«Тик-Токта» көп отыру күнә...
«Тик-Токта» көп отыру күнә...
1 жыл бұрын 3570
Абдусамат Қасым

Әлеуметтік желілерінің әрбір жеке басты баурап алған заманда өмір сүріп жатқандығымыз жасырын емес. Көп адамның ұйқысынан ояна салып «бисмиләсі» әлеуметтік желілерге үңілуден басталатыны мәлім. Әлеуметтік желісі тек өзімізді ғана емес, санамызды да баурап алып жатқаны байқалады. Әрине, орнымен пайдаланса зияны болмаса керек. Бірақ тәттіге ұшқан шыбындай, адамдардың, соның ішінде жастардың әлеуметтік желіге деген құмарлықтары күннен күнге артып жатқандығы үрей туғызады.

Әлеуметтік желілердің ішінде қауіптірегі әрі арсыздауы «Тик-Ток» дегені. Тик-токтың өзге әлеуметтік желілерден айырмашылығы - тым еркін және тартымдылығы басым болуында. Қалаған адам қалаған бейнероликті жүктей алады. Әрбір бірегейдің өзінің болмысын паш етуге таптырмас платформа. Жезөкшесі дейсіз бе, маскүнемі дейсіз бе, қылмыскері дейсіз бе, көгілдірі дейсіз бе - қысқасы, қоғамның қара көлеңкелі тіршілігінің бет-бейнесін сол тик-токтан көре аласыз.

Әрине, пайдалы әрі санаға сәуле шашар мәліметтер мен бейнебаяндар кездесіп жататындығы рас. Діндар кісілер сондағы отырған жастарға ой салайық деген мақсатта діни мазмұнда уағыздар мен әдеп-тәрбиеге жетелер насихаттар айтып бөлісіп жатқан жайлары бар. Бірақ, өкінішке орай арсыз, түкке пайдасы жоқ, адамның имандылығын өшірер және адами қасиеттен жұрдай етіп, жүректі қарайтар бейнероликтердің қарасы тым көп болғандықтан, жақсы дүниелерді басып кетіп жатыр. Адамның нәпсісіне де керегі сол.

Тик-токтың бір ерекшелігі кісі пайдалы бейнебаянды көремін деп кіруі мүмкін, бірақ қалай қоқысқа түсіп кеткенін екі сағаттан кейін барып бірақ аңғарады. Қоқысқа түскен адамның үсті-басы кірленбей қоймайтыны секілді, оның да жүрегі мен ар-ожданы кірленбей шықпайтыны анық. Қарайған жүректі Құран оқумен тазаламаса, тазармайды.

Жүрек қарайғаннан кейін, сана уланады. Сана уланғаннан соң арсыздық, бетсіздік, азғындық сынды жаман нәрселер әдеттегі іске айналады. Артынан өзі де соған бейімделе бастағанын байқамай қалады. Ертеректегі даналар айтқан: «Тақуа, салиқалы адамдармен отырғанның, жаман істерден қашу жігерлігі артады. Күнәһәр пасықтармен отырғанның, күнә істеуге деген батырлығы мен батылдығы артады және тәубе етуге деген немқұрайлылығы көбейеді» деп. Мәдениетті адамдармен отырғанның мәдениеттілігі артады. Мәдениетсіздермен отырған адамның мәдениетсіздігі артады.

Тик-ток желісінде мәдениетсіздік басым екендігін назарға алсақ, сондай ортамда көп отырған жастардың мәдениетсіздігі де артатыны сөзсіз. Мәселен, осыдан он жыл бұрынғы адамдарда аз да болса әдеп, үлкенді сыйлау, білімдіні құрметтеу, біреудің көңіліне тиер сөздерді айтпау деген сияқты қасиеттер жиі кездесетін еді. Бүгінде керісінше, адамдарда бетсіздік басым болып бара жатыр. Мұның бәрі тик-ток секілді арсыздықты насихаттайтын қоқыс платформаларда отырудың кесірі деген ойдамын. Өйткені ол жерде арсыз болу қалыпты жағдай екендігін санаға құйып жатқандығы байқалады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір асыл сөзінде жақсы дос пен жаман достың айырмашылығын мынадай мысалмен баяндап берген:

«Жаман жолдас пен жақсы жолдастың (айырмашылығының) мысалы әтір сатушы саудагер мен от үрлеуші ұста сияқты. Әтір сатушы саған сыйлық жасауы мүмкін, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, тым құрығанда одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұста сенің киіміңді күйдіреді, күйдірмесе де одан шыққан жағымсыз иісті сезесің»1 

Осы хадис шәріпте достың кісіге әсері айтылғанымен, жалпы өзіне жақын тартқан дүниелердің адам баласына әсерін түсіндіріп тұр. Қазіргі таңда әлеуметтік желілері, соның ішінде тик-ток желісі көп адамның жақын досына айналып кеткендігін ескерсек, ардақты пайғамбарымыздың аталмыш асыл сөзі қазіргі осы жағдайды да ескертіп тұрғандай.

