Рамазанда істелуі керек 6 құлшылық түрі
Рамазанда істелуі керек 6 құлшылық түрі
1 жыл бұрын 7031

Рамазан айы - айлардың сұлтаны. Алла Тағала бұл айды көптеген артықшылықтармен ерекшелендіріп қойған. Бұл ай - сауаптар еселеніп берілетін ай. Бұл айда істелген бір жақсылық, өзге айда істелген парыз амалдың сауабына тең. Бұл айда істелген бір парыз амал, өзге айларда істелген жетпіс парыз амалдың сауабына тең. (Хадис. Ибн Хузаймын).

Бұл ай - «Құран айы» деп те аталады. Себебі, бұл айда ардақты Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) қасиетті Құран түскен. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазан сайын өзіне уахи жолымен түскен Құранды Жебірейіл періштеге оқып, тексертіп тұратын.

Және де бұл айды «түні құлшылыққа толы ай» деп те атайды. Өйткені, мұсылмандар күндізін оразамен өткізіп, ал түнін құлшылықпен өткізумен болады.

Ал енді бұл айда қандай құлшылық түрлерін орындау керек дегенге айтарымыз: мұсылман адам Жаратушысына барлық құлшылық түрімен жақын бола алады. Алла ризалығы үшін істелген барлық ізгі істері құлшылық саналады. Алла ризалығына бөлену ниетімен жердегі зиянды затты алып тастаудың өзі Құдайды риза қылатын қайырлы іс. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай, ешбір жақсылықты ұсақсымауымыз керек екен. Әйткенмен, нақты айтар болсақ, қасиетті айда мән беріле орындалатын маңызды алты құлшылық түрін айта кетсек деп отырмыз, олар келесідегідей:

1) Бес уақыт намазды сүннеттерімен бірге уақтылы оқу және оларды (ер кісілер) мүмкіндігінше мешітте жамағатпен оқып тұруға тырысу.

2) Құран Кәрім оқу. Шамасы келетіндер бұл айда Құранды үш қайтара оқығандары абзал, яғни, Рамазан айында үш рет Құран хатым еткендері жақсы. Оған мүмкіндігі жоқтар, ең құрығанда бір рет Құранды хатым еткендері жөн. Құранды хатым ету дегеніміз, Құран кітапты бастан аяқ оқып шығу деген сөз. Өйткені, Құранның әрбір әріпіне он сауаптан, жеті жүз сауапқа дейін жазылатындығы хадисте айтылады.

3) Мүмкіндік болса, ораза ұстаушыларға ауыз аштыру. Ораза ұстаған адамға ауыз аштыру үлкен сауапты іс саналады. Өйткені, ауыз аштырған адамының оразасынан алған сауабындай сауап бұған да жазылады. Қанша адамға ауыз аштырса, сонша адамның сауабын алады, бірақ олардың өздерінен ол сауап кемітілмейді.

4) Садақа беру. Хадисте: «Садақаның абзалы - Рамазан айында берілген садақа» делінген. Пайғамбарымыз жомарт еді, бірақ бұл айда ерекше жомарт болатын. Алла елшісінің Рамазан айында садақаны көбейтуі - бұл айда садақа берудің сауабы көбірек екендігінің дәлелі. Жоғарыда айтқанымыздай, рамазан айында жасалған бір сауапты іске - өзге айларда жасалған жетпіс парыз амалдың сауабы беріледі. Демек, бұл айда берілген садақаңыз, өзге айларда берілген садақадан бірнеше есе артық екен.

5) Тарауих намазын оқу. Тарауих намазы - Рамазан айына хас құлшылық түрі. Ол - жиырма рәкәғаттан тұрады. Мұны мүмкіндігі барлар мешітте жамағатпен оқып, ал күнде мешітке баруға мүмкіндігі жоқтар өз үйінде жанұясымен жамағат болып оқиды. Жеке оқығандардікі де саналады. Тарауих намазын оқу сүннет амалына жатса да, бұл айда Тарауихты тастамай оқып тұрудың мәнісі зор.

6) Қосымша нәпіл намаздар мен зікір-таспихаттар. Рамазан айы - құлшылық айы деп айттық. Ендеше бұл айда барынша құлшылық жасап қалған тиімді екен. Сол себепті, қол қалт етсе нәпіл намаз оқып, бос уақытымыз бола қалса, зікір-тәспихат тартқанымыз абзал екен. Мәселен, күнделікті түнде тәһәжжуд намазын оқысақ және сәске уақыттарда екі рәкәғат Дұха намазын қалдырмай оқып тұрсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Алла Тағала қасиетті Рамазан айын баршамызға берекелі етіп, бұл айда ұстаған оразаларымыз бен жасаған құлшылық, ғидаттарымызға еселеп сауаптан жазсын. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым

 

 

0 пікір