Қазаққа астана болған қалалар
Қазаққа астана болған қалалар
6 жыл бұрын 6521 baq.kz
Бердібек ХАБАЙ

Қазіргі қазақ елі осыған дейін қазақ даласын мекен еткен түрлі тайпалар мен ұлы мемлекет құрушылардың заңды жалғасы. Олар қай кезде болмасын өзінің ежелгі ордаларымен танымал болған. Ұлы жібек жолы бойында ерте замандардан бері мәдениетін қалыптастырған қазақ даласындағы орталықтар өз заманында ел мәртебесін асқақ етіп, төрт күл дүниеге ҚАЗАҚ деген атты әйгілей түсті. Оған қазіргі Елордамыз Астана қаласының Қазақстанның бойтұмарына айналып келе жатқаны нақты дәлел бола алады. Астананың тарихына үңілу арқылы күллі ел тарихына саяхат жасай аламыз. Біз өз жұмысымызда Қазақ елі үшін орталық мекен болған нақты Астаналарды тізіп, ретімен жүйелеп, олардың тарихына тоқтап отырмыз.

Алғашқы астана - Шар қаласы [1456-1457 ж.ж.]

XV ғасырдың ортасында яғни, шамамен 1456 жылы Дешті-Қыпшақтағы шайбани мемлекетінің билігін Әбілхайыр хан қолына алады. Алайда, осы тұста мемлекеттің іргесі шайқалып, ыдырай бастағанда Керей мен Жәнібек сұлтандар ханнан бірыңғай ұлттық мемлекет құруды талап етеді. Хан Әбілхайыр сұлтандардың талабын орындаудан бас тартады. Міне осыдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне ерген халықты бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударады. Моғолстан ханы Есенбұға оларды туғаным деп қарсы алып, Шу өңірін қазақ ұлысына бөліп береді. Бұл Қазақ хандығы құрылуының басы еді. Мұны Мұхамммед Хайдар Дулати өз деректерінде толық атап өткен. Осылайша, үлкен және кіші сұлтандар бірлесіп Қозыбасы тауының маңынан Шар қаласын салдырады. Қала Шу өзенінің жоғарғы жағында қазіргі Қырғызстан жерінде. Қозыбасы деген жер «Манас» эпосында да айтылып өтеді. Десе де, бұл құрылған қазақ хандығы орта Азиядағы алғашқы ұлттық мемлекет еді. Сол себепті Шар қаласы қазақ хандығының алғашқы табан тіреп, толыққанды мемлекет болып қалыптасуына негіз болған бірінші мекен еді. Тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов те бұл қала туралы өз еңбектерінде толыққанды баяндайды.

Қазақ хандығының алғашқы астанасы Шар қаласы. Бұл қалада Керей мен Жәнібек хандар бекініс салып мемлекеттің алғашқы құрылымын жасақтады.  

1. Қала небары 200 не 300-үйге шақталып салынды. 

2. Қала сол заманда құпия қала болып есептелді. Көп жағдайда Созақ қаласы астана (орда) ретінде қарастырылды.  

3. Мемлекетті құрушы ұлт - қазақтар

Шар қаласының шағын, әрі құпия болуының өзіндік себебі де жоқ емес. Керей хан Шарды алғашқыда арнайы бекініс ретінде салдырған. Қалада не бары 200 не 300 отбасы тұрды. Мұндағылардың барлығы әскери лауазым иелері мен қару-жарақ жасайтын ұсталар болды.  Хан әскери стратегиялық басқаруына жауапты тұлғалар етіп ең мықты деген әскербасыларды жинады. Сондай ақ, Шарда әскери жаттығулар мен өзге де дайындықтар жасалуы ғажап емес. Себебі ол уақытта жаңадан ірге көтерген мемлекетке жан-жақты қорғану қажет болды. Сол себепті Шар қаласын аса құпия етіп Қозыбасы тауының етегіне былайғы көзден таса жерге салғызады.

Қазақ хандығының орталығы Созақ қаласы

Жаңа құрылып қалыптаса бастаған мемлекетке алғашқы уақытта іргесін тіктеп алу мақсатында қажет болған Шар қаласы уақытша мекен болып құпия сақталды. Әбден ірге бекітіп елдік құрылымға көтерілген соң Керек мен Жәнібек хандар «Қазақ» мемлекетін құрып Астанасын «Созақ» деп жариялайды.   Қазақ ежелден көшпенді халық болғандықтан жаңа хан ордасының да ежелгі салт бойынша көшіп-қонып жүргенін алға тартады ғалымдар. Бұл үрдіс Абылай ханға дейін жалғасты. Шар қаласына қарағанда Созақтың тұрғындары бірнеше есеге көп болғандығы белгілі. 

