Тойып тамақтанудың зияны
Тойып тамақтанудың зияны
4 жыл бұрын 7578
Кеулімжай Құтты

«Ауру – астан, дау – қарындастан» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Шынында да кез-келген тамақты талғамай жей беретініміз және тоя тамақтанатынымыз жасырын емес. Тамақты тойып ішіп, соның кесірінен әртүрлі аураларға ұшырап жүргендеріміз де жетерлік. Сондықтан да нәпсімізге қаншалықты қиын болса да мүмкіндігінше аз тамақ жеуге өзімізді үйретуіміз қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Тамақтанғанда асқазанды үшке бөліңдер. Бір бөлігін аспен, екіншісін сумен, үшіншісін ауамен толтырыңдар». 

Ал, көпшілігіміз қарынды тек тамақпен толтырып алатынымыз жасырын емес.

Адам баласының өмір сүруі үшін дұрыс тыныс алу өте маңызды. Бір минутта 16 рет ауаны жұтып шығарады екенбіз. Әр тыныс алғанда ағзамызға жарты литр ауа енеді. Бір тәулікте 23240 рет тыныс алсақ, 11620 литр ауаны ішке жұтамыз да ағза осыдан өзіне қажетті оттегіні алады. Егер қарынды тек тамақпен ғана толтырып тастасақ, дұрыс тыныстай алмайтын боламыз. Ал, дұрыс дем шығара алмасақ, ағзамызға оттегі де аз барады. Бұл өз кезегінде қанның дұрыс айналмай зат алмасу процесінің баяулай түсуіне алып келеді. Соның нәтижесінде адам түрлі кеселге ұшырайды. (Осыдан келіп Пайғамбарымыздың «тоя жемей, асқазанның бір бөлігін ауаға бөліңдер» деуінің астарында қандай маңыздылық жатқандығын ұғынуға болады).  

Ғалымдардың айтуынша адамға күніне 2600 килокалория қажет болса, көбіміз 3000-нан асырып жібереді екенбіз. Егер бес жыл бойы күніне 90 килокалория артық тамақтансаңыз, онда салмағыңыз 18 келіге артатын көрінеді. Ал, күніне 400 килокалориядан асырсақ, оның қанша салмақ қосарын өзіңіз топшылай беріңіз.

Оның үстіне майлы тамақты жақсы көреміз. Май демекші, биологтардың зерттеулеріне қарағанда адамның ағзасына өзінің салмағының көлеміндей ғана май қажет екен. Мысалы, 80 келі тартатын жан күніне 80 грамм май тұтынса жеткілікті. Одан асып кетсе, оны семіздікке бастар жол деп түсініңіз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) не деген? Алла елшісі: «Адамның өмір сүруі үшін аз ғана тамақтың өзі жектілікті», - деп аз тамақтануды кеңес еткен. (Миғдам ибн Қарибтен риуаят етіледі).

Ислам ғалымдары: «Кім тойып тамақ ішсе, төрт сырқатқа бой алдырады» дейді. Ол төрт сырқат төмендегідей:

  1. Түсіну қабілеті төмендейді. (Қабылдауы нашарлайды).
  2. Жүрегінде қатігездік пайда болады. (Жүрегі қатаяды).
  3. Қажеттілігін жиі өтеп тұрады.
  4. Намаз оқуға деген еріншектік пайда болады.

Ислам мәдениетінде асты аз жеу керек

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмір жолына көз жүгіртсеңіз тойып тамақ ішкенін байқамайсыз. Өзінің аштығын білдірмеу үшін қарнына көбінесе тас байлап жүргені баяндалады. Алла елшісінің (с.а.у.) көзін көрген сахабалар да өте қарапайым ғұмыр кешті. Тіпті, күнделікті ас-ауқаттың өзі олардың дастарқанынан табыла қоймайтын. Бірде Абдулла ибн Омарға (р.а.) бір кісі келіп, бір дәрі ұсынады. Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) одан:

- Бұл не? – деп сұрайды.

