Осман ибн Мухаммад аль-Усмани бізге былай деп хабарлады: Абу Бакр аль-Ахвази, ол Хасан ибн Османнан, ол Мұхаммад ибн Идристен, ол Мұхаммад ибн Рухтан, ол Имран ибн Омардан, ал ол Суфян ас-Сауриден мына риуатты жеткізді. Онда былай әңгімеленеді:
Бірде сахаба Әбу Зарр аль-Ғифари (р.а.) Қағбаның жанына тұрып, жұртқа дауыстады:
— «Уа, ағайын! Мен — Жундуб аль-Ғифаримін! Сендерге шын жанашыр, ақылшы бауырларыңның сөзіне құлақ түріңдер!» — деді.
Адамдар оны жан-жағынан қаумалап жинала қалды. Содан соң Әбу Зарр сөзін ары қарай жалғап:
— Айтыңдаршы, егер араларыңыздан біреу ұзақ жолға шықпақ болса, өзіне азық дайындап алмай ма? — деп сұрады.
Жұрт: — Әрине, азықсыз жолға шықпайды! — десті.
Сонда Абу Зарр (р.а.): — Ақыреттің жолы — сендер ойлаған кез келген уақытша сапардан әлдеқайда ұзақ әрі азапты. Соған жетерлік азық жинаңдар! — деді.
Адамдар: — Ол қандай азық? Бізге не пайда береді? — деп сұрағанда, ол былай деп өсиет айтты:
Ақыреттің азығы
-
Ауыр күндердің азабынан аман қалу үшін — қасиетті Қажылықты өтеңдер.
-
Сауалы ұзақ, ал ыстығы өрттей Ақырет күні үшін— жаздың аптап ыстығында ораза ұстаңдар.
-
Қабірдің қараңғысы мен жалғыздығынан пана табу үшін — түннің бір уағында тұрып, екі рақағат намаз оқыңдар.
-
Ұлы есеп күнінің ауыртпалығынан аман болу үшін — қайырлы, әрі ізгі сөз сөйлеңдер, немесе жаман сөзден тілдеріңді тартып, тыныш отырыңдар.
-
Таршылық пен қиындықтан аман өту үшін — дүние- мүліктеріңнен садақа беріңдер.
Дүниедегі уақыттарыңды тек екі жиынға арнаңдар:
-
Ақыретіңді түгендейтін жиын;
-
Адал ризық-несібе іздейтін жиын.
Ал үшінші бір жиын тағы бар — ол саған ешқандай пайда бермейді, қайта зиянын тигізеді. Ондай бос отырыс пен жиыннан аулақ бол!
Мұра еткен мал-дүниеңді де екі-ақ дирхам деп біл:
- Адал жолмен тауып, отбасың мен бала-шағаңа жұмсаған бір дирхамың;
- Ақыретіңе дайындық ретінде алдын ала жіберген (садақа қылған) екінші дирхамың.
- Ал үшінші дирхам бар — ол саған зияннан басқа ештеңе әкелмейді, оған қызықпа!
Сөзін аяқтай келе, Абу Зарр (р.а.) бар даусымен айғайлап, халыққа қайта жар салды:
«Ей, адамдар! Дүниеге деген тоймас нәпсілерің мен ашкөздіктерің түптеріңе жетеді! Сендер ешқашан қол жетпейтін арзан дүниенің соңынан жүгіріп, мәңгілік өмірді уыстан шығарып алдыңдар!»1
1Әбу Нәъим әл-Әсфәһәни: «Хилятуль Әулия». - Әбу Зәрр әл-Ғифәри (р.а.).