Созақ Сығанақ қаласына жақын маңда орнласқан. Созақ қаласы ХІІІ ғасырдағы жазба деректерінде Хұзақ деген атпен аталады, ал ХVІ ғасырдан бастап Созақ деген атпен белгілі.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың айтуынша, Созақ та өз заманында аса мәдениетті қалалардың бірі саналған. Онда сауда қатынастары мен түрлі шеберханалар орналасты. Қазақ халқының алғашқы салт-дәстүрі, тілі, сақталған. Көне Созақ қаласы Қаратау, Мойынқұм, Бетпақ-Даламен шектеседі. Қала өз заманында әсемдігімен кез келген адамды тамсандырып жіберетін. Қазіргі таңдағы Созақ ауданына қарасты Қозмолдақ ауылында Саңғыл бидің кесенесі бар. Мәліметтерге сүйенсек, Шыңғыс ханды ақ киізге көтерген он адамның бірі осы Саңғыл болған екен. 

Ескере кету керек, Әбілхайыр ханнан бөлініп, Моғолстан жеріне келген Керей мен Жәнібек хандарға ел билеушісі Есенбұғаның Шу бойы мен Қозыбасы өңірін бөліп бергендегі өз ішкі есебі бар болса керек. Олай дейтініміз, Есенбұғаның түпкі мақсаты, соңына ерген мықты жасағы мен қалың халқы бар және соғыс тәжірбиесі мол Керей мен Жәнібекті Шайбаниттер мен өзге де қарсыластарына тосқауыл етіп, өз мүддесін жүзеге асыруды көздеген болуы мүмкін. Ал Керей мен Жәнібек хандар болса осы берілген мүмкіндікті пайдаланып, өздері құрған қазақ хандығын, барынша нығайта түсті. Алайда, бұл кезде Есенбұға мен інісі Жүніс хандардың арасындағы бақталастық өршіп тұрған. Сол аралықта Қазақ хандығы да іргесін бекемдеп, оңай жауға алдырмайтын ел болып та үлгерді. Ал Есенбұға өмірден озған соң, ел билігін Жүніс хан қолға алады. Бірақ көршілес елдермен үнемі келіспеушіліктер салдарынан Моғолстан билігі әлсіреп кетеді. 1487 жылы Жүніс хан Ташкентте қайтыс болады. Содан кейін-ақ көп ұзамай Моғолстан мемлекеті бойын тез арада тіктеп үлгерген Қазақ хандығына жұтылып кетті.

Сығанақ қаласы [1480-1511 ж.ж.]

Сығанақ қаласынының көне атауы Сунақ – ортағасырлық қала еді. Қаланың орны қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Төменарық тау жыныстарының солтүстік батысына қарай 10 шақырым жерде орналасқан. Созақ Қаратаудың теріскей бетіндегі бетпақдала жағына қарай орналасқан болса, Сығанақ таудың күнгей бетіндегі етегінде жатыр. 

XV ғасырдың 80-жылдары қаланы қазақ ханы Бұрындық хан (Керей ханның ұлы) биледі. «Болса тәңірім екінші өмір қиғандай Сығанақта көз жұмар еш қиналмай» деп жырлады ХІІ-ХІІІ ғғ. аралығында өмір сүрген ақын ғұлама Һысамиддин әл-Сығанақи. 

Сығанақ - қыпшақ даласының саяси-әлеуметтік астанасы. 1227 жылы таққа отырған Орда Ежен мен 1423-1424 жылдары Ақ Орданы билеген Барақ ханға (Жәнібектің әкесі) дейін Сығанақ далалық қазақтардың негізгі астанасы болғаны жайлы деректер айтылған.
Қаланы Бұрындық хан Шайбанилерден тартып алып қазақ елінің астанасы етеді.


Сығанақ жайлы естеліктер 


Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы “Худуд әл-Әлемде” кездеседі. Ертедегі Сығанақ қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Сығанаққа көшпелі елдер мал, ет, тері, жүн, т.б. әкеліп, өздеріне қажетті заттарын алған. Қала қазақ хандығына дейін де кейін де ерекше қарқынмен дамып отырған. Тіпті қалада түрлі медресселер мен кітапханалар да болды. Ғалымдар мен оқымыстылар да осы қалада шоғырланған болатын. Сығанақтың тарихын зерттеген тарихшылар қаланы “Қыпшақ даласының гаваны” деп атаған.  

Саяхатшы Фазалаһ Рузбеханидің деректерінде 1480 жылы Бұрындық хан Сығанақ қаласын қоршауға алғанда, қала халқы Бұрындықтың бұрынғы аталары Сығанақтың иесі (Қазақтың бүкіл хандары Орда Ежен ханнан тарайды) еді деп, оған өз еріктерімен қала қақпасын ашып бергендігін айтады.

Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сондай-ақ, Сығанақ Ұлы жібек жолының бойындағы қайнаған ірі орталықтың бірі болып саналады.

Сығанақ қаласының ерекшеліктері

1. Сығанақ қаласында күллі Қыпшақ даласындағы аса үлкен, әрі өте сапалы диірмендер болды. Су және желдиірмендеріне тартылған ұн өнімі күллі Азияға таралып жатты.

2. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км). «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Мұсылман деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Себебі қала халқы ол уақытта тәңірлік (шамандық) ұғыммен өмір сүрді. 
Сол уақыттарда Сығанақ қаласы Қазақ хандығы үшін үлкен әскери-стратегиялық мәнге ие болды. Яғни, Сығанақтан айырылу тәуелсіздіктен айырылумен бара-бар болғандай. 

Сығанақ қаласы өзінің пайда болуынан бастап ірі саяси оқиғаларды бастан өткізеді. Ол өзінің тарихында қаңлылар мемлекетінің, Қыпшақ хандығының (XI-XII ғ.) Ақ Орданың (XV) Қазақ Ордасының (XVI) астанасы болған. XV-XVI ғ. Қазақ хандығы үшін экономикалық, саяси-әкімшілік орталық, әскери-тірек пункті ретінде ерекше маңызды болып саналады.

Үздіксіз жүргізілген соғыстардың салдарынан қала әлденеше рет шабуылға ұшырап, қирайды. Бір кездері салтанаты асып тұрған қала ақыры XVII ғасырдың ішінде үлкен үйіндіге, төбешікке айналып жер астында қалды. Қаланың орны Түркісіб темір жолында Төмен-Арық станциясының солтүстік-шығысына қарай 20 шақырым жерде жатыр.  

Бірыңғай ұлттық мемлекет болып қалыптасып, қанатын кеңге жая бастаған қазақ хандығын құраған халық негізінен қазақтар болды. Тарихи статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл уақытта мемлекеттің жалпы тұрғындар саны 1 млн. астам болды. Ал тек Сығанақ тұрғындарының өзі 7 мыңнан асып жығылған.

Сарайшық қаласы [1511-1523 ж.ж.]

Сарайшық Сығанақтан кейінгі Қазақ мемлекетінің астанасы болды. Ол кезде билеушісі Қасым хан. Хан Қасым өзі уақытында ел астанасын Сығанақтан Сарайшыққа көшіреді. Қала Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенің оң жағалауында орналасқан.  Көне қаланың жалпы аумағы 100 гектар.  Қала іргесі XI ғасырда қаланған. Қаланың гүлденген дәуірі XIII - XIV ғасырлар аралығы. Сарайшық қаласы Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан стратегиялық маңызды қала саналды.

Сарайшық қаласы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Жошы хан мен оның ұрпақтары кезінде қайта дәуірлеп, тұрғызылды. XI ғасырдағы араб тарихшылары еңбектерінде аты аталатын қала, орта ғасырда өмір сүрген Саксин қаласының орнында бой көтеріп, жаңа атауға ие болады. Саксин X-XI ғасырларында Хорезм тұтқындарының күшімен сауда жолының бойына салынған. Кейбір тарихшылар, Сарайшық атауы қаланың алтынмен апталған күмбездері мен мұнаралары айшықталып тұрғандықтан жұрт «Сары айшықты қала» деп атаған деген деректерді алға тартады.


Сарайшық жайлы естеліктер


Қазақ даласындағы көне калалар туралы көне деректер мен жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады. Естеліктерде Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда-саттығы дамыған қала болғандығы туралы айтылады.

Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ –ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол, «Біз атжеккен арбамен Үлкен Сарайдан (Алтын Орда) он күн жол жүріп, кіші Сарай Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу»,- деп аталатын ағысы аса қатты, әрі өте терең өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен. Бұл қалада дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпірі бар»,-деп жазды. Сарай-жүк моңғолша кіші Сарай деген мағынаны білдіреді. Бұдан кейін Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон болды. Ол 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасап Сарайшық қаласына соғады. Қалада бірнеше күн болған. Қаланың мәдениеті мен құрылысына, қолөнер саласы мен базарларына таң қалғандығы жөнінде жазған.


Қазіргі Сарайшық


Бүгінгі таңда үйінділерге айналған көне шаһар қазіргі Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Көне Сарайшықта биіктігі 17 метр болатын ескерткіш бар. Оны 1999 жылы қайта салды. 

Бұл жерде кезінде қазақ халқына толықтай мойындалған 12 әулие жерленген. Сонымен қоса Сарайшықта жүзден аса хан билік құрған деген тарихи мәлметтер де кездеседі. Сарайшық жерінде жеті ханның сүйегі мен бір ханның басы жерленген. Сол жеті ханға құлпытас қойылған. Хандар Пантеоны. 

1.Мөңке темір (1266-1282ж.ж)
2.Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312ж.ж.)
3.Жәнібек (1343-1353 ж.ж.)
4.Әмір Оқас (14 -1447ж.ж)
5.Қасым Хан (1511-1518 ж.ж)
6. Ших Мамай (1549-1554 ж.ж)
7.Жүсіп Хан ( 1549-1554 ж.ж)

Сарайшық қаласының ерекшеліктері

Сарайшықта салтанатты, сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де, кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды. Керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті халық төлейтін салық және аса мол арзан еңбек күшінің есебінен Сарайшық қаласы тез арада өсіп гүлденеді. 

