Тіс жуарда шүмектегі суды ағызып қою қазақтың «ысырап жасамау» түсінігіне қайшы
Тіс жуарда шүмектегі суды ағызып қою қазақтың «ысырап жасамау» түсінігіне қайшы
2 жыл бұрын 8986

Бисмилләһир рахманир рахим

Батыс жұртшылығынан бізге жұққан бір жаман әдет бар, ол – тісті тіс пастасымен тазалау барысында немесе сақал-мұрт алып жатқанда шүмектегі (кранник) суды сарылдатып ағызып қою әдеті. Біле-білсек, бұл әдет қазақтың ұлттық танымындағы «ысырапшылдыққа бармау» түсінігіне қайшы деуге болады. Қанша су босқа кетеді! Ол өз кезегінде қалтаға да салмақ екендігі даусыз.

Ысырап деген не? Ысырап деген, қарапайым тілмен айтқанда: қолдағы ырысты қажетсіз бостан-босқа шашу деген сөз. Су да Құдайдың берген ырысы. Оны да үнемдеу керек. Үнемдеудің бірден-бір жолы – шүмектегі суды босқа ағызуды доғару деуге болады.

Орталама есеппен, шүмектен минутына 7-11 литр су ағады екен. Ал азанда тісті тазалауға шамамен 2 минутымызды жұмсаймыз десек, шүмекті ашып қойған жағдайда 14 литр су босқа ағады деген сөз. Бұл көрсеткіш бір жылда 5124 литр суды құрайды. Сонда, тіс жуу барысында шүмекті жаба тұрсақ, бір адамның өзі жылына 5-6 тонна су үнемдеген болады екен. Бұл – бір адамның ғана көрсеткіші. Миллиондаған адамның нәтижесін есептей беріңіз.

Сондықтан да, күнде азанда және кешке тісімізді тазалау барысында шүмекті бірер сәтке жауып қойғанымыз дұрыс. Ұстарамен сақал-мұрт алатындар болса, шұңғылшаға (раковина) жетерліктей су толтырып қойып, амалдаса болады. Ыдыс-аяқ жуғанда да баяу ағызып, барынша үнемдеуге тырысқан абзал.

Ысырапшылдық – шайтанның досы делінген. «Ысырап жасамаңдар. Шынында, Алла - ысырапшылдарды сүймейді» деп ескертеді Құран Кәрімде[1]. Ысырап – берекені азайтады. Үнемдеу, керісінше – берекені арттырады.

Енді осы орайда, адамға мынадай ой келеді: Суда тұрған не бар? «Суды үнемде» деп шөл-шөлейтте тұратындарға айту керек, ал бізде су - мол, біздің елде суды босқа рәсуа ету «ысырап» болмайды деуіңіз мүмкін. Мұндай пікірге ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай деп жауап береді:

«Ағып жатқан өзенде дәрет алсаң да суды ысырап етпе»[2].

Негізі ағып жатқан өзенде дәрет алған кезде, қолданылған су қайтып өзенге ағады, дегенмен, олай болса да суды шамадан тыс пайдалану ысырап деп отыр Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Сондықтан да, қанша суы мол елде тұрып жатсақ та, қанша су қорымыз көп болса да, суды босқа шашу күнә болады екен. Осы тұрғыда "Еріншекбекер мал шашпақ - Бес дұшпаныңбілсеңіз...» деп Абай атамыз жырлап өткендей, аталмыш хадис, тек, суға ғана емес, барлық ырыс-несібені ысырап етуге қатысты екенін айта кетелік.

Қорыта айтқанда, тіс жуған кезде суды босқа сарылдатпастан шүмекті бірер сәтке жауып қоюды әдетке айналдырғанымыз абзал. Ысырапшылдықтан қашу - дініміз бен ұлтымыздың үйреткен тәлімі. Олай етуіміз түкке тұрғысыз боп көрінуі мүмкін, бірақ ол - Алланың назарында үлкен нәрсе болуы мүмкін екендігін естен шығармайық:

«Сендер оны жеңіл-желпі санайсыңдар. Ал ол, Алланың қасында - үлкен нәрсе»[3].

[1] Құран Кәрім, «Ағраф» сүресі, 31 аят.
[2] Сахаба Абдулла ибн Ъамр былай әңгімелейді: «Дәрет алып отырған Саъдтың қасынан Алла елшісі (с.а.у.) өтіп бара жатып, оған: «Мына ысырап не?» - деді. Саъд: «Дәретте де ысырап бола ма?» - деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иә. Тіпті ағып жатқан өзенде дәрет алып тұрсаң да ысырап» - деді». Имам Ахмед: «Мүснәд»; Ибн Мәжә: «Сүнән».
[3] Құран Кәрім, «Нұр» сүресі, 15 аят.

Абдусамат Қасым
 
0 пікір