- Бұл «жауариш». Асты тез қорытады, - деп жауап береді әлгі адам. Сонда сахаба Абдулла ибн Омар оған:

- Мен бұл дәріге мұқтаж емеспін, себебі 20 жылдан бері тамақты тойып ішкен емеспін», - дейді.

Айша (р.а.) анамыз былай деген:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) күніне екі рет тамақтанғанымды көріп: «Уа, Айша! Сені асқазаныңнан басқа ешнәрсе мазаламағанын қалайсың ба? Қаласаң саған айтайын: Күніне екі рет тамақтану – ысырап. Алла ысырап еткендерді жақсы көрмейді», - деді». (Имам Бәйһәқи: «Шуъабуль Иман». №5640).

Жиі тамақтануды қазіргі медицина да құп көрмейді. Ретсіз, мезгілсіз ауқаттана беру адамды семіздікке жетелеп, ауруға душар етеді.

Әзіреті Омар халифа болып тұрған шағында (оның аз тамақ ішіп, жұпыны өмір сүріп жүргенін көрген) қызы Хафса:

«Уа, мүміндердің әміршісі! Киіміңді жаңалап, құнарлы әрі сіңімді тағамдарға көшсеңіз қайтеді? Алла Тағала бізге мол ризық және көптеген мүмкіндіктер берді», - дегенде, Алланың сүйікті пендесі Әзіреті Омар қызына: «Қызым, сен не айтып тұрғаныңды алдымен жақсылап ойлан! Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көрген қиындықтарын ұмыттың ба?» - деп қызының жанарынан жас төгілгенше қайталаумен болды. – «Аллаға ант етейін, егер шамам жетіп жатса, мен бұл жалғанда Алла елшісі мен Әбу Бәкір сияқты жұпыны өмір сүріп, о дүниеде солармен бірге болғым келеді», - деп сөзін аяқтайды». (Әбу Нуайм: «Хилия»).

Мына заманда тамақтан нәпсіні тежеп, аз тамақ ішу қиындау екені рас. Дегенмен, денсаулығына бейжай қарай алмайтын адамдар ішіп жатқан астарына ерекше мән береді. Негізі адам асығып-аптықпай тоя тамақ жемей, сүт пісірімдей уақыт күтсе, тойғаны бірден сезіледі екен. Ал, біз тойғанымызды білмей аузымызға тыққылап, қарнымызды тойдырмай орнымыздан тұрмаймыз.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Жақсылықтардың басы – аштық. Жамандықтардың басы – тоқтық» делінген. Тамақтың ләззаты аштықтың көптігіне қарай артады. Тоқтық адамды ұмытшақ қылып, көңілді соқыр етеді. Алла елшісі (с.а.у.) өзінің басқа бір хадисінде былай дейді:

«Адамның жүрегі – егістіктегі егін сияқты. Жеген тамағы – жаңбыр сияқты. Артық су егінді шірітіп жібіретіндей, артық тамақ та көңіді өлтіреді».

«Көп жеп, көп ішкен адамды Алла ТАғала жақсы көрмейді».

«Көп тамақ жеу – аурудың, ал ауз жеу – шипаның басы.».

Аз тамақ жеудің пайдалары

Ислам ғалымдары аз тамақтанудың төмендегідей пайдалары барын айтады:

  1. Дене қуаттанады.
  2. Жүрек нұрланады.
  3. Есте сақтау қабілеті артады.
  4. Күнкөріс жеңілдейді.
  5. Істеген ісінен рахат алады.
  6. Алла Тағаланы көп еске алатын болады.
  7. Ғибадаттарының ләззаты артады.
  8. О дүниеде есебі оңай болады.

 

ҚМДБ, «Иман» журналы.
Қантар, 2014 ж. №1 саны.

0 пікір