"ШӘЗЗ" ХАДИС ЖАЙЫНДА (хадис ғылымы)
"ШӘЗЗ" ХАДИС ЖАЙЫНДА (хадис ғылымы)
2 жыл бұрын 3189
Әділ риуатшы деп, мұсылман, балиғат жасындағы, ақыл-есі дұрыс, күнәдан ұзақ тұратын, көркем әдепті риуаятшыны айтады. 
* Алғыр деп, естіген хадисін артық-кемшіліксіз тура жеткізе алатындай қабілеттегі риуаятшыны атайды.
* Рауи - хадис жеткізуші, риуятшы.
* Сәнәд - хадистің риуатшылар есімінің орын алған бөлігі, риуятшылар тізбегі.

«Шәзз» сөзі тілдік тұрғыда - «дара қалған», «жалғыз қалған» деген ұғымдарды білдіреді. Көпшіліктен жырақ қалғанды араб тілінде «Шәзз» дейді.  

Хадис ғылымындағы анықтамасы:

«Шәзз - сенімді риуаятшының риуаят еткен хадисінде өзінен сенімдірек басқа риуатшыға теріс келуі немесе бірнеше сенімді риуаятшыларға теріс келуі».

Мәселен, әділ, бірақ алғырлығы (добт) төмендеу бір хадис жеткізуші рауи, өзі секілді әділ, бірақ алғырлығы артықтау басқа бір риуаятшының риуаят еткен хадисіне қайшы хадис жеткізсе, оның жеткізген хадисі «шәзз хадис» атанады. Тура сол сияқты, бір сенімді риуатшы бірнеше сенімді риуатшының жеткізген хадисіне теріс хадис жеткізсе, хадисі «шәзз» үкімін алады, өйткені бірнеше сенімді риуатшының сенімділігі, бір риуатшының сенімділігінен артық екендігі сөзсіз. Осылайша, өзге сахих хадистерден жырақтанғаны үшін, ол хадиске «шәзз хадис» деп ат қойған.

Шәзздік - хадистің сәнәдінда да, мәтінінде де кездесуі мүмкін (сәнәд - хадистің риуаятшылардың тізімі орын алған бөлімі).

Екі сенімді риуаятшының хадистері қарамай-қайшы келіп қалғанда, таңдау түрлеріне сай сенімдірек риуаятшының хадисі таңдалады. Таңдалған хадис «Мәхфуз» деп аталса (сақталған), одан жырақтанған хадисті «Шәзз хадис» деп атайды. (Таңдау түрлері: өзге риуаятшының алғырлық жөнінен артықтау болуы немесе өзгелердің сан жағынан көп болуы, не болмаса, өзге риуаятшының фақиһ болуы, яки сәнәді жөнінен биік болуы т.б.)

Шәзз хадистер «мәрдүд хадис», яғни, дәлел болуға жарамсыз хадистер қатарынан. Ал «Мәхфуз» хадистер болса, қабыл етілген деген мағынада, «мәқбүл хадис» деп аталады1. (Мәрдүд - "бас тартылған", "қабыл алынбаған"). 

Демек, сенімді риуатшының жеткізген риуаяты - өзінен сенімдірек риуятшының риуаятына теріс келсе, оған «Шәзз хадис» дейді екенбіз. Шәзз хадистер «әлсіз» хадис үкімінде.

Және айта кететіні: шәзз хадисті риуаят еткен риуаятшының өзге риуаяттары қабыл етіледі, себебі ол өзі негізі сенімді, тек өзінен сенімдірек риуаятшының келтірген хадисіне қайшы болғандықтан қайшы риуаяты шәзз саналған. Сондай-ақ, «шәзз» саналған хадистің жеке өзін алып қарағанда, сахих немесе хасан хадис деуге жарайтындай деңгейде болуы мүмкін (мысалы, «шәзздік» мәтінде табылып, ал сәнәді дұрыс болса, сәнәді тұрғысынан қарағанда сахих не хасан болуы мүмкін, себебі, риуаятшысы сенімді риуатшы, бірақ ол риуаят өзінен сенімдірек немесе көпшіліктің риуаятына қайшы болғандықтан, «шәзз» саналып, «әлсіз» үкімін алған).

