Нанның да бар наласы...
Нанның да бар наласы...
10 жыл бұрын 6278
Мәриям Әбсаттар

Шектен тыс ысырап соңы неге ұласуы мүмкін?

Қасиетті Рамазанда тамақ жайлы айтып, аузы берік жандардың тәбетін ашудан аулақпыз. Керісінше, бір түйір нанның, бір тамшы судың қадірін білуіміз қажеттілігін айтсақ, орынсыз дей қоймассыз.  Қалада тұратын қайсыбіріміз болмасын, таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, үйдегі қоқысты ала кету әдетімізге айналған. Сондай сәттерде қаланың қай бұрышындағы қоқыс жәшігінінің маңайы қалтаға салынған, тіпті кейбірі жерде де шашылып жатқан наннан көрінбейтінін жиі ұшырататын шығарсыз? Осыны көргенде ішім ашиды, себебі әлеуметтік желілерде Жер шарының басқа бір бөлігінде кейбір мұсылман бауырларымыздың сәресі мен ауызашарға түйір нан таппай қиналып жатқаны жайлы деректер өте көп. Ал мына жақта біз... нанды таңдап жеп, қалғанын қоқысқа тастап...

 

«Интернаттың наны» немесе «Күлпашты» оқысақ...

«Ей, Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейтін қазақ қайда қазір?.. Әйтпесе басы­мыздан небір тарих өтпеді емес қой: бір үзім нан түгіл, бір уыс бидайға зар қылған аштықты қазақтай көрген ел жоқ шығар?! Бейімбеттің «Күлпашын» оқыған жан тіпті бүгінгі мынау иттің басына іркіт төгілген заманда отырып та аштықтың қасіретін сезінер еді... Амалсыз байға жал­данып, бір тілім етті қойнына тығып үйде қалған Мақтым мен Қалиына жан ұшыра жүгірген Күлпаштың олардың құшақтасқан күйі қатып қалған мүрделерін көрген сәті денені түршіктіріп жібереді. Мәселе сол «Күлпашты» оқымайтын бол­ғаны ғой бүгін көпшіліктің. Одан да өзге нан қадірін ұқтыратын шығармалар қазақ жазушыларында жетерлік... Мыса­лы, аштық болмай-ақ, бертіндегі заманды бей­­нелейтін Шерхан Мұртазаның «Интер­на­ттың наны» шығармасы қандай?!. Сонда ашқұрсақ интернат оқушыларының тіпті нанды тойып жеуді армандайтынын, сөйтіп, бір баланың түнде ел жатқанда көрпе астына тығылып, ауылдан алып келген таба нанын жеп жататыны... Міне, нан қадірін білгісі келгендер осыны оқыса дейсің... 

 

...тарихымыз нанмен де жазылған...  

Нан тарихы дегеннен шығады, осы тұс­та бір қызық айтайын, Ахмет Тоқтабай есім­ді қазақ жылқысын зерттеп, тұтас бір эн­циклопедия шығарған тарихшы ғалым ағамыздың кітабын оқып отырып, мына­дай жайтқа қанықтым. Ғалым «етке нан салудың өзі қазақтардың Ресейге қосылуы­нан болған жайт, сондай-ақ нан саудасы қазақтарды Ресейдің ықпалына кіргізу жолындағы стратегиялық тауар болды» деген мәліметті алға тартады. Міне қызық, жеп отырған асының жаулап алу құралы екені жайлы кім ойлайды?! Әрине, автор бұл жерде нан өндірісін дамыту мәселесі, қазақтарды көшпенді өмірден отырықшы­лыққа үйрету барысында ол фактордың өзіндік ықпалы болғанын айтып отыр. Бұл, әрине, қазақ оған дейін нанды білген жоқ дегені емес. Десек те, «қазақ бұрын егін сал­мады, жер өңдемеді» деген әңгіме ке­ңес­­тік дәуірде көбірек айтылды ғой. Бірақ осыған тойтарыс беретін бір керемет дәйек Қалба тауынан табылды. Ол – осыдан 5 мың жыл бұрын жер астында қал­­ған тас диірмен. Қаншама дәуірлер бо­­йы жер астында жатқан диірменді ар­хео­­лог­тар тауып алғанда, арасынан тарының дәні табылған. Міне, осы бір ғана көне диір­мен мен тары біздің тарихымызды 5 мың жылға ұзартып, сол тұста біздің ата-бабаларымыздың егінші­лік­пен айналыс­қанын дәлелдеп те берді. Кейінгі кездердегі Северс деген ғалымның жазбаларына қарап отырсақ та, 1700 жыл­дардың өзінде еліміздің Шығыс өңі­рінде бұлақтардың басына қазақтардың та­ры, арпа, сұлы, тіпті бидай да еккені жай­лы деректер келтіреді. Демек, бұл нан­ның қазаққа кірме ас емес екенін дә­лел­десе, екіншіден, егіншілік секілді ша­­руа­­шылықты бізге Кеңес үкіметі үйретпе­генін көрсетеді. Себебі таба нан, күлше нан, бауырсақтың түр-түрін қазақ бағзы заман­нан-ақ жақсы білген, оған оны ешкім де үйретпеген. Әсіресе, еліміздің Шығыс өңі­рінде әлі күнге жақсы сақталған құмалақ­тай ғана, ауызға салып қытырлатып жеп кете беретін дүкендерде қазір Зайсан бауырсағы деп сатып жүрген керемет бауырсақтың түрі. Оның құдіреті – кіп-кіш­кентай ғана бауырсақты жылдап сақ­тасаң да бұзылмайды, қатып тұрады, бірақ ауызға салсаң үгітіледі де кетеді. Соны­сымен де ол бағзыда шайқасқа аттан­ған, бертінде әскерге кеткен азамат­тарға жол­азық­қа таптырмайтын ас болған. 

 

Тоқсан ауыз сөздің... 

Шүкір, бүгінде нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман дей аламыз. Десек те, нан қадірі жайлы бір мезет ойлап қоймасақ, аңның киесі секілді, нанның да киесі бары хақ... Ислам ғалымдары түрлі апаттардың көбеюі осы нанды тастаудың, жалпы, мастанып, ысырапшылдыққа бой алдырғанның кесірі деп айтады... Бұл негізсіз емес, себебі  Қасиетті Құранда «….Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла тағала ысырап қылушыларды сүймейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят) десе, «Исра» сүресінің 27-аятында «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші» – деп, ысырап етудің күнә екендігін, тіпті,  кісіні шайтанға бауыр ететінін ескертеді. Осы жайтты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадистерінде де: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», – дейді. Себебі есеп күні келмей ме? «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар» - делінген «Тәкәсур» сүресінің 8-аятында.

Сөз соңын соғыс кезінде болған жайтты суреттейтін бір шығармамен түйіндесем, көкірегі ояу азаматтың өзі-ақ ұғар ар жағын: Ресейдің бір қаласы жау қоршауында қалады. Бар­лық байланыс үзілген, қала халқы аш. Жа­ңа жыл да келіп қалған еді. Сонда кәдімгі бүгінгі біздің кәмпит толы қалта орнына балаларға бір тілім нанды кәмпиттің қағазына орап, солай сый қылып үлес­тіреді. Міне, бір тілім нанның қадірі деп осыны айтыңыз!.. Ең қызығы, таяуда бір телебағдарламада сол кезді көзбен көрген бір әжей сөйлеп отыр, әлгі сыйға алған нанын жемей, ертеңгі күні ұрпағым нанның қадірін білмей кетсе көрсетейін деп, сақтап қойыпты.

Көзімнен бір тамшы жас үзіліп түсті...

0 пікір