1523 жылы Қасым хан өлгеннен кейін оның ұлы Мамаш таққа отырғанмен оған немерелес Бұйдаш, Таһир сынды сұлтандар арасында тақ таласы жүреді. Бұл кезде Қазақтың астанасы қай қала болғандығы туралы нақты деректер жоқ. Тарихи деректерде 1538 жылы таққа отырған Хақназар ханның тұсында Созақ пен Сауран қалалары саяси орталықтар ретінде көрсетіледі.

Тарихи деректерде ел астанасы Сарайшық болып тұрған кезде, керуен айдап өзге елдерден келушілерді қоспағанда мемлекет құраушы халық саны түгелдей қазақтардың үлесінде болды.

 Түркістан қаласы 1599-1729 ж.ж.

Түркістан Қазақ хандығының саяси және рухани астанасы. Алғашқы билеушісі Тәуекел хан. Түркістан қаласы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 170 км. қашықтықта орналасқан. Қаланың оңтүстік-шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі. Әкімшілік аумағы 9,4 мың шаршы шақырымға жетеді.

1580 жылы Хақназар хан Баба сұлтан тарапынан қастандықпен өлтірілді. Оның орнына уақытша отырған Шығай хан Баба сұлтанға қарсы күрес жүргізіп, нәтижесінде Шығайдың ұлы Тәуекел таққа келеді де Қазақ хандығының Сыр бойындағы күллі қалаларына иелік етеді.  1582 жылы таққа отырған Тәуекел ханның тұсында қазақта тұрақты астана Түркістан болады.  Түркістан сол кезде Сыр бойындағы қалалардың ішінде ерекше гүлденген қалалардың бірі болды. Тарихшылар Түркістан қаласын Есімнен кейін екі жүз жыл Қазақ  хандығының астанасы болғандығын айтады. Созақ, кейін Ташкент, соңынан Самарқан қалалары да саяси орталықтар ретінде белгілеген.  Осылайша Тәуекел ханың тұсында Түркістандай астанасы бар Қазақ хандығы желкесін күдірейте төңірегіне сес көрсете алатын алып империяға айналды.

1598 жылы Сыр бойындағы қалалар үшін шайқаста Тәуекел хан қаза табады. Осыдан кейін қазаққа хан болып інісі Есім сайланады.


Түркістанның тарихы мен билеушілері


Есім ханның тұсында Қазақ хандығы өз ішінен екіге жарылды. Тәуекел ханның інілерінің бірі Тұрсын өзін Ташкентте хан етіп жариялап, осы төңіректегі Қатаған, Жайма тайпасын жеке-дара билей бастады. Осы кезден бастап Ташкент Қазақтың Ұлы жүз тайпаларының астанасы бола бастады. Ал 1628 жылы Есім хан Ташкентке басып кіріп Тұрсын ханды өлтіреді. Бұдан кейін Қазақ хандығы қайта біртұтас ірі мемлекетке айналды да, астанасын Түркістан етіп, қайта бекітеді.

1642 жылы Жәнібек ханнан кейін Салқам Жәңгір Қазаққа хан болды. (1642-1652) Оның кезінде де астана Түркістан қаласы болды. Жәңгірден соң Батыр хан (1652-1680) билеген. Батырдан кейін Тәуке хан болды. Одан кейін орнына отырған Қайып (1715-19), Болат (1719-31), Болат ханнан кейін Әбілмәмбет (1731-1771) хандық құрады. Бұл кезде де астана Түркістан қаласы болып қала берді. 

Бірақ Тәуке хан өлгеннен кейін үш жүздің кіші хандары елді жеке-дара билей бастады. Ұлы жүздің орталығы Ташкентте болып мұнда Жолбарыс хан билік жүргізді. Әбілхайыр хан кіші орданың орталығын алғашқыда Түркістан, кейін Қазалы мен Хиуаға тікті. 1771 жылы Әбілмәмбет ханның өлімінен кейін Абылай хан Түркістанда үш жүздің ханы болады. Түркістанда отырып билік жүргізді. Бірақ Ресей патшасы қазақ ханының хан ордасын орыс шегарасына жақын Қызылжарға салдырады. Абылай ондағы ордасын тек Ресеймен арасындағы ынтымақтастық байланыстар үшін ғана пайдаланды. Іргесін Түркістаннан тайдырмады. 

Көне Түркістан қаласы архитектуралық жағынан да ерекше қала болды. Хан бақылауындағы Түркістан жүйелі әрі жобасы алдын ала бекітіліп дамып отырды. 
Абылай ханның өлімінен кейін оның ұрпақтары әр өңірде жеке-дара билік жүргізді. Уәли хан Көкшетауды, Ғұбайдола мен Бөкей хан Қарқаралыны орталық етті. 1801 жылы Еділ мен Жайық өзенінің арасына Бөкей ордасы құрылды. 1824 жылы Бөкейдің ұлы Жәңгір хан Орда қаласын батыстық үлгіде тұрғызып, оны Бөкей ордасының астанасы етті. Кенесары хан ұдайы Ресей отаршылдығына қарсы күрескендіктен хан ордасының тұрақты орталығы болмады. 

