Өткенді еске алып, ондағы жағымсыз жәйіттермен өмір сүру, оны қайта-қайта ойға алып қайғыру – ессіздік. Ол нәрсе – ерік-жігерді жою, қазіргі сәттегі өмірді рәсуа ету болып табылады. Ақыл иелері үшін өткеннің парағы жабылады және қайта ашылмайды. Оның өткені мәңгі ұмыту түрмесіне қамалады. Ол (өткені) мықты арқанмен елемеушілік зынданына байланады да, одан шықпайды. Ол қапасқа қамалып, жарық көрмейді. Себебі ол – өтіп кетті.
Себебі, өткен сәтке қайғыру оны қайтара алмайды, уайым түзей алмайды, күйзеліс дұрыстай алмайды. Қиыншылық оны тірілтпейді. Өйткені ол – жоқ, өтті.
Сондықтан да, өткеннің қаралы көлеңкесінде өмір сүрме. Өзіңді оның елесінен құтқар. Сен аққан өзенді бастауына қайтара аласың ба? Күнді шығыс көкжиегіне кері апара аласың ба? Баланы анасының құрсағына қайта саласың ба? Сауылған сүтті емшекке қайта құя аласың ба? Көз жасын көзге қайтара аласың ба?
Өткенмен өмір сүру, соны уайымдау, оның отына жану, оның табалдырығында жығылу – бұл шын мәнінде қорқынышты, үрейлі, аянышты күй.
Өткеннің парақтарын ақтару – бұл бүгінді жоғалту, күш-қуатты текке шашу, қазіргі уақытты жою. Алла Тағала қасиетті аятында өтіп кеткен халықтар жайлы: «Олар – өтіп кеткен бір үмбет» – деді. Бітті, шешім шығып қойды. Уақыттың мәйітін сойып, тарихтың доңғалағын кері айналдырудың пайдасы жоқ.
Өткенге қайта оралған адам – диірменге тартылып қойған ұнды қайта тартқанмен бірдей. Ағаш үгіндісін қайта кескенмен тең.
Бұрынғылар өткеніне жылаушыларға: «Өлгендерді қабірінен шығарма», – деп айтатын. Хайуандар атынан сөйлеген біреулер есектен: «Неге күйіс қайырмайсың?» – деп сұрағанда, ол: «Мен өтірікті жек көрем», – депті.
Біздің проблемамыз – қазіргімен айналыса алмай, өткенге телміруімізде. Бұл дегеніміз, қазіргі әдемі сарайымызды ұмытып, ескі жұртқа жылаумен пара-пар. Егер адамдар мен жындар жиылып, өткенді қайтарамыз десе, оған шамалары жетпес еді. Өйткені бұл – ақылға қонбайтын нәрсе.
Адамдар артына қарамайды, өткенге үңілмейді. Себебі жел алға соғады, су төмен ағады, керуен алға жылжиды. Сен де өмір заңына қарсы шықпа.
Аяз Қарни: "Лә Тахзан!" (мұңайма) кітабынан. Аударған: islam.kz