Тілімен және қолымен мұсылманға зиян тигізбе!
Тілімен және қолымен мұсылманға зиян тигізбе!
3 жыл бұрын 5092
Құдайберді Бағашар

«Шынайы мұсылман дегеніміз – өзгеге тіл де, қол да тигізбеген адам», – деген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұсылмандарды бір-біріне зиян келтірмеуге, басқа түскен тауқыметке шыдамды болуға, мүмин бауырының жағымсыз қылықтарына кешіріммен қарауға үндейді.

Мына аятта мүминдерге қысым көрсеткендердің үлкен күнә арқалайтыны айтылған:

«Мүмин ер адамдар мен мүмин әйелдерді жазықсыз ренжіткендер - әрине, жұртқа жала жауып, өздеріне ауыр күнә жүктеп алушылар». («Ахзаб» сүресі, 58-аят).

Жұрттан сый – құрмет дәметкен адам бірінші болып өзі жұртқа құрмет көрсете білуі керек. Осы тақырыпта айтылған хадистердің бір парасын мысал етіп алға тартайық. Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (р.а) жеткізген риуаятта Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген:

«Кімде-кім жаһаннамнан қашып, жаннатқа жақын барғысы келсе, өлімді Аллаһ пен ақырет күніне сеніп қарсы алсын. Бұған қоса, басқалардың оған оң қабақ танытқанын қаласа, өзі де жұртқа солай қарасын»[1].

Ақыретте қуанышқа кенелу иман үйіріп жан тапсырғандардың бақытына жазылған. О дүниеге иманды болып аттану үшін адамның көзі тірісінде иманды болып өмір сүруі керек. Сый көргісі келген адам алдымен сыйлауды үйренуі керек. Өзінің табанына тікен қадалғанына қиналатын адам өзгенің де өкшесіне тікен қадалуына қарсы тұруы тиіс[2].

Бір дін ғалымы шәкірттерінің әлдебір нәрсеге келіспей, өзара дауласып қалғанын көргенде жыларман болып:

«Бауырларымнан сұрайтыным– рух таяздығынан, нәпсі мен шайтанның уәсуәсасымен не болмаса ойланбастан айтылған артық-ауыс сөздерге мән бермеңдер. Арыма нұқсан келтірді деп жалған намысқа ұрынбаңдар. Ашуға ерік бермеңдер, жеке басымның қадірін, абыройын қаншалықты жоғары санасам, соншалықты төмен иіп, бауырларымның ынтымағы мен кіршіксіз көңілі үшін құрбан етемін», – дегені бар еді.                   

"Алла жіпті аттама".

[1] Бұхари. Иман 4; Мүслим. Иман 64, 65; Әбу Дәуіт. Жиһад 2; Тирмизи. Қиямет 52; Нәсаи. Иман 8.
[2] Абдуллаһ Парлыян. Риязус Салихин тәржімесі 457.

0 пікір