Мұсылман мен кәпірді айыратын – намаз!
Мұсылман мен кәпірді айыратын – намаз!
1 жыл бұрын 2458

Иман мен имансыздықты, мұсылман мен кәпірді айыратын – намаз. Құлдың пейіштік немесе тозақтық екенін таразылайтын да – намаз. Құран кәрімде:

«Аллаһқа бойұсынған түрде Одан қорқа отырып, намазды орындаңдар. Әрі серік қосушылардан болмаңдар»

– делінген[1].

Аллаһ елшісі (с.а.с.) бұл мәселеге байланысты:

«Пенде мен күпірліктің арасын бөліп тұратын намаздан басқа құлшылық жоқ. Намаздың парыздығын біле тұра, әдейі, ерегесіп оқымаған адам Аллаһ тағалаға серік қосқан болады»[2]

– деген. Мұнан намазды әдейі оқымау, оның парыздығын мойындамау имансыздықтың белгісі екенін білеміз.

Шындығында, намаз – құл мен күпірлікті, жалғыз Аллаһқа бойсұну мен Аллаһқа серік қосудың арасын бөліп тұратын шымылдық тәріздес. Намаздың парыз екенін біле тұра мойындамай, оны жоққа шығарған жан діннен шығады. Басқа бір риуаятта намаз оқымаған кісінің Аллаһтың қамқорлығынан, мейірімінен мақұрым қалатыны айтылған. Хазірет Омар (р.а.) да: «Намаз оқымаған жанның Исламнан үлесі жоқ»[3] – деп, діннің нышаны намаз екенін тайға таңба басқандай өсиеттеп кеткен.

Бұл жағдайға сай Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) Аллаһ елшісінің (с.а.с.):

«Намазсыз пенденің діні жоқ»[4] – деп намазсыздықты дінсіздікпен теңегенін жеткізген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Намаз оқымағанның иманы, дәрет алмағанның намазы дұрыс болмайды»

– деген.

Сондықтан, Аллаһқа иман еткен құл намаз оқиды. Ал иманы бола тұра намазды жалқауланып оқымаса, оның пасық яғни күнәһар болғаны. Кәпір болып саналмайды. Өйткені, ол намаздың парыздығын мойындап тұр. Бірақ, жалқаулығы жар бермей жүр.

Ендеше, намазға ниеттену, намаз оқуға тырысу, намаз оқу секілді амалдар – имандылықтың белгісі. «Намазды бастап алып, тастап кетсем қайтемін?» – деген негізсіз қорқынышпен ғибадатты орындамау шайтанға алданғандық. Ақиқатында ізгі амал иманды арттырады.


[1] «Рум», 31.
[2] Муслим 82; Ибн Мажә 1078.
[3] Муатта, Муснад 225.
[4] Табарани, Мұғжамул – уасит.

Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы, "Намаз - діннің діңгегі".
 
0 пікір