Тамақтану гигиенасы туралы не білеміз?
Тамақтану гигиенасы туралы не білеміз?
6 жыл бұрын 8714
Құдайберді БАҒАШАР

Адамға көптеген ауру қоздыратын микробтар тазартылмаған көкөніс, жеміс-жидек, су, шикі піскен тағам түрлерінен жұғады. Сол үшін үйде ас әзірлейтін аналардың әсіресе, тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтіндердің мұқият болғаны абзал. Тамақтан улануға себеп болатын бактериялардың басты тасымалдаушысы – адамның өзі. Адамның аузы-мұрны, қолы, терісі, ішегі, нәжісі, т.б. бактерияларға толы.

Тұрмыста тұтынылатын азық-түліктің едәуір бөлігін сөзсіз ет, сүт өнімдері құрайды. Бұл өнімдер өз кезегінде бактерия ошағы болуы әбден мүмкін. Ит, мысық секілді үй жануарлары да бактерия жұқтырады. Шыбын-шіркей, тарақандар, тышқан секілді кемірушілер де микроб таратады. Ас үйдегі тағам қалдықтарын тастайтын ыдыс та микробтың нағыз ұясы. Жабық ыдыста сақталмаған, дер кезінде төгілмеген тағам қалдықтарына шыбын қонып, тарақан аралап, азық-түлікті ластауы, яғни микроб жұқтыруы заңды. Азық-түлікке микроб жұқпас үшін мынадай жайттарға мұқият болған жөн:

  1. Қол жуу;
  2. Мұрын тазалығы;
  3. Тырнақты қысқарту;
  4. Дәрет сындырған соң қолды мұқият жуу;
  5. Азық-түлікті арнаулы жабық ыдыстарда сақтау;

Адамның азық-түлікке түкірік, қақырық тигізуден сақтанғаны жөн. 1 грамм түкірікте жүз миллион, 1 грамм сіңбірікте он миллион бактерия жүреді. Адамдардың 30-50 пайызының мұрын қуысында тағамнан уландыратын «стафилококк (stafilococcus aureas)» бар екені көзі қарақты оқырманға белгілі болса керек. Бұл көрсеткіш аурухана қызметкерлері арасында 80-90%-ға дейін көтеріледі. Әдетте ауыз, мұрын және тыныс алу жолдарындағы бактериялар тыныс алу барысында, сөйлегенде ауаға тарайды. Жөтелгенде, түшкіргенде, дауыстап сөйлегенде мұның көлемі тіптен арта түседі. Күшті жөтел қысқанда ауыздан 5000 тамшы, ал түшкіргенде 1000000-нан астам тамшы ауаға тарайды екен. Бұл тамшылар ауада бірнеше сағат тұрақтайды. Дастарқан басында түшкіру, жөтелу арқылы ауыздағы, тыныс алу жолдарындағы бактерияларды тамаққа оп-оңай жұқтырамыз.

Сондай-ақ, үй жануарлары мен шыбын, тарақан, кемірушілер микроб жұқтырмас үшін азық-түлікті, суды жабық ыдыстарда ұстаған жөн. Бірақ, адамдардың барлығы бірдей қолайлы жағдай жасалған үйлер мен пәтерлерде тұрмайды. Тұрмыс жайымен жер үйде, киіз үйде үй жануарларымен, шыбын-шіркеймен және кемірушілермен қоян-қолтық өмір сүретін адамдар да аз емес. Түрлі жәндіктерден микроб жұқтырудың алдын алу үшін мұндай шарттарда өмір сүретіндердің азық-түлікті жабық ыдыста ұстауға аса мән бергені жөн. Қала берді пәтерлер мен үйлердегі тарақандар бізбен табақтас болып ашық қалған тамақпен, ас қалдықтарымен қоректенеді. Сондықтан сақтық шаралары ретінде азық-түліктің, қалдық салынған ыдыстың беті үнемі жабық тұруы, бұзылған ас қалдықтары дер кезінде сыртқа шығарылып, төгілуі тиіс.

Қолды жуу, мұрынды таза ұстау, тырнақты алу және дәрет сындырған соң қолды жақсылап жуу туралы Пайғамбарымыздың ақыл-кеңестері тағамның тазалығында профилактикалық шара ретінде өте маңызды. Бұл жерде Пайғамбарымыздың тамақты микробтардан қорғау туралы хадистерін еске салғанды жөн көрдік: «Ыдыстардың бетін жабық ұстаңдар. Торсықтардың аузын байлаңдар. Себебі, жылдың бір түнінде оба келеді. Қақпағы жабылмаған немесе аузы байланбаған ыдысқа оба жұқпай қоймайды» делінген.

Оба бүрге арқылы жұғумен қатар оба жұқтырған адамның өкпесі қабынса, жөтелмен, түшкірумен ауаға тарап өзгелерге де жұғады. Ертеректе обамен ауырып өкпесі қабынған адам міндетті түрде дүние салатын. Еуропада бір дәрігер өзінің латынша жазған хатында бір түнде төрт мың адамның обадан қайтыс болғанын жазады. Міне, оба келгенде ауамен кең жайылып осындай эпидемиялық сипат алатын. Хадисте ыдыстарды жабық ұстау сөз болады. Тек оба ғана емес өзге де ауру қоздырғыштар ауамен тарап, ашық ыдыстағы азық-түлікке қонуы мүмкін. Беті ашық ыдыста тамақ тасыған кезде байқаусызда түшкіріп қалсаң болғаны, тамаққа ауамен микроб қонуы ғажап емес.

Көптеген жұқпалы ауру түрлері адамға ішкен судан, жеген тамақтан жұғады. олай болса, суды, тамақты микробтардан таза ұстауға, қажетті гигиеналық талаптарды сақтауға көп көңіл бөлген жөн.

0 пікір