырластық болмағанда, Ислам қоғамы мұндай айбынды күшке айнала алмас еді.

Пайғамбарымыз () орнатқан бұл бауырластық — құр ұран немесе ауыздан шыққан сөз ғана емес, өмірдің әрбір сәтінде көрініс тапқан шынайы іс болды. Сахабалар арасындағы бұл рухани байланыс олардың айбынын асырып, Хақ Тағаланың жәрдеміне ие қылды.

Түйіндей айтқанда: Бауырластықтың қайнар көзі — таза Ислам сенімі мен ақиқат жолы. Бұл — Алланың заңын ұлықтаған үмбеттің бірлігі мен қуатының сыры. Әрине, бірліктің негізі — пайдалы ілім, шынайы ықылас пен Сүннетке еріп қана бекиді. Бірақ соның ішіндегі ең маңыздысы — мұсылмандардың бір-бірін Алла үшін жақсы көрулері, бірін-бірі бауыр санауы.

Мұсылмандардың өзара сүйіспеншілігі мен иманға негізделген бауырластық байланысы — үмбет қуатының құпиясы әрі табыстың алтын кілті.


Али Салаби, islamonline.net (араб тілінен қазақшалаған islam.kz)

 

0 пікір