Шәзз хадиске мысал

Шәзддік кінәраты хадистің сәнәдінде кездесу жағдайына қатысты кітаптарда мынадай бір мысал келтіріледі:

«Пайғамбар заманында (с.а.у.) бір кісі қайтыс болады. Артында азат еткен құлынан басқа ешкімі қалмайды. Сонда Алла елшісі «(Артта қалған) біреуі бар ма?» деп сұрағанда, (айналадағылар) «азатты құлынан басқа ешкімі жоқ» деп жауап береді. Сонда Алла елшісі мархұмның мұрасын азатты құлына береді».

Бұл хадисті Имам Тирмизи, Нәсәи және Ибн Мәжә - «Ибн Ъуәйнәдан» жеткен сәнәдпен келтірген. Ибн Ъуәйнә оны - Амр ибн Динардан, ал Амр ибн Динар - Ъаусәжәдан, Ъауәсәжә болса, сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткізген. Ибн Ъуәйнәнің бұл сәнәдін Ибн Журейх т.б. сенімді риуатшылар місе тұтқан. Ал енді аталмыш хадисті  Хәммәд ибн Зәйд те сол сәнәдпен риуаят еткен, бірақ оның сәнәдінда сахаба Абдулла ибн Аббастың есімі орын алмаған. Демек, Хәммәд ибн Зәйдтің нұсқасы сәнәд тұрғысынан, Ибн Ъуәйнәнің нұсқасына қайшы. Қайсысын таңдау керек? Хәммәд ибн Зәйд те осал риуатшы емес, тіпті Ол алғыр, әрі фақиһ саналады. Алайда жалғыз оның нұсқасы сәнәд жөнінен бірнеше риуаятшының келтірген нұсқасына қайшы келгендіктен (біздің мысалда ол риуатшылар Ибн Ъуәйнә және Ибн Жүрейх т.б.), оның, яғни Хәммәд ибн Зәйдтің нұсқасы «шәзз» саналып, қабыл алынбай, Ибн Ъуәйнәнің нұсқасы қабыл алынған.

Бұдан да басқа мысалдарды хадис жинақтарынан кездестіруге болады.

Ал егер риуаятшы «әлсіз риуаятшы» санатында болып, оның жеткізген хадисі өзінен сенімді риуаятшының хадисіне теріс келсе, ол қалай аталады?

Мысалы, жаттау қабілеті нашар болғандығы үшін немесе белгісіз адам болғаны себепті (мәжһүл) т.б. осы сияқты кемшіліктері үшін «әлсіз риуаятшы» атанған бір риуаятшының риуаят еткен хадисі, қуатты (сенімді) риуятшының жеткізген хадисіне теріс түссе, оның ол хадисі «мүнкәр хадис» үкімін алып, әлсіз хадистер қатарынан орын алады. «Мүнкәр» деген - «терістелген» деген мағынада. Хадисші ғалымдар оны мойындамағандықтан «теріске шығарылған» деген мағынада «мүнкәр хадис» деп атаған. Ғалым әс-Сәхәуий «мүнкәр хадиске» былай анықтама береді: «Мүнкәр - әлсіз риуятшының өзінен қуатты (сенімді) риуаятшыға қайшы түрде жеткізген хадистің атауы».

Демек, Шәзз хадис пен Мүнкәр хадистің айырмашылығы: Шәзз хадистің риуаятшысы - қуатты, яғни, сенімді риуаятшы. Ал Мүнкәр хадистің риуаятшысы әлсіз риуаятшы. Екі хадис те «әлсіз хадис» үкімінде.  

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Дайындағын А. Қасым

0 пікір