Мал бауыздағанда не нәрсеге мұқият болған жөн?
Мал бауыздағанда не нәрсеге мұқият болған жөн?
6 жыл бұрын 7635
Құдайберді БАҒАШАР

Еті жеуге жарайтын құрлық хайуандары қолға үйретілген үй жануарлары және оңай қолға түспейтін жабайы аңдар болып екіге бөлінеді. Бірінші топтағыларды бауыздауда діни тұрғыдан бірқатар талаптар сақталуы шарт:

1. Бауыздау малдың тамақ тұсын кесіп қанын ағызатын өткір құралмен жүзеге асырылуға тиіс. Бұған темір, ағаш немесе тастан жасалған құралдар жарамды. Пайғамбарымыздың Адий ибн Хатимге: «Қанды қалаған нәрсеңмен ағыз және Алланың атын ата!», – дегені осыған дәлел.

2. Бауыздалған малдың алқымы, яғни өңеші, кеңірдегі және мұның екі жағындағы күре тамырлар кесілуі керек. Ханафилерде аталғандардың үшеуінің кесілгені жеткілікті саналады. Мал ыңғайсыз құлап немесе қолға түспей қашып, бауыздау мүмкін болмаса, оның кез-келген мүшесінен қан ағызу бауыздаудың орнына жүреді. Пайғамбарымыздың заманында қашып жеткізбеген түйені оқпен атып алған екен. Алла елшісі осыны құптаған әрі мұндай жағдайларда дәл осылай істеуді бұйырған.

Тауық секілді құстарды бауыздаған соң қауырсынын жұлу оңай болуы үшін денесі ыстық суға батырылса, тауықтың тек терісі былғанады. Ал былғанған теріні жуып тазартып алу тез.

3. Бауыздаған кезде Алладан басқаның атын атамау және одан басқасы үшін құрбан шалмау;

4. Малды бауыздаған кезде Алланың атын айту. «Оның аяттарына (нышандарына) иман еткен болсаңдар Алланың аты ауызға алынған нәрсені ішіп- жеңдер!», «Алланың аты ауызға алынбаған нәрсені жемеңдер!» деген аяттар мен «Қаны ағызылған және бісміллә айтылғанды жеңдер!» деген мағынадағы хадистер осыны міндеттейді.

Бауыздағанда қойылатын талап, малды қинамай тезірек жан тапсыруын қамтамасыз ету. Пайғамбарымыздың малды мүйіз немесе тіс секілді доғал құралдармен союға тыйым салуы, пышақты малдың көзінше қайрап білемеуді тапсыруы жоғарыда аталғандарды меңзейді.

Малды сойған адамның мұсылман немесе әһли кітап болуы шарт. Кітап иесі деп иудейлер мен христиандар секілді негізі хақ болып, жүре келе бұрмаланған дін өкілдерін айтады. Бұлар Исламда әу бастан хақ дінге иланбаған мүшріктер мен пұтқа табынушылардан ерекшеленіп, олардың ас-суы мұсылмандарға халал саналған. «Бүгін сендерге таза және пайдалы нәрселер халал қылынды, кітап иелерінің ас-суы сен- дерге, сендердің тағамдарың оларға халал», – деген аят жалпылама мағынада айтылғандықтан, доңыз, арақ-шарап, өлексе секілді заты харам нәрселерден басқаның бәрі қамтылады.

0 пікір