1860 жылдары Ресей империясы Қазақ даласын толықтай отарлап алғаннан кейін қазақ халқын үш тереторриялық әкімшілікке бөліп жіберді. Осылайша Орынбор губернаторлығына қараған қазақ даласы Торғай, Орал, Бөкей ордасы кірді.

 

Түркістан қаласының ерекшеліктері

Түркістан қаласының түп тарихы осыдан 1500 жылдан астам уақыт бұрын басталғандығы айтылған. Осы Түркістанның кіндігінде тұрған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мұсылман әлемінде екінші Мекке болып саналады. Әмір Темір бұйрығы бойынша Қожа Ахмет Яссауи қабірінің үстіне кесене орнатылды. Көптеген тарихи кезеңдерді бастан кешкен бұл кесененің биіктігі 40 метр.

Өз заманында гүлденген қала талай тарихты бастан өткереді. Ұлы жібек жолы арқылы келген шығыс пен батыстың барлық мәдениеті осы жерде тоғысты. Мұнда сауда орындары мен бірге түрлі гүл, әрі жеміс бақтары да болды. Құрылыс архитектирасы да ерекше дамыды. Су құбырлары мен субұрқақтары болған қала туралы тарихшылар мен зерттеушілер көп жазды. Ұстаханалар мен қыш өнеркісібі теңдессіз қала еді. Жан жақтан келген саудагерлерге арналып әр түрлі жағдайлар да рет ретімен жүзеге асырылып отырды. Тіпті, алғашқы қонақүй үлгілері де осы қаладан табылды.

Қалада астроном, ғалым Ұлықбек қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары бар; Ортағасырлық “Шығыс моншасы” сақталған; Жер асты мешіті (Аңызға қарағанда, Ахмет Яссауй 63 жасқа келген соң, Мұхаммедтен артық өмір сүру күнә деп, өмірінің қалған жылдарын осы жер астында өткізген көрінеді. Осында отырып бүкіл мұсылман әлеміне белгілі “Хикметтерін” жазған.

Түркістан қаласы туралы естеліктер

Қала туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІҮ-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех өз жазбаларында: “Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІ ғ. бастап қала орталығы Яссыға көшті”, - дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдар да растап отыр.

Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев Түркістан туралы өлеңінде: 

Ертеде Түркістанды Тұран дескен, 
Тұранда ер Түрігім туып өскен. 
Тұранның тарихы бар толқыламалы, 
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тамаша Түркістандай жерде туған 
Түріктің Тәңір берген несібі ғой,- деп жырлады. Демек, Түркістан тек қазақ үшін ғана емес, күллі Түркі жұртының түбі, ақ бесігі. 

Қала туралы қытай зерттеушілердің айтуы бойынша, Қытай санекрит жазбаларындағы деректерде, Түркістан қаласы біздің дәуірге дейінгі ІІ-ІІІ ғғ. өмір сүргендігі және сол кездің өзінде ірі мәдени және рухани орталық болғандығы туралы баяндалған. Мысал келтіретін болсақ, сол кезде өмірден озған Қарахандық билеушілерді осы Түркістанға әкелініп жерлген. Атап айтқанда, Отырар билеушісі Ілияс пен Сайрамда туып-өскен Ахмет Иассауйдің де Түркістан жерінде тұрып, осында жерленуі жайдан-жай емес екендігі анық.

Көне шаһар тұрғындарымен жалпы мемлекет құрушы халықтың басым бөлігі қазақтардың есебінде болды. Тарихи мәліметтер бойынша сол уақытта шамамен Түркістан қаласының өзінде 10 мыңға жуық адам тұрған.

Алаштың астанасы - Семей [1917-1920]


1917 жылы құрылған Алашорда үкіметі өзінің астанасы етіп Семей қаласын таңдады. Ал Алашорда үкіметінің батыс өлкесінің орталығы Жымпиты (қазіргі Батыс қазақстан облысында) болды. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы болып, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов сайланады.

Алаш қаласы бүгінгі Семей қаласын екіге жара ағып жатқан Ертіс өзенінің сол жақ жағалауындағы қазақтардың көне қонысы болған мекен еді.

Алашорда үкіметін 1918 жылы Лениннің өзі Сібірдегі ең ықпалды саяси ұйым деп мойындайды. Осы жылы бірінші сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Осыған қарамастан қазақ зиялылары Семейге келіп ықпалды түрде жұмыс жүргізе береді. Астанада отырып қалада оқу орындарын ашу, Медициналық пункттер жасақтау, Жеделжәрдем шаруашылығын ұйымдастыру сынды шаруалармен қоса қала көшелері мен қала тұрғындарының тәртібіне де баса назар аударады. Халыққа қызмет көрсететін арнайы орындармен қоса орыстың ірі қалаларына адамдарды арнайы курстарға да жібереді. Және оқуға кеткен адамдарға жұмсалатын шығындар түгелдей мемлекет тарапынан жұмсалып отырған. Осыған дейін тек қазақтар ғана мекен еткен орталықта қазақ тілі үстемдік құрып түрлі хабарландырулар мен лознглар қазақ тілінде іліне бастайды. Бір сөзбен айтқанда сол жылдары Семей қаласы заманауы өмірге бет алған қазақ қаласы еді. Дегенмен де Алашорда үкіметі өзінің саяси іс-қимылын батыл түрде жүргізе береді. Астанасын көркейтіп ел қамымен айналысады. 