Төл дініміз Ислам діні сауабы да жоқ, күнәсі де жоқ, рұқсат істерді шамадан тыс істелуін мәкруһ санайды. Мысалы, тамақ жеу мубах амал болғанымен (ғибадат ете алатындай қоректену міндет), бірақ тамақты шамадан тыс тоя жеу мәкруһ, яғни, күнә. Керісінше сауапты мұстахаб істерді қанша көп істесеңіз соншалықты сауабы да көп болмақ.

Ендеше заманның ағысына қарай бір мұсылманның әлеуметтік желілерде өзінің жеке парақшасын ашып, онда пайдалы дүниелер бөлісіп отыруы және өзі де өзге пайдалы мәліметтерден хабардар болып тұрудың күнәсі жоқ, мубах амал. Бірақ, бүкіл уақытын соған жұмсауы мәкруһ үкімін тудырады. Өйткені, біріншіден - уақыт ысырап, екіншіден - пайдасыз нәрселермен шұғылдану. Ал тик-ток секілді арсыздық жөні басымдау платформаларда көп отыру мүлдем харам немесе харамға жақын мәкруһ деуге болады. Әрине, оның қаншалықты харам екендігі онда көрген дүниелерінің сипатына қарай өзгерері сөзсіз. Егер харам көретін болса, харам. Халал дүниелерді көретін болса, халал. Алайда қанша халал нәрселерді көргенімен, егер сағаттап отыратын болса, мәкруһ болатындығын да ұмытпау керек. Өйткені, ол жерде отырып уақыт құртқаннан, сол уақытты пайдалы кітап оқуға жұмсағаны әлдеқайда жақсы.

Осы тұрғыда айта кетейін, «тик-токқа» мүлдем кірмеу керек демеймін, бірақ көп отырмау керек дегім келеді. Өйткені жаңа айтып өткенімдей, қоқыста көп жүрген адамның үсті былғанғаны сияқты, надандық паш етіліп жатқан желілерде отыру да адамның руханиятын кірлейді. Құран Кәрімде: «Кешірімділікті ұстан. Жақсылыққа бұйыр. Надандардан бет бұр» - деп бұйырған2.

Басқа бір аятта мүмін-мұсылмандарды сипаттай келе: «Олар қашан жаман сөз естісе, ол нәрседен бет бұрады. Және олар айтады: Біздің ісіміз бізге, сендердің істерің өздеріңе. Сендерге есендік болсын. Біз надан қауымнан болғымыз келмейді» - дейді3. Ал енді тик-ток секілді анық надандық паш етіліп жатқан платформада отырып, бүкіл уақытын ондағы пайдасыз видеороликтерді көрумен өткізу күнә болмағанда не?!

Тик-токтың пайдасы жоқ па? Пайдасы бар шығар. Бірақ пайдасынан, зияны көбірек екендігі талассыз. Дінімізде «залалды жою - пайдаға қол жеткізуден бұрын тұрады» деген ереже бар4. Және де Құран Кәрімде Алла Тағала «арақтың пайдасы да бар» деушілерге қарасты: «Бірақ шарап пен құмардың күнәсі үлкенірек» - деген еді5. Осылайша, алғашқыда адамдарға ішімдіктің пайдасынан гөрі, зияны мен күнәсі көбірек екендігін ескерткен болатын. Сол айтқандай, тик-токтың пайдасы болуы мүмкін, бірақ зияны көбірек. Сағаттап отырған сайын оның зияны да еселене түсері даусыз.

Қысқасын айтқанда, тик-ток желісіне кіруге болады, бірақ оған жиі үңіліп, сағаттап отыру - күнә болады. Әсіресе, жас балаларды барынша ондай желілерден аулақ ұстауға тиіспіз. 

Әлхмадулилләһи Раббиль аләмин. 


1  Бухари мен Муслим.
2  Құран Кәрім, «Ағраф» сүресі, 199 аят.
3  Құран Кәрім, «Қасас» сүресі, 55 аят.
4  ” درء المفاسد مقدم على جلب المصالح”
5  Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 219 аят.

0 пікір