Рамазан келе жатыр болып қонақ!
Рамазан келе жатыр болып қонақ!
2 жыл бұрын 1567
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Күллі мұсылманның асыға күтетін қасиетті айы Рамазан келе жатыр. Күндердің сұлтаны – жұма болса, ал, он екі айдың сұлтаны – Рамазан айының өзі дара, орны бөлек. Түндердің төресі Қадір түні де осы қасиеттің айдың ішіне жасырылған. Рамазан мың айға бергісіз Қадір түнімен ерекшеленеді.

Рамазан – ораза айы. Рамазанның бір күнінде ұсталған оразаның сауабына бір жыл бойы ұстаған оразаның сауабы жетпейді екен.

Рамазан – Құран айы. Ақ пен қараны ажыратып, тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрак ай. Сондықтан, осы айда Құран Кәрімді бастан-аяқ бірнеше рет оқып шығу исі мұсылманның кәдуілгі әдеті.

Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы.

Рамазан – айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі де киелісі.

Рамазан – құлдың шын ықыласпен тәубаға келіп, Ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы.

Рамазан – Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айрықша ай.

Рамазан – пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани барынша кемелденіп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, «періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті.

Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы.

Рамазан – атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы.

Рамазан айында ең әуелгі іс – әрине ізгі ниетті мұсылмандардың арасынан табылу. Өйткені, Рамазан айына деген дайындыққа бірінші кезекте рухани сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, ізгі ниетті жандар көбірек көңіл бөледі. Бір айдың көзді ашып-жұмғанша тез өте шығатынын есепке алып, осы айды қалай тиімді өткізу турасында ойша жоспар құру керек. Мүмкіндігінше бос уақыт қалдырмай, әр сағат, минуттарымызды да берекелі етіп өткізуге тырысқан жөн.

Рамазан айына қатысты ұғымдардың бірі – ораза. Ораза ұстау – дінімізде бес парыздың бірі. Әр парыздың мойнымызда тұрған қарыз екендігін ескерсек, ауыз бекіту арқылы бір парызды орындаудың өмірлік мәні зор. Ораза ұстау жай ғана аш жүру емес. Өйткені, диета кезінде де аш жүруге болады. Демек, бұл жерде маңыздысы ниетте, дінге құлықтылықта. Ниетіміз Жаратушының әмірін орындау болуы тиіс. Осы ниетке басқа пендешілік ойларды араластырмаған жөн. 

Ораза – денсаулығымыздың садақасы. Алла ауыз бекітуге жарайтын денсаулық берді. Ендеше, оны неге Раббымыздың разылығына арнамасқа. Жаратушы Иенің разылығын көздеп, күні бойы ішіп-жеуден тыйған пендесін Өзі жарылқап, Өзі сауабын, қайырымын беруге уәде еткен. Әр нәрсенің өз қайырымы, рахметі, алғысы болады емес пе? Олай болса, денімізді сау еткен Аллаға айтар алғысымызды ораза ұстаумен білдірсек, қандай ғанибет! Шал-шауқанның, ауру-сырқаудың, жолаушының, аяғы ауыр әйелдің жөні басқа. Ал тепсе темір үзетін, ауызда тісі, белде күші бар адамның: «Шаршап қалам, шөлдеп қалам», – деп, себепсізден себепсіз  балаша сылтау айтуы қаншалықты орынды болмақ?.. Себеп-сылтаулар иманның әлсіздігі десек те, отыз күн ораза ұстау, ауызашар істеу – ата-бабадан келе жатқан діни дәстүр емес пе? Дәстүрден жаңылмайық.

Қонақ дегенде бірден бірнеше күн үйімізде түнейтін, кейін көп ұзамай өз еліне қайтатын адам ойымызға келеді. Сол секілді жылына бір рет келетін Рамазан айы биыл да қонақ болып келе жатыр. Сондықтан қонағымызды жақсылап қарсы алып, лайықты деңгейде шығарып салайық!

0 пікір