Ырзық-несібені арттырудың 10 жолы
Ырзық-несібені арттырудың 10 жолы
2 жыл бұрын 4612
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Ырзықты арттыратын себептер жайында сөз қозғамай тұрып, мына нәрсені білгеніңізді қалаймын: Кеңшілік немесе таршылық, бұлар - салыстырмалы ұғымдар. Негізінде, қаншама адам бар, өздерін таршылықта өмір сүріп жатырмыз деп ойлайды, бірақ дүниесінде береке бар сондықтан таршылықтары білінбейді. Барға қанағат қылады, сондықтан олар үшін қолындағысы жеткілікті көрінеді. Алланың бөліп берген несібесіне ризалық танытады, сондықтан өздерін бай санайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай: «Алланың бөліп бергеніне разы бол, сонда адамдардың ең байы боласың!».

Бір араб шайыры айтқандай:

«Егер қанағат етер жүрекке ие болсаң,

Сен де - бір, патша да - бір!...»

Кейбір адамдар бар, бай. Бірақ қанағат жоқ, барға ризалық танытпайды, сондықтан әрдайым «жетпейді!» деп жүреді.

Ендігісі не істесек, Құдай Тағала біздің ырзық-несібемізді арттырып, кеңшілік сыйлайды, сол жайында тоқталып өтсек.

Аят және хадистердің үйретуі бойынша, мына нәрселер адамның ырзығын арттырып, береке келтіреді. Олар келесідегідей:

1) Тақуалық.

Харам істерді істемей, бойын күнәдан алыс ұстау. Кісі зина жасайды, ұрлық істейді, біреудің ақысын жейді, таразыдан жейді, сөйтеді де - кедеймін, жетпейді, береке жоқ, ақша жоқ деп жылайды. Әрине, береке болмайды, өйткені істейтіні харам. Жейтіні харам. Ал Құран Кәрімде Алла Тағала ырзықты тақуа адамдарға беремін, тақуа адамдарға несібесін кеңейтемін деген. Мысалы, «Талақ» сүресінде: «Кім Алладан қорықса, Алла Тағала оған шығар бір орын жаратып, күтпеген жерден ризықтандырып қояды» - делінеді. («Талақ», 2, 3 аяттар).

Басқа бір аятта: «Егер қала-ауыл жұршылығы Аллаға сеніп, тақуалық қылса (күнә істемесе), біз оларға көк пен жердің берекелерін ашып қояр едік. Бірақ олар жасынға шығарды (сенбеді). Сондықтан, қылмыстары себепті оларды қолға алдық» - делінеді. («Ағраф», 96). Осы аятта қоғам болып, көпшілік болып, Құдайға сенсе және Оның тыйған тыйымынан тыйылып жүрсе, ол ел байып, үлкен берекеге қол жеткізетіндігін білдіруде. Керісінше Құдайды жоққа шығарса, істеген істері себепті таршылық көріп, ауру-сырқауға, ауыр сынақтарға ұшырайтындығын ескертуде.

*Тақуалық деген, Алланың бұйырғанын істеп, тыйған нәрсесінен тыйылу.

2) Тәубе жасау және Алладан кешірім тілеу.

Адам - табиғатынан әлсіз жаратылған. Құранда Алла айтқандай: «Адам баласы әлсіз жаратылған». («Ниса», 28). Сондықтан да, адам күнәға барып, қателіктерге жиі бой алдырып жатады. Ал күнәлардың көптігі берекені қашырып, ырзықтан махрұм етеді. Осыған назар аудартқан Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Шынында пенде істеген күнәсі себепті ризықтан қағылады» - деп ескерткен. (Ахмед, «Мүснәд»). Кезінде Яһудилердің жақсылықтардан қағылуларының бірден-бір себебі - өзгеге қиянат істеп, ауыр күнәларды арқалағандықтары үшін еді. Ол жайында Құранда: «Сонда Яһудилердің зұлымдықтарының және көптеген адамдарды Алланың жолынан тосуларының салдарынан оларға халал етілген көптеген жақсы нәрселерді оларға арам қылдық. Және де оларға тыйым салынғанына қарамастан өсім алулары әрі адамдардың малдарын орынсыз жеулері, сондай ақ олардан Аллаға қарсы келгендері үшін; күйзелтуші азап әзірледік» - деп баяндалған. («Ниса», 160, 161).

Алайда, пенде Алланың несібесінен қағылмас үшін және күнәларының оған зияны тимес үшін, күнә немесе қателік істеп қойды ма, бірден Жаратушыға жөнеліп, оның кешіріміне сыйынуы ләзім. Тәубеге келіп, істеген ісі үшін өкініп, Құдайдан кешірім тілеуі тиіс. Истиғфар, яғни, Құдайдан кешірім тілеу - күнәларды жояды. Тәубе - бұрынғы жамандықтарды жояды, сондай-ақ, ырзық-несібесін арттырады. Алла Тағала Һуд пайғамбардың тілімен Құранда былай деген:

«Уа, қауымым! Раббыларыңнан кешірім тілеңдер және тәубеге келіңдер. Сонда сендерге көктен берекелі жаңбыр жібереді (жаудырады) және күштеріңе күш қосады. Күнәһар болып жалтармаңдар». («Һүд», 52).

Осы аятты тәпсірлей келе тәпсірші ғұлама Ибн Кәсир (р.а.) былай деп өтеді:

«Һуд пайғамбар (ғ.с.) өзінің қауымына Алладан кешірім тілеулерін әмір етті. Өйткені Алладан кешірім тілеуде - өткен күнәлардың кешірімі бар, ал тәубе етуде - болашақтағы істелуі мүмкін күнәларының кешірімі бар. Ендеше, кімде-кім осылай истиғфар айтып, Алладан кешірім тілесе, Алла Тағала оның ризығын арттырады, істерін жеңілдетеді және оны қорғайды».

3) Ата-анаға жақсы қарау және жақын туыспен қарым-қатынасты үзбеу.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) жақын туыспен байланысты үзбеудің ырзық-несібені көбейтетіндігін бірнеше сахих хадисте айтқан. Мәселен, Сахих Бұхариде келтірілген бір хадисте сахаба Әбу Һурайра Алла елшісінен естігенін былай деп жеткізеді:

ما رواه البخاري من حديث أبي هريرة رضي الله عنه، قال: سمعت رسول الله يقول: "مَنْ سَرَّهُ أَنْ يُبْسَطَ لَهُ فِي رِزْقِهِ، وَأَنْ يُنْسَأَ لَهُ فِي أَثَرِهِ، فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ".

«Мен Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Кім ризығының артып, өмірінің ұзарғанын қаласа, туыспен қарым-қатынасты үзбесін!».

Әзіреті Әлиден (р.а.) риуаят етілген басқа бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.) тағы былай деп ескертеді:

"مَنْ سَرَّهُ أَنْ يُمَدَّ لَهُ فِي عُمْرِهِ، وَيُوَسَّعَ لَهُ فِي رِزْقِهِ، وَيُدْفَعَ عَنْهُ مِيتَةُ السُّوءِ، فَلْيَتَّقِ اللهَ وَلْيَصِلْ رَحِمَهُ"

«Кім өмірінің ұзақ болғанын, ырзық-несібесінің артқанын және ақ өліммен өлуді қаласа, Алладан қорықсын және туған-туыспен байланысты үзбесін». (Ахмед, «мүснәд»).

Демек, туыспен қарым-қатынасты үзбеу - кісіге байлық береді, ұзақ ғұмыр сыйлайды, ақ өлім және әйел-бала-шағасының сүйіспеншілігін береді екен. Ал, туыстардың арасындағы жақсы қарым-қатынасқа ең лайықты жандар кімдер? Олар, әрине - ата-ана. Сондықтан да, ең бірінші ата-анаға жақсы мәміледе болып, туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынасты ұстау керек.

4) Қайыр-садақа беру. Алла жолына ақша жұмсау.

Құран Кәрімде Алла Тағала көптеген аятында Алла үшін садақа беріп, игілік жолында ақша жұмсаудың үлкен сауап әрі ризықты арттыратын бірден-бір себеп екендігін білдірген. Мысалы, «Сәбә» сүресінде Жаратушы Иеміз былай деп айтады:

«Айт. Шынында менің Раббым қалаған пендесінің ризығын кеңейтеді, қалағанының ризығын өлшеп береді. Не нәрсе (Алла жолына) жұмсаған болсаңдар, Алла Тағала оның есесін қайтарып береді. Алла - ризық берушілердің ең қайырлысы». («Сәбә», 39).

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен бір құдси хадисте Алла Тағала: «Уа, адам баласы! Қайырымдылық жаса, сосын мен саған қайырымдылық жасаймын» - деген. («Сахих Мүслім»).

Демек, Алла үшін садақа беріп, игілік жолына ақша жұмсап тұрсақ, онымыз өзімізге еселеп қайтады екен.

5) Әлсіздерге қамқор болу.

Ырзық-несібені арттырудың тағы бір жолы - әлсіздер мен ғаріп жандарға қол ұшын беріп, оларға жәрдем ету. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында: «Сендер тек араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында жәрдем көріп, ризыққа бөлене аласыңдар» - деген. («Сахих Бұхари»). Басқа бір хадисінде: «Маған әлсіздерді тауып келіңдер. Шынында, сендер әлсіз адамдар арқылы ғана Алладан жәрдем көріп, ризыққа бөлене аласыңдар» деген. («Әбу Дәуід, сүнән»).

6) Құлшылықты жүрекпен, беріліп, ықыласпен орындау.

Ырзықты арттырудың тағы бір жолы - намазды шын жүрекпен беріліп оқу. Бір құдси хадисте Алла Тағала: «Ей, адам баласы! Маған беріліп құлшылық жаса. Сонда жүрегіңді байлықпен толтырамын және қолыңды байлыққа толтырамын. Менен алыстама, әйтпесе жүрегіңді пақырлыққа толтырамын, ал қолың дүние қамынан арылмайтын болады» - деген екен. («әл-Хәким»). Бұл хадисте, жұмыс істеме, кәсіп қылма деп тұрған жоқ. Мұнда - құлшылық ету барысында жүректі дүниелік қам-қарекеттен арылтып, құлшылыққа берілуді бұйыруда. Ал өзіміз намазда, ал ойымыз бен жүрегіміз басқа нәрсемен мәшғұл болса, ондай намаздың не құны болмақ?! Сондықтан да, барыншы ойды намазға шоғырландырып, Алланың алдында тұрмын деп оқу керек.

7) Қолдағы бар нығметке шүкір ету.

Ырзықты арттырудың келесі жолы - Алланың берген нығметіне Аллаға шүкір етіп, алғыс білдіру. Құран Кәрімде: «Егер, шүкір етсеңдер арттырамын!» деп уәде берген. («Ибраһим», 7). Шүкір - қолдағы бар нығметтің кетуіне кедергі жасап, жоқ нығметті шақырады. Тәбиғиндердің ұлығы бесінші әділ халифа Омар ибн Абдульазиз (р.а.) былай деген: «Алланың нығметтерін Аллаға шүкір етумен байлаңдар. Шүкір - нығметтің байлауы және нығметтің артуына себеп» деген. «Нығметтің байлауы...» деген сөзінің мағынасы - қолда бар нығмет кетіп қалмай, берекелі болып өзіңізде сақталады дегендік.

8) Үйлену.

Қазақта «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген аталы сөз бар. Бұл шындықты қасиетті Құран Кәрім де растайды. «Нұр» сүресінде былай делінген: ««Араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер және құлдарың мен күңдеріңнің салиқалыларын да үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла өзінің кеңшілігінен байытады. Алла өте кең, барлық нәрсені білуші». («Нұр», 32). Осы аяттың мәнін ұққан Әзіреті Омар: «Байлықты некеден іздемейтіндерге таң қаламын. Алла Тағала: «Егер, олар кедей болса, Алла өз кеңшілігінен байытады» деп тұр ғой»деген екен.

9) Қажылық пен Умраны қатар орындау.

Шамасы келетін мұсылманның қажылық пен умра құлшылығын жиі орындап тұрғаны ризығының көбейетіндігіне бір себеп. Бұған қатысты Әзіреті Абдулла ибн Аббас (р.а.) мынадай хадис келтіреді: «Қажылық пен умраны қатар орындап тұрыңдар. Ол екеуі - пақырлық пен күнәларды жояды, құдды ұстаның көрігