Жүректегі күнәлар
Жүректегі күнәлар
3 жыл бұрын 14844
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Біліп қойғын, жүректегі жаман сипаттар көп. Ол нәрселердің кеселінен жүректі тазартудың жолы тым ұзақ, ал оны емдеудің шарасы өте терең.

Жүректі құртушы үш жамандық бар. Олар нәпсіден кейінгі барлық жамандықтың анасы. Олар үшеу: Хасад, яғни, көреалмаушылық, рия және өзін-өзі артық санау, яғни тәкәппарлық.

Жүрегіңде хасад (көреалмаушылықтан), риядан және өзін артық көрушіліктен титтей нәрсе бола тұра, ілім іздеудегі ізгі ниетіңмен аман қаламын деп ойлама.

1. Хасад. Көреалмаушылық.

Хасад, яғни, көреалмаушылық – ішітарлықтан, сараңдықтан туындайды. Сараң адам, ол – өзіндегінің өзгеде болуын сараңданатын адам. Яғни, өзгеде болмасын дейтін адам. Ал, іші тар адам – Алланың нығметін өзге адамда болғандығын көре алмайтын адам. Нығмет, несібе – Алланың қазынасындағы нәрсе. Ол оны қалаған пендесіне береді. Құдайдың несібесін қызғану – сараңдықтың ең үлкені.

Хасадшы адам (көре алмайтын, іші тар адам) кісінің білімін, мал-дүниесін, адамдардың оған деген ілтипатын т.б. сол сияқты артықшылықтарын қызғанып, оның одан жойылып кетуін тілеп тұратын кісі. Мейлі ол нығметтердің ешқайсысы өзінде болмаса да. Бұл – жамандықтың шарықтау шегі. Сол себепті, Алла елшісі (ғалейһиссәләм) былай деген: «Хасад (көреалмаушылық, ішітарлық) – бүкіл жақсылығын жеп тауысады, құдды от – отынды жегені (жаққаны) секілді».   

Өзгедегі жақсылықты көре алмайтын іші тар адам өз-өзін жегідей жеп, өлелгенше азап шегіп жүреді. Ақыреттегі азабы – қаттырақ, әрі үлкен.

Мұсылман адам иманның ақиқатын қашан сезеді? Өзіне қалағанын өзге адамдарда да болуын жақсы көргенде ғана, ол иманының ақиқатын ұғынады, сонда ғана иман тәттілігін тата алады.

2. Рия. (Көрер көзге істейтін адам).

Рия – жасырын ширк саналады. Ол – екі ширктің бірі. Рия деген - адамдардың жүрегінен орын алуды тілеу деген сөз. Сол арқылы биіктерге қол жеткізіп, қошамет көруді қалайды. Атаққұмарлық та нәпсіқұмарлықтан саналады. Мұндай адам, не істесе де адамдар мақтасын, адамдардың қошаметіне қол жеткізейін деп жасайды. Адамдар мені қари десін, ғалым десін, қажы десін деп жасайды. Рияның шырмауында буынып, қаншама адам жоқ болды. Рия үшін жасалған істің Алла алдында еш құны жоқ.

3. Өзін артық көру, тәкәппарлану, мақтаншақтық.

Өзін артық көріп, тәкәппарлану – жазылмайтын ауру. Тәкәппарлық деген, өзіне ұлылық және биіктік назарымен қарап, ал өзгеге қорлық және төмен санаушылық назарымен қарау. Тәкәппарлығының көрінісі тілінде байқалады, ол Ібіліс секілді «мен, мен» дейді де тұрады. Тәкәппар адам – біреу уағыз айтса жақтырмайтын, өзі уағыз айтқанда қатты айтатын адам. Сондай-ақ, кім өзін Алланың жаратылыстарынан артық санаса, сол – тәкәппар адам.

Саған мынаны білу керек: Шынайы жақсылық – ақыреттегі, Алланың жанындағы жақсылық. Бірақ, ол ғайыб нәрсе, яғни, бізге белгісіз. Ақыреттегі жақсылыққа қол жеткізуіміз не жеткізбеуіміз соңымызға байланысты. Ал, өзіңді өзгеден артықпын деп сену - анық надандық.

Жүрегіңнен тәкәппарлықты шығарудың жолы: нағыз биіктік – Алланың құзырындағы биіктік екендігін білуің. Алланың құзырындағы дәрежеге қол жеткізу - соңымызға байланысты. Қалай өлетініміз бізге белгісіз. Сондықтан да, Алланың пенделерін төмен санап, өзіңді олардан биік көруден гөрі, соңым не болады деп, басыңды сол нәрсеге қатырғаның артық...

"Бидәятуль һидая" атты кітаптан. 
Ықшамдап аударып, дайындаған: Абдусамат Қасым

0 пікір