Сүннеттің фиқһтағы орны
Сүннеттің фиқһтағы орны
5 жыл бұрын 2190
Мұхан ИСАХАН

Мұхаммед (с.а.у.) – исі бүтін ғаламға Алла Тағала тарапынан жіберілген соңғы Ұлы Елші. Ол (с.а.у.) пайғамбарлық көшті тәмамдаушы әрі күллі адамзаттың дін шырақшысы. Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) өзінің өнегелі өмірі арқылы күллі жаһанға кемел қоғам мен озық өркениет үлгісін мұра етіп қалдырды. Мұсылман үмбетіне тәлімі мінсіз тәрбие негіздерін тарту етті. Барша мұсылман қауымы Алла Елшісінің (с.а.у.) сүннетіне* еру арқылы Хақпен қауышты. Әрі бұл илаһи үрдіс қиямет қайымға дейін жалғасатын болады. 

Мұхаммедтің (с.а.у.) өнегесі сөз жоқ илаһи нұрға тұнған. Бұл туралы Алла Тағала Құран кәрімде: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана. Оған оны өте күшті (Жебрейіл Ғ.С.) үйретті (Нәжім, 3-5) деп бұйырады. Оның (с.а.у.) сүннетінде ақиқат сеніммен қатар қоғамдық қатынастарды оң реттеудің тетіктері һәм әділетті қоғам орнатудың және т.б. аса маңызды салалардың негіздері паш етілген. Бұл жөнінде Ұлы Жаратушы Құран кәрімде: «Сосын сені шариғат ісіне қойдық» (Жасия, 18), сондай-ақ: «Әй мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар» (Ниса, 59) деп бұйырады.

Мұсылман құқығында қасиетті Құран кәрімнен кейін Алла Елшісінің (с.а.у.) сүннеті екінші қайнар көз ретінде қарастырылады. Имам Ағзам Әбу Ханифа да: «Әуелі кітапқа қараймын, егер кітаптан таба алмасам, онда Алла Елшісінің (с.а.у.) сүннетінен аламын...» деген болатын. Яғни, қандай бір мәселенің діни үкімін анықтайтын болсақ та, сүннет ілімі фиқһ мәселесінде Құранмен бірге негізгі тұма-бастау болып саналады.

Әсілі, Алла Елшісінің (с.а.у.) барлық іс-әрекеттерінің немесе жекелеген іс-қимылдарының фиқһтық күші жоқ. Оның (с.а.у.) мұндай іс-әрекеттері үшке бөлінеді: 

1. Мұхаммедтің (с.а.у.) қарапайым адам ретінде жасаған іс-әрекеттері. Мысалы, ішіп-жеу, киім кию, отырып-тұруы, жатып дем алуы, ем-дом алуы, соғысуы т.б. осы секілді жәйттер. Мұндай іс-әрекеттері фиқһ ілімінде қуатты дәлелге жатпайды. Әрі оны міндетті түрде орындау шарт емес. Себебі, Мұхаммед (с.а.у.) жоғарыда аталған іс-әрекеттер пайғамбарлық миссияға кірмейді. Десе де, базбір сахабалар осындай іс-әрекеттерін үлгі тұтқан. 

2. Алла Тағаланың Мұхаммедке (с.а.у.) ғана бұйырған және рұқсат еткен іс-әрекеттері. Мысалы, Алланың төрттен көп әйел алуына рұқсат етуі (Ахзаб, 50), бірнеше күн қатарынан ауыз ашпастан ораза ұстауы (саум-и уисал), духа және тәһажжуд намазы және т.б. 

3. Алла Елшісінің (с.а.у.) шариғат бекіткен кездегі кейбір іс-әрекеттері. Мысалы, Құранның мужмәлін түсіндіру барысындағы және өздігінен жасаған іс-әрекеттері. 

Алла Елшісінің (с.а.у.) сүннеті формалық тұрғыда үшке бөлінеді:

  1. Қаули (сөзбен айтылған) сүннет. Мысалы, Алла Елшісінің (с.а.у.): «Рамазан айын көрсеңіздер ауыз бекітіңіздер. Ал шәууал айын көрсеңіздер оразаларыңызды ашыңыздар» (Бұхари, Саум, ІІ, Муслим, Сиям, 4,18) деген хадис-шарифі. 
  2. Фиғли (іс-әрекет) сүннет. Мысалы, Алла Елшісінің (с.а.у.) дәрет алуы, намаз оқуы, қажылық жасауы және т.б. іс-әрекеттері.
  3. Тақрири (құптаған) сүннет. Мысалы, Алла Елшісінің (с.а.у.) өзгелдердің сөздері мен іс-әрекеттеріне ештеңе айтпауы немесе қабыл етуі. 

Алла Елшісінің (с.а.у.) хадистері жеткізілуіндегі тізбектің қуатты немесе әлсіздігіне байланысты муснад және мурсал болып екіге бөлінеді. Ханафи мәзһабында муснад хадистер де үшке бөлінеді.

1. Мутауатир хадис. Жалған айтуы мүмкін емес мухадисшілер тарапынан Алла Елшісінің (с.а.у.) хадистері кейінгі буынға үзілмей риуаят етілсе, мұндай хабарлар мутауатир хадис санатына жатады. Мысалы, намаздың саны мен оқылу тәртібі, зекеттің мөлшері және т.б. хадистер мутауатир жолмен жеткізілген. Мұндай қуатты жолмен жеткізілген хадистерге мойынсұну – парыз, ал терістеу күпірлік болып есептеледі.  

2. Мәшһүр хадис. Алла Елшісіне (с.а.у.) үзеңгілес серік болған бір немесе бірнеше сахабаның өзінен кейінгі буын – табиғиндерге, табиғиндердің өздерінің ізін басқан – таба-табиғиндерге мутауатир жолмен хадис риуаят етуі, мәшһүр хадис санатына жатады. Имам Ағзам Әбу Ханифа мәшһүр хадистерге көбірек арқа сүйеген. Ханафи мәзһабының кейбір ғұламалары мәшһүр хадисті мутауатир хадистермен тең санаған. 

3. Ахад хадис. Алла Елшісінің (с.а.у.) хадисі мутауатир жолымен жетпеген, сондай-ақ, мухадисшілерге қойылатын талаптар (хадисті жеткізген кезде ақыл-есі бүтін, кәмілетке толған, діни жауапкершілікті түсінетін, әділ, жазуда қателеспейтін) толық емес, бір ғана тізбекпен риуаят етілген хабар ахад хадиске жатады. Ахад хадистер кәламдық мәселелерде дәлелге алынбайды. Фиқһтық мәселелерде белгілі шарттар (Құранға, басқа сахиқ хадистерге, сахабалардың тәжірибесіне және ақылға қайшы келмесе) арқылы қолданылады. Егер, сенімді адам риуаят еткен болса, ахад хадис дәлел ретінде негізге алынуы мүмкін. 

Ал Алла Елшісінің (с.а.у.) сөзін жеткізушілердің бірі тізбекте көрсетілмесе, ол мурсал хадис санатына жатады. Мурсал хадистер жеткізушінің көрсетілмуіне байланысты мурсал сахаби, мурсал табиғин, мурсал таба-табиғин болып бөлінеді. Егер, мурсал хадисті жеткізуші сенімді саналмаса, Ханафи мәзһабында онымен амал етілмейді. Бірақ Имам Ағзам Әбу Ханифа хадистің тізбегінде үзіліс болғанымен, жеткізуші діни жауапкершілікті толық сезінетін тақуа мұсылман болса, ондай мурсал хадистерді фиқһ мәселесінде дәлел ретінде негізге алған. 

                                               


*Сүннет – араб тілінде «жол», «әдет», «дәстүр» мағынасын білдіреді. Шариғи мағынасы – Алла Елшісінің (с.а.у.) айтқандары мен іс-әрекеттері және құптағандары. 

0 пікір