Алаш қаласында бұған дейін салынған мешіттер мен медреселер, базарлар мен жәрмеңке өткізілетін орындар және шығыстық үлгіде салынған көне ғимараттар өте көп болды. 

Қаланың іргетасын қалаушы белгілі тұлғалары Тінібай Кәукенов пен Жоламан Жандарбековтер болды. Олар Семей өңіріне аттары мәлім қазақтың би-старшындары еді. Олар тек ақсүйек байлары ғана емес, үлкен дін қызметкерлері, әрі меценат адамдар болған. Қоластындағы халқына арнап мешіт-медреселер салдырған. Алаш үкіметін және Алаш қаласын аяқтан тұрғызуға аса үлкен қамқорлық жасаған азаматтар осылар еді. Ал 1920-жылы Алашорда үкіметін күшпен тарату туралы Мәскеуден бұйрық келеді де, Алаш үкіметі күшпен құлатылады.


Семей қаласы жайлы қызықты мәлметтер


Алғаш рет Алашорда туын тіккен үкімет Семейді астана етіп шыққан кезде олардың қазынасында сол кездегі орыс ақшасымен 12 млн сом болды. Осы ақшамен мемлекет құрылды. 

1918 жылы Алашорда мемлекетінің ішкі күш-құрылымды нығайту үшін не бары 300 әскері болды. Оның елу шақтысы Алашқалада, Семейде шоғырланды. Бір елдің астанасын қорғап, ондағы тәртіпсіздікті жою мақсатында не бары 50 әскер ғана сапқа тұрды. Осылайша жасақталған әскердің әрқайсысына ай сайын 60 сом төлеп отырды. Ал әйелі мен баласы бар солдаттарға 150 сом берілді.

Алаш қаласында қызмет жасаған мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30-50 сомға дейін болды. Бұл ақша қазіргі біздің теңгемен салыстырғанда 40-50 мың теңге көлеміндегі қаражат.

Қаланың іргетасы 1718 жылы 5 тамызда Семей әскери бекінісі ретінде қаланды. Бекініс ескі семей қалашығының (қыстауының) жанына Ертіс өзенінің сол жағалауына тұрғызылған. Бекіністің салынуын І Петрдің шығыс аймақтағы жерлерді қорғау туралы әйгілі жарлығына және Ертіс өңірі бекіністерінің салына бастауымен байланыстырады. Қала 1854 жылдың 1 қазанына дейін штаттан тыс қала болып келді. Осы жылы Семей облысы ашылып, бірден облыстық қалаға айналды. Жаңадан құрылған облыс Ресей империясы құрамындағы ең үлкен облыс болды. Бекіністің салынуы салдарынан қазада екі ұлт өкілдері тұрып жатты. Дегенмен қазақтар саны өзгелерден басым болып келді. 

1854 жылғы мәлмет бойынша Семей облысы бойынша 261 487 адам болған. Оның 60 мыңға жуығы қала орталығында өмір кешкен.

 

Қазаққа астана болған Орынбор [1920-1925]

Сейтқали Мендешев Республика басшылығына 1920 жылы келіп, 5 жыл бойы қызмет еткен болатын. Қазақ елінің үкіметі атаған Алашорданы 1920 жылы тарату туралы шешім қабылдады. Осы жылы қазанның 20-сы күні Кеңес үкіметі автономия негізінде құрылған тұңғыш федерациялы соцалистік мемлекет болған «РКСФР» құрамында "Қырғыз" (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Соцалистік Республикасын құру" туралы декрет шығарды. Ұлт зиялылары Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер мен Әлихан Бөкейхановтың ұлттық автономия құрамыз деген сөзіне "Кремль" келіспеді. Себебі Ресейдің көздегені жұмысшы, таптық, пролетарлық автономия болатын. 1920 жылғы қазанның 4-де Орынборда Қазақ (Қырғыз) АКСР Кеңестерінің І құрылтайы өтті. Онда Жоғарғы өкімет органдарын, Республикалық Орталық Атқару Комитеті мен Халық коммисарлары Кеңесін сайлады. Қалай дегенде де, құрылтай Қазақ Автономиясын құру жетістігімен ерекшеленеді. Оның орталығы Орынбор қаласы болды деген шешім шығады.


