Үндістан мұсылмандары мен мешіттері туралы не білесіз?
Үндістан мұсылмандары мен мешіттері туралы не білесіз?
7 жыл бұрын 7314
Марфуға ШАПИЯН
Үндістанға Ислам қалай келді? 

         Ислам – Үндістанда индуизмнен кейін екінші орында тұрған дін. Ондағы мұсылмандар саны 165 миллионды құрайды, яғни, әлем бойынша Индонезия мен Пәкістаннан кейінгі үшінші орында.

         Ислам Үнді жеріне саудагерлердің арқасында VIII ғасырда келген. Тіпті кей деректер бойынша одан да ерте келгені айтылады. Себебі Керал штатында 629 жылы, яғни Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде алғашқы мешіт бой көтерген деседі. Ал бүгінгі Пәкістан жерінің тұрғындары бұл дінді ІХ-ХІ ғасырда қабылдаған. Ал Индостан және Ганга өңірі араб саудагерлерін танығанымен, дінін қабылдай қоймаған болатын. XVI ғасырдың басында Әмір Темір ұрпақтарының бірі Захиреддин Мұхаммед Бабыр бұл өткеде Ұлы Моғол империясын құрады.

Ал 1526-1858 жылдар аралығында Солтүстік Үндістан билігі түркілер, парсылар мен моңғолдардың қолына кезекпен өтіп, Ислам бұл өңірге қанатын кеңінен жайды. Жаңа дінді әсіресе, түрлі касталардың тиымдарынан шаршаған кедей-кепшіктер, әлеуметтік статусы төмен үнділер қабылдады. XVIII ғасырдың соңында Үндістанға еуропалықтардың басып кіруі бұл өңірдегі Ислам дінінің таралуын тежеп тастады. Міне, содан бері мұсылмандардың саны демографиялық тұрғыдан өсіп келеді.

Үндістандағы бүгінгі мұсылмандар

Ислам үнділердің өмірі мен мәдениетіне зор ықпал еткен. Ондағы сәулет өнері, әдебиет, музыка ислам дінінің әсерімен жаңа формада дамыды. 1947 жылы Үндістан тәуелсіздік алып, екіге бөлінді. Мұсылмандардың көп бөлігі Пәкістанға өткенімен, Үндістанда да біраз мұсылман қалған еді. Мұсылмандар Үндістанның барлық штатында, әсіресе Дели аймағы мен Джамму және Кашмир штаттарында жиі кездеседі. Үндістан мұсылмандарының көп бөлігі сауатсыз. Әрі билік ағылшындардың, кейіннен иудаизм дінін ұстанатын үнділердің қолына өткеннен кейін, мұсылмандардың әлеуметтік жағдайы да төмендеу. Олардың көпшілігі қаланың ескі аудандарында тұрады. Соған қарамастан, өзге үнділерге қарағанда олардың отбасында бала саны да көбірек болады.

         Үндістан мұсылмандары шариғат жолымен жүруге құқылы. Билік кейде қажылық сапарына жолдамалар да алып береді. Ал 1875 жылы іргесі қаланған Алигар университеті Үндістан мұсылмандарының діни оқу орындарының бірі саналады. 1876 жылы Дива-банд деген атпен құрылған Ислам орталығы күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. 

          Билік тең қарағанымен, қарапайым мұсылман мен индустар арасында кикілжің жиі болып тұрады.

Үндістан мешіттері 

Үндістан мешіттері әдемі архитектурасымен ерекшеленеді. Әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын Тәж-Маһал да осында. 

Чераман Жұма мешіті

Чераман Жұма мешіті - Үндістан жерінде пайда болған алғашқы мешіт. Лондондағы үнді кітапханасындағы ескі жазбаларға қарағанда, Малабар королі Чакравати Фармас Араб жерінде пайғамбар шыққанын естіп, тағына ұлын отырғызып, өзі пайғамбермен кездесу үшін жолға шығады. Аңыз бойынша, Чакравати Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айды екіге жару мұғжизасына куә болып, содан кейін Исламды қабылдаған. Король қайтар жолда Йемендегі Зафар портында қайтыс болып, сонда жерленеді. Ал Чераман Жұма мешіті 629 жылы сол корольдің құрметіне бой көтерген деседі. 

Чераман Жұма мешітінің бүгінгі көрінісі осындай

Шаһ Жаһан мешіті

Шаһ Жаһан мешіті - Даргах Шәріпте орналасқан атақты мешіт. Оның биіктігі - 41 метр, ерекше сәулет өнерінің туындысы. Шаһ Жаһанды да аңыз бойынша, Тәж-Махал салынған ақ мәрмәрдан салған деседі. 

Мұнда Парсы жерінен келген әйгілі суфий ғалымы Қожа Мойнуддин жерленген. Моғол билеушілері Акбар мен Шаһ Жаһан бұл ғалымды жоғары бағалап, құрметтеген. 

Шаһ Жаһан мешітін зиярат ету үшін мұсылман жер-жерден ағылып жатады. 


Қажы Әли мешіті

Қажы Әли мешіті 1431 жылы Мумбай көпесінің бастамасымен салынған және соның құрметіне аталған. Аңыз бойынша Әли қажы Меккеге қажылыққа аттанарында бар байлығын елінің кедей-кепшіктеріне таратып беріпті. Бірақ оған қажылық сапары бұйырмаған екен, жолда қайтыс болады. Ал денесі салынған табыт жұмбақ күйде Бомбейге дейін жүзіп келіпті. Осы оқиға оның атағын аспандатып, халық ішінде аңызға айналдырыпты. 

Мешіттің бұрынғы көрінісі

Мешіттің қазіргі көрінісі. Мумбай

Мумбайдағы Жама-Масжид мешіті

Жама-Масжид - Үндістандағы ең үлкен мешіт. Құрылысы Шаһ Жаһан заманында басталып, 1656 жылы аяқталған. Мешіттің үлкендігі таңғалдырады, онда бір сәтте 25 мың адам намаз оқи алады. Мешітті 5000 құрылысшы алты жыл бойы салған. 

Делидегі Моти масжид (Інжу мешіті)

Үш күмбезді бұл мешіт 1648-1654 жылдар аралығында Шаһ Жаһанның әмірімен ақ мәрмәр мен інжуден салынған. Мешіт ішінде қауыз бар. Ал әйелдер намаз оқитын жер мәрмәр тормен бөлінген. 

 

Мадина Масжид 

Мадина Масжид - Үндістанның солтүстік-шығысында орналасқан жалғыз үлкен мешіт. Бұл шыныдан салынған ерекше мешіттің ашылуы 2012 жылы қазан айында болды. Мешіттің құлшылық ететін бөлмелері де, күмбездері де шыныдан. Өзі төрт қабатты, 2000 адам сыяды. 

Сиди Башир мешіті

Сиди Башир мешіті өзінің ғажап архитектурасы әрі жұмбағы күні бүгінге дейін шешілмеген ерекше мұнараларымен белгілі. Мешіттің құрылысы 1452 жылы аяқталған. 

Чарминар мешіті

Чарминар мешіті төрт мұнарасымен танымал. Құрылысы 1591 жылы аяқталған. Аңыз бойынша, Мұхаммед Кули Құтыб Шаһ бұл мешітті оба індетін тоқтатқаны үшін Аллаға алғыс ретінде салдырған. Мешіт формасы төртбұрышты, әрқайсысы 20 метрді құрайды. Мешіттің әр бұрышында 48,7 метрлік мұнара тұр. 

 

0 пікір