Мұсылман кәсіпкерге тән 7 сипат
Мұсылман кәсіпкерге тән 7 сипат
6 жыл бұрын 3265
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Ислам діні мұсылмандардың жалқауланып «Алма піс, аузыма түс» деп жата бермей, маңдай терін төгіп еңбек етуге, отбасы, ошақ қасының ризық-несібесін іздеуге шақырады. Шақырып қана қоймай, адал ризықтың жөн-жосығын, тәртіп, әдебін де тәптіштеп түсіндіріп береді. Қиямет күніне дейін мұсылман жұртшылығы шариғаттың осындай нұсқаулығымен жүріп-тұратын болады.

Бүгінгі таңда көп адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Мемлекетіміз кәсіпкерлердің өз істерін ашуына ыңғайлы жағдай тудырып отыр. Ислам шариғатында да табыстың негізгі көзі сауда екені айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай дейді: «Ырыстың онда тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда». Міне, қазіргі таңда да осы екі шаруашылықты қолға алып, дөңгелетіп жүрген азаматтар баршылық. Демек, сауда жасау – маңызды кәсіп, тіршіліктің көзі. Десек те сауданың да өзіндік әдебі бар. Соны ұмытпау керек. Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде былай деп пәрмен етеді: «Әй, иман келтіргендер! Мал-мүліктеріңді араларыңда арам жолмен жемеңдер. Егер ол табыс әрбіріңіздің ризашылығымен болған сауда заты болса да» («Ниса» сүресі, 29-аят). Ислам діні келгелі неше ғасыр өтсе де, бұл талап өз күшін жоймағаны хақ. Қиямет күніне дейін де бұл үкім жалғасады. Ал, енді мұсылман кәсіпкер қандай болуға тиіс, сөз ауанын соған қарай бұрайық.

Жақсы саудагерлер жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды. Уәде берсе уәделерінен таймайды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде  орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарызын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды» (Мунзири, әт-Тарғиб уәт-тарһиб, ІІ, 586).

Осы хадисті оқығанда көз алдымызға еліміздегі базарлар мен дүкендерде, дүңгіршектерде неше алуан саудамен айналысып жүрген кәсіпкер жандар келеді. Олардың осы хадис талаптарына сай қаншалық амал етіп жүргендері ойлантады. Аллаға шүкір, имандылыққа сай жұмыс жасап жүрген небір мықты кәсіпкерлер бар. Бірақ әлі де сауданың мұсылмандық талаптарын толық білмейтін саудагерлер де кездесетіні даусыз. Сондықтан аталмыш хадисті әдейі келтіріп отырмыз. Онда жақсы саудагерге мынадай талаптар қойылады: 

  1. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды,
  2. Өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды.
  3. Уәде берсе уәделерінен таймайды,
  4. Сатып алған кезде затты жамандамайды,
  5. Сатқан кезде оны орынсыз мақтамайды,
  6. Қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді.
  7. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды

Аталған жеті талапты барлық кәсіпкерлер мен саудагерлер жақсы біліп, оларды күнделікті жүзеге асыруы тиіс. Мәселен, пайданы көберек табу үшін бір ғана өтірік айту жеткілікті болатын жағдайлар кездесуі ықтимал. Сондай кезде осы ереже есте болғаны жөн. Кейде бір компания өз тұтынушыларына уәде береді. Сол уәделерін бұзбау жақсы кәсіпкердің белгілерінен саналады.

Қазір көптеген қалаларда азық-түлік, жеміс-жидек, көкөністер көтерме саудамен сатылады. Саудагерлер көтерме бағамен алып, даралап сатады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аталмыш талаптары сол кісілерге де тікелей қатысты. Сатып аларда тауарды жамандап, оның бағасын түсірмеу, сатарда оны мақтап, бағасын көтермелеу жақсы саудагерге тән қасиет емес.

Сауда жасау үшін айналымға ақша керек. Міне, сол ақшаны көп адам қарызға алатыны белгілі. Қарызды кешіктірмеу туралы талаптың да өзектілігі осыдан көрінеді. Егер қарызды қайтаруға барынша жеңілдікпен қараудың сауабы мен пайдасы – бөлек әңгіменің тақырыбы. Қорыта айтқанда, кәсіпкерлер мен саудагерлер сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтып кеткен осы талаптарды өмірлік ұстаным ретінде қолданудың маңызы үлкен. Бұл – екі дүние бақытының кепілі. 

 
0 пікір