Астана болған Орынбордың 5 жылы


1735 жылы Орынбордың іргесі бекініс қамал ретінде қаланған. Орын¬бор Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Солтүстік ба¬тыс бөлігі Самар және Жайық өзендерінің қосылған қиылысына дейін жетеді. Осыған дейін қала қазақ және орта Азияның орталығындағы ірі сауда орыны ретінде белгілі болады. Қазақ АКСР-ы астанасы болған Орынбор қаласы өзге де қазақ даласындағы аймақтардаға өте шалғай болды. Астанаға атпен жету әсіресе, қыс айларында мүмкін емес еді. Барынша орыстық үлгіде жасақталып бөренеден жатқызыла салынған ақ үйлері мен күмбезінің басы жарқыраған шіркеулер мен мешіттері ерекше сәнді қала бір жыл өтпей жатып өзінің мемлекеттік астанаға лайықты құзыретінен айрыла бастайды. Бұған себеп жердің шалғайлығы.


Орынбор жайлы қазақ зиялылырының естелігі

«Орынбор өте ескі қала екендігі көзге бірден шалынады. Мұнда қазақтардан орыс ұлты басым. Тіпті өзге де ұлт өкілдері көп тұрады екен. Ағаштан кеспектеп жаслған көне үйлердің кейбірі жерге жартысына дейін сіңіп кеткен. Ал мешіттер мен шіркеулері жақсы дамыған. Кең әрі түзу көшелерінің кейбір тұсынтаспен жапқан. Жүргенде аттың тағасы тақылдап түнде от жарқылы анық байқалады екен. Қыста аса суық болғанымен жаз мезгілінде ауа қоңыржай қалыпта тұрады деп жазған екен сол кезде қазақ зиялысы өз естелігінде.» Бірақ жазбаның нақты авторы белгісіз күйде қалып отыр. Ғалымдардың айтуынша, аталмыш жазбаның авторы Мағжан Жұмабаев.

 Қазіргі Орынбор

Қазіргі уақытта Орынбор Ресей мемлекетіне қарасты қала. Мұнда 120 мыңдай қазақтар тұрады. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты облыс қазақтары «Достық», «Үркер», «Қазақ тілі» және т. б. мәдени орталықтарға бірігіп, өздерінің «Айқап» атты газеттерін шығарады. Орынборда Чичерин және Пушкин көшелеріндегі екі үйге Қазақстан тарихына қатысты ескерткіш тақта орнатылды. Мұның бірінде қоғам қайраткері, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, екінші ғимарат «Алаш» партиясының құрылуына себеп болған бірінші және екінші жалпықазақ съездері өткізілген еді.

Ақмешіт, Қызылорда [1926-1929]


1924 жылы Қазақ Автономиялы Әкімгершілік территориясын межелеу барысында елдің астанасын Орынбордан көшіру туралы мәселе қойылды. Көшірілуге себеп болған негізгі мәселе – Орынбор тұрғындарының басым бөлігі орыстар болды және еліміздің бір шетінде алыс шалғайда орналасуы еді. Қазақ зиялылары астананың ауысуы төңірегінде өте қызу пікір таластырды. Бірі астана Ақтөбе болу керек десе, енді бірі Әулеатаны (Тараз) ұсынды. Осылай бірнеше қаланың аты аталады. Әр аймақ өкілдері өзіне тартты. 

Ақыры 1925 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан (Қызылорда) Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарады. Мұндағы мақсат қала Орынбор-Ташкент теміржолының бойында орналасқандықтан. Демек, Орынбордан тез көшіруге тиімді. Екіншіден, бұл өлке қазақтың әдет-ғұрып, салты, діні, руханияты таза сақталған жер. Үшіншіден, халқының түгелге жуығы жергілікті қазақтар еді.


Қызылорданың астана болған уақытындағы қысқаша тарихы

Қазақ АКСР-і Кеңестерінің V құрылтайы Ақмешітте ұйымдастырылады. Осылайша делегаттар мен үкімет мүшелері республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурызында ат басын тіреді. Мұнда алғаш рет ұйымдастырылған құрылтайда қазақ үшін аса өзекті екі мәселе өз шешімін тапты. Бұл үлкен тарихи оқиға болатын. Қазақ халқының мойынына қамытша киілген "Қырғыз" деген бұрмалау сөз алынып, "Қазақ Республикасы" боп аталды. Ал Ақмешіт атауы Қызылорда болып өзгерді. 

Қызылорданың Қазақстан астанасы деп аталуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Еліміз жаңа бір қоғамдық құрылыстың ғимаратын қалай бастады. Бұл кезде қаланың тұрғыны 22 577-ге жетті. “Қызылқала” сөйтіп өмірге жаңаша қарқынмен қанат жая бастады. 
Үлкен саяси-экономикалық жағын ескере келе астана болған Ақмешіт, алайда, ұзақ уақыт орталық бола алмады. Себебі теміржолдың бойында тұрса да, өзін-өзі экономикалық жағынан қамтамасыз етпеді. Қазақтың салт санасы жақсы сақталғанымен климаты жайсыз, аса құрғақ болды. Осы жағдайларды ескере келе 1927 жылы қаланы Қызылордадан көшіру туралы шешімге қол қойылады.


Қала ерекшеліктері мен жетістіктері

Дәл осы жылдары тұңғыш рет қала үшін ғажайып құбылыс болған электр жарығы іске қосылды. Түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауытымен бірге басқа да артелдердің қатары көбейді.

Қызылорда астана болған жылдары орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса орталықтан ғылыми-зерттеу ғимараты қазақтың эпидемиолгия және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. Сондай-ақ, ең алғашқы рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған болатын.
Алайда, Орынбор губерниясына қарасты жердің 40% орыс, 46% қазақ, 14% басқа ұлт өкілдеріне тиесілі болды. Ал ормандай болған орыспен шектесіп жатқан Орынбор тұрғындарының тең жартысына жуығын орыс ұлты өкілдерінен тұрды.

 

Алматы қаласы [1929-1997]

1925-1933 жылға дейін Қазақ мемлекетін ел аузында «Қужақ» деген атпен белгілі болған Филипп Голощекин басқарды. Астана Алматыға 1929 жылдың жазында көшіп келді. Климаты аса жайсыз қаладан Алатаудың төскейінде орналасқан, мәуелі бақты, саялы бұлақты Алматы астанаға лайық деп табылған. 1925 жылы астананы көшірк туралы қаулы шығады. Бірақ бұл уақытта Түркісіб темір жолының Алматыға жете қоймаған кезі еді. Теміржол 1929 жылы пайдалануға берілген. Сол жылы Қызылорда астана статусын Алматыға аманаттады. Алматы астана мәртебесін алғаннан кейін қала экономикасы өсіп, халықтың саны артты.


Астана болған Алматының дамуы мен қысқаша тарихы


1930 жылы 19-шілдедеТүркістан-Сібір теміржолы толықтай іске қосылды. Соның келуімен қалада өнеркәсіпорындары көптеп ашыла бастайды. Атап айтқанда құс, мал өнімдерін өңдейтін шағын зауыттар мен түрлі тоқыма фабрикалары іске асады. Жеміс-жидек өсіру ісі мен түрлі бақтар салу шаруашылығы қолға алынды. 

Ал 1941-1945 Ұлы Отан Соғысы жылдары қала аумағы үлкен өзгерістерге ұшырады. Бүкілодақтық тыл жұмыстарын ұйымдастыруда өнеркәсіптік және материалдық қорды концентрациялау үшін 45 мың шаршы метр жер берілді. Тылдан көшірілген 26 мың отбасы көшіріліп әкелінеді. Осылайша қала халқының саны өсе бастайды. Қалада орта, арнаулы және жоғары оқу орындары, ғылыми, мәдени мекемелер ашыла бастайды. 50-жылдары қалада Үкімет үйі, Ғылым академиясының бас корпусы, Орталық стадион, Абай атындағы опера және балет театрының ғимараты салынды. Ал 60-70-ші жылдары бой көтерген зәулім құрылыстардың қатарына Республика сарайы, Достық үйі, Неке сарайы, «Медеу» мұз айдыны, «Алатау» қонақ үйі, Бейнелеу өнері мұражайы және т. б. сәулет объектілері пайдаға беріледі. 9-12 қабатты тұрғын үйлердің жаппай бой көтеруі қала бейнесін тіпті өзгертіп жіберді. Ал онсыз да жасыл желекке оранған қаланы көгалдандыру жұмысы ерекше қарқынды жүргізіледі.

1989 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Осы жылдары қалада тұратын халық саны 1 млн ға жетеді. Осылайша Алматы Қазақ елі үшін бұрын соңды болмаған мегаполюсқа айналады. 

1991 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланды. Алматы қазір де республикамыздың ірі ғылыми, мәдени, білім және өндіріс орталығы. Басында мәңгі қаржатқан әсем Алатаудың баурайына орналасқан Алматы – дүниежүзіндегі көрікті қалалардың бірі.  1998 жылы Қазақстанның астанасы Президент Н.Назарбаевтің шешімімен қазіргі Астана қаласына көшірілді.

Соғыс жылдарында Алматы қаласына майдан шебінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми зерттеу институттары, 20-дан аса мәдени орталықтар көшірілді. Ленинград, Киев, Мәскеу киностудиялары Алматыға ауыстырылды.

1966 жылдың 21 қазанында қаладан 18 шақырым жердегі Медеу шатқалында қолдан жойқын жарылыс жасалып, биіктігі 100 метр бөгет салынды. Ол 6-2 млн текше метр су мен басқа да табиғи қауіптен қаланы сақтап қалу мақсатында жүзеге асады.   

Астана қаласы 1997 жылдан бері

1997 ж. 20 қазанда ҚР Президенті Н. Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы" жарлыққа қол қойды. (1998 жылдың 6 мамыры күні Елбасының жарлығымен ҚР-ның астанасы - Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «ҚазақстанРеспубликасыастанасыныңмәртебесітуралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Сол жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ беріліп, медальмен марапатталды. Қала аса шапшаң қарқынмен дамып келеді және оның келешегі зор.

Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан. Қала аймағының жер-бедері тегістелген. Қаланың климаты шұғыл континеттік. Астана қаласындағы негізгі әрі маңызды сулы артериясы Есіл өзені болып табылады, және оның екі арнасы Сарыбұлақ пен Ақбұлақ.

 

0 пікір