Шүкіршілік нығметі
Шүкіршілік нығметі
5 жыл бұрын 2537
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

Барлық адам баласында шүкір ету, шүкір­шілік дейтін ұғым бар. Бұрынғы ата­ларымыз өздерінің өмір сүру әдебін «қиын­дық келсе сабыр етеміз, жақсылық келсе шүкір етеміз» деп бағамдаған. Демек «сабыр» мен «шүкір» ұғымы қай заманда, қай дәуірде де болсын адамзаттың руха­ни тірегі һәм адаспас, адастырмас темір­қазығы.

Дана Абай атамыз өзінің Отыз сегізінші қарасөзінде шүкіршіліктің маңызы мен нығметі жайлы: «Ғибадаттың бәрі шүкір­шіліктен туады. Енді зинһар ғадаләт, ша­па­ғаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һаммасы босанады. Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәһар болмайсың ба?» дейді. Ғұламаның терең пайымын сәл тәпсірлесек, жақсылық пен ғибадат тек шүкіршілікке байланған, бұл әділет пен шапағат жолы, егер Жаратушы берген сансыз нығметке шүкіршілік етпесең күнәһарлық кепешін киесің деген түсінікке сыйып тұр.

Осы орайда, мына бір оқиға тақырыпқа таптырмас тұздық болары нақ. Қазақтың үлкен ақыны Қадыр Мырза Әли «Иірім» атты естелік кітабында, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыл өмірін суреттей отырып:

«Әжеміз сыртқы киімдерін шешіп, жастығының астына салып қисаяды. Содан соң дауысын шығарыңқырып, «О, Құдай! Бергеніңе шүкір!» дейді. Солай, деп Жаратқанға ризашылық білдіріп жатқан әжеміздің жалғыз ұлынан қара қағаз келген, күйеу баласынан қара қағаз келген! Шалынан түк хабар жоқ. Сөйте тұра «О, Жаратқан! Бергеніңе шүкір!» дейді. Несіне шүкір дейді?! Осы сұрақты біз әжемізге қоямыз. «Шүкір демегенде не деймін?! Бұдан да жаман болуы мүмкін ғой» дейді ол. Мен бұдан жаман күндерді көз алдыма елестете алмай, шаршаймын да ұйқыға кетем» деп жазыпты. Міне, бұл ғасырлардан үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың имани әдебі, қиындыққа шүкір етудің шынайы үлгісі.

Сахабалар дәуірінде өмір сүрген ғұлама ғалым Ата бин әби Рабах шүкіршіліктің нығметі «Аллаға бойұсыну және тағдырға ризашылық» деген тұжырым жасап, оның шарттары: тілмен, іс-әрекетпен және жүрек­пен іске асырылатыны жайлы айтыпты. Яғни кейінгі оқымыстылар бұл пайымды: тілмен шүкіршілік дегеніміз – мадақ, іс-әрекет шүкіршілігі – амал, жүрек шүкіршілігі – зікір деп тәпсірлеп, осыны орындаушыларға жоғары дәрежеде нығметтер беріліп, Алла тағалаға жақындайтыны жайлы айтылыпты. Тіпті Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі бір күнде 70 рет ұлы иеге мадақ айтып, әрбір ісіне шүкірлік еткен.

Сол сияқты қасиетті кітап Құранның «Әли имран» сүресінің 145-ші аятында: «Кім дүние­нің пайдасын тілесе, оған одан береміз. Ал кім ахирет пайдасын қаласа, оған одан береміз. Әрі шүкірлік етушілерді сыйға бөлейміз» деп, тағдыр-талайына риза, барға қанағат, жоққа шүкір еткен пендені сыйға бөлейтіні жайлы үкім бар. Қасиетті кітапта айтылғандай шүкіршілік ету – иманы кәміл құлға тән амал. Иманы жоқтың шүкір етуі мүмкін емес.

Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрак» ислам университетінің докторанты, дінтанушы Қуат Қабдолданың еңбегінде мынадай тәм­сіл кездеседі. Алыс жерде тұратын үлкен әулиені зиярат ету үшін топ адам аттаныпты. Осылардың біріне ауылдағы ең бай адам келіп, әулиеге сәлем дегейсіз, менің малым тым көбейіп кетті, ақыреттегі есептен қор­қамын, әулиеден «малы азайсын» деп дұға жасауын өтініңізші десе, тағы бір пенде келіп, мен кедейліктен көз ашпадым, әулиеге айта барыңыз «маған мал бітсін» деп дұға жасасыншы дейді. Жолаушы діттеген жеріне барып әулиеге ауылдастырының сәлемін жеткізеді. Әулие айтады: «Бай адам шүкірін азайтсын, кедей адам шүкірін көбейтсін!».

Еліне аман-есен оралған зиратшы жоға­рыдағы екі пендеге әулиенің сөзін жеткізеді. Сәлемді естіген бай «мұндай мал-дүние берген тәңірге шүкірімді қалай азайтпақпын» деп қиналса, кедей адам «қорамда тышқақ лағым жоқ мен қай бетімнен шүкір етем» деп қиналыпты. Міне, бұл шүкірліктің дүниелік нығметі. Яғни кім көп шүкір етсе, оның ризығы артады.

Сонымен қатар шүкіршіліктің «арылу» немесе «сыналу» нығметі бар. «Жұлдыз» жур­на­лының 1988 жылғы №10 санында Шәкәрім қажының немересі Кәмила Ғафур­қызының естелігі жарияланыпты. Осын­да айтылғандай, 1931 жылдың күзінде «Шәкәрімнің отбасы түгелімен қамауға алын­сын» деген суық хабар жетіп, ағайын-туыс, бала-шаға, азан-қазан, у-шу болысады. Сол кезде қажының 50 жыл отасқан жары Айғанша бәйбіше: «Кәне, тоқтатыңдар, біз 50 жыл шалқып өмір сүрдік, ендігі бір зауал­дың келетін уақыты болды емес пе, бұрынғы бақытты өмірлеріңе неге шүкір­шілік етпейсіңдер!» деп ақырған екен.

Сол сияқты тағы бір тәмсіл: ертеде арқа­лары жабысып туған егіздер (сиам егізі) өмір сүріпті. Егіздің бірі «бұдан да жаман болуы мүмкін ғой» деп, осы жағдайына шүкір­лік етсе, сыңары ашуланып «бұдан жаман не болатын еді?» деп күңірене беріпті. Содан егіздің шүкірі бары қайтыс болып, екіншісі оны арқалаумен өмір өткізіпті. Ол сыңарының «шүкір етейік, бұдан да жаман болуы мүмкін ғой» деген сөзін есіне алып жылайды екен.

Бүгінгі бейбіт күніміз бен тыныш таңы­мызға шүкірлік болсын ағайын!

«Егемен Қазақстан»

0 пікір