Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) жұқпалы індет таралған кезде үйден шықпай отыру керектігін бұйырған!
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) жұқпалы індет таралған кезде үйден шықпай отыру керектігін бұйырған!
4 жыл бұрын 12418
Абдусамат Қасым

Қазіргі таңда күн тәртібіндегі тақырып "короновирус" екендігі мәлім. Індеттің таралуының алдын алу жолы карантин болса, карантиннің ең тиімды тәсілі «үйден шықпай отыру» екен. Медицина мамандарымен қоса биліктегілер де жергілікті халықты барынша үйден шықпауға шақыруда. Ең қызығы, тура осы үндеуді осыдан 14 ғасыр бұрын ардақты Алла елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз да (с.а.у.) тастаған.

Мәселен, Имам Ахмедтің «Мүснәд» атты хадистер жинағында мынадай риуаят орын алған. Онда мүміндердің анасы, Пайғамбарымыздың сүйікті жары Айша анамыз (р.а) былай әңгімелейді:

 عَنْ عَائِشَةَ ، أَنَّهَا قَالَتْ : سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنِ الطَّاعُونِ ؟ فَأَخْبَرَنِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : أَنَّهُ كَانَ عَذَابًا يَبْعَثُهُ اللَّهُ عَلَى مَنْ يَشَاءُ ، فَجَعَلَهُ رَحْمَةً لِلْمُؤْمِنِينَ ، فَلَيْسَ مِنْ رَجُلٍ يَقَعُ الطَّاعُونُ ، فَيَمْكُثُ فِي بَيْتِهِ صَابِرًا مُحْتَسِبًا يَعْلَمُ أَنَّهُ لَا يُصِيبُهُ إِلَّا مَا كَتَبَ اللَّهُ لَهُ إِلَّا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِ الشَّهِيدِ

«Мен Алла елшісінен оба індеті жайында сұрадым. Сонда Алла елшісі маған: «Оба індеті Алла Тағаланың қалаған адамына жіберетін азабы болып табылады. Ал, мүміндер үшін Алла оны «жарылқау» қылды (яғни, оба ауруы мүмін үшін Алланың азабы емес, керісінше ол індеттен қайтыс болған жағдайда шейіттік дәрежеге қол жеткізеді). Кімде-кім оба ауруы пайда болған мекенде сабыр сақтап және сауап тілеп, оған тек Алланың жазғаны ғана болатындығын біліп үйінде (шықпай) отырса,  оған міндетті түрде Алла жолында шейіт болғанның сауабы беріледі», - деп түсіндірді дейді Айша анамыз[1].

Хадистен түсінетініміз:

  • Жұқпалы індет адамдарды «дінсіз», «діндар» деп бөліп жармай, Алла кімнің басына салса, соған жұғады (Құдай сақтасын). Бірақ, онысы әлдекімдерге осы дүниеде берілген Алланың азабы болып саналса, мүмін-мұсылмандар үшін «жарылқау» болып есептеледі. Өйткені, ондай індеттен қайтыс болған мүмін шейіттер қатарынан орын алмақ.
  • Мүмін-мұсылман өзінің тұратын елді-мекенінде індет жайылған жағдайда «Жазмыштан озмыш жоқ. Алланың жазғаны ғана болады» деген сеніммен сабырлық танытып, дүрлікпейді. Бірақ, сақтық шараларына да немқұрайлылық танытпайды.
  • Бір жерде жұқпалы індет тараса, ол жерді карантинге алып, сырттан ешкімді кіргізбеу және іштен ешкімді шығармау әдісі қолданылады. Бұл қазіргі таңдағы вирусологтардың, биологтардың және обатанушылардың да айтатын кеңесі. 
  • Әр адам үйінде отырып, барынша сыртқа шықпауға тырысуы керек.
  • Ондай жағдайда үйден шықпай отырғанның сауабы – Алла жолында соғысып шейіт болған адамның сауабымен пара-пар, осы орайда, оның індеттен қайтыс болған болуы шарт емес, індет жұқпай, тірі қалса да сондай сауап беріледі.

Осы тұрғыда, мына бір тарихи оқиғаны да бере кетелік. Әзіреті Омардың халифалығы тұсында, Шам (Сирия) аймағында "Ъимуас Обасы"** деген атпен білінген оба індеті тарай бастайды. Шамдағы біраз халық індеттің кесірінен көз жұмды, соның ішінде Әбу Убайда ибн Жарах, Мұъаз ибн Жәбәл, Язид ибн Әбу Суфиян сынды сахабалар бар еді. Кейін Шам елінің әмірі болып сахаба Амр ибн Ъас тағайындалады. Амр ибн Ъас індеттің адамдар жиналған жерлерде көп тарайтындығын анықтайды да, оның алдын алуының шешімі ретінде халықты тау-тауға шығарып, тарату керек екендігін ойлайды. Ол халықты жинап:  Уа, Халайық! Мына індет егер жайылар болса, оттың жайылғаны сияқты барлық жерге жайылары анық. Сондықтан да, барлығың тау-тауға шығып тарасыңдар", - деп алдымен өзі шығады. Артынан бүкіл халық тауға шығып кетеді. Соның артынша көп ұзамай Шам қаласында індет сап тыйылған екен[2]. Бұл оқиғаның басқа бір нұсқасында Әзіреті Омар Шам жеріндегі жағдайдан хабардар болғаннан кейін,  қаланың әкімі Әбу Ъубайда ибн Жаррах есімді сахабаға: "Әссәләмуғалейкум! Әммә Баъд! Шынында сен халықты терең жерге түсірген екенсің (төмен жерге орналастырғансың). Сен оларды биік жерге шығар!" деп хат жазып жібергендігі айтылады[4]. Аталмыш оқиғадан түсінетініміз: әлдебір індетті тоқтатудың ең тиымды жолы қайсы болса, соны жүзеге асыру керек.


[1] Имам Ахмед: «Мүснәд» - №25585 хадис.
[2] Ибн Кәсир: "әл-Бидәя уән Ниһәя"; Ахмед ибн Ханбәл: "Мүснәд"; әл-Һәйсәми: "Мәжмәъуз зәуәид".
[3] Ибн Кәсир: "әл-Бидәя уән Ниһәя". 
**Ъимуәс (Амвас) - Палестина жерінде орналасқан қалашықтың аты. Әзіреті Омар кезінде оба індеті әуелі осы қаладан шығып, кейін Сирия өңіріне тарайды. Осыдан келіп ол індет "Ъимуәс обасы" ретінде аталып кетеді. Бертін келе "Ъимуәс" қаласы 1967 жылы Израил билігі тарапынан бұзылып, орнына орман егіледі. 

0 пікір