Қоғамға құдайлық тәрбие қажет
Қоғамға құдайлық тәрбие қажет
3 жыл бұрын 4223

Адам өмірінде тәрбиенің алар орны үлкен. Әсіресе, бүгінгідей қызығы мен шыжығы, бұзықтығы мен бүлігі мол кезеңде тәрбие – қоғамның ең үлкен қажеттілігі, бүкіл ел болып көңіл бөлетін ең ірі сала десек артық айтқандық емес. Алайда бала тәрбиесін көп адам бұйрықтар мен тыйымдардың жиынтығы ғана деп санайды. Баласының тәрбиесінде «Балам, ол болмайды, бұл болмайды», «оны үйтпе, мұны сүйтпе» немесе «мына істі жасасаңшы», «ана жұмысты атқарсаңшы» дегеннен әрі аса алмай жүрген қаншама ата-ана бар.

Ақыр соңында осылай берген тәрбиесі жеміс бермей, бармақ шайнап өкініп жүрген үлкендер де аз кездеспейді. Егер тәрбие жақсы болса, айналамыздағы бұзақылықтар қайдан шығып жүр? Не себепті бір үйдің бала-шағасы бір-бірімен тонның ішкі бауындай тату емес? Темекі тартып, сыра ішуді жетістік санайтын жас жеткіншіктер қайдан шығуда? Күн демей, түн демей құмар мен ойынханаларды торуылдап жүрген ұлдар мен қыздар кімнің бала-шағасы? Бесіктен белі шықпай жатып, дөрекі сөздерге бой алдырған бүлдіршін балалар қандай үйден шығып жатыр? Неге туған баласы ата-анасына сөз қайырады? Сөз қайыру былай тұрсын, әке-шешесіне қол жұмсапты, жағасынан алыпты деген шағымдар бүгінде аз ұшырасып жүрген жоқ. Мұның бәрі нені көрсетеді? Құрғақ бұйрықтар мен тыйымдармен іс бітпейтінін көрсетеді. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді не істеу керек? 

Осындай қоғамдық әрі рухани тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы бар. Ол ата дініміз Исламның тәрбие өлшемдері мен қағидаларына жеткілікті мән беру. Яғни, мұсылмандық тәрбиені әр отбасында жүзеге асыру. Кеңес үкіметінен қалған дәстүрлі педагогика қаншама жылдар бойы мектепте де, университетте де оқытылғанмен, бүгінгі түйткілдерге төтеп беруге қауқарсыз. Өйткені түбі солқылдақ. Ал мұсылмандықтың шарттарын дұрыс орындап жүрген отбасыларда ана өмірлік тәлімгерге, ал әке мұғалімге айналатынын көреміз. Неге? Өйткені Ислам дінінің негізгі арқауы адам тәрбиесі. Бүкіл пайғамбарлар адам тәрбиесімен айналысқан. 

Осы тұста «тәрбия» деген арабша сөздің мәнін аша кетейік. Сөздікке қарасақ, «тәрбие» жетілдіру, жақсарту, бір нәрсені бірте-бірте, сатылап, сатылап кемелдендіру деген мәндерді беретінін байқаймыз. Бұл сөздің түбірі араб тіліндегі «Рабб» сөзімен тектес болуы тегін емес. Байқасаңыз, мұсылмандар дұға жасағанда, Алла тағалаға «уа, Раббым» деп тіл қатады. Ендеше, бүкіл тәрбие саласы имандылықтан басталып, нәр алуы тиіс. «Раббани», яғни иләһи, құдайлық тәрбиеге мән бермей, жас өспірімді жетілдірем деу бос әурешілік. Ондай тәрбие баланы өсірмейді. Иә, дініміз Исламның бүкіл дүниені түгел қамтитын тәрбие жүйесі бар. Бұл жүйенің түпкі хикметтері, көркем мінез бен әдепке жетелейтін әдістері, әдіснамасы, жан-жақтылығы, кеңдігі, байлығы, қысқасы, қай жағы болмасын өзінен өзге барлық тәрбие жолдарынан әлдеқайда асқақ екені даусыз. Өйткені адамның бүкіл сырларын Жаратушы иеден артық білетін ешкім жоқ. Иә, Алла тағала бізге бізден жақын. Сондықтан Құранда Алла тағала былай дейді:

«Шын мәнінде, адам баласын Біз жараттық. Оның нәпсісі не деп сыбырлап, азғыратынын да Біз өте жақсы білеміз. Біз оған күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят). 

Олай болса, бала тәрбиесі Алланың тәрбиесінсіз іске аса алмайды. Алла тағала баршамызға тәрбиелі ұрпақ нәсіп етсін. 

Асылбек Әуезхан,
"Жанұя жарасымы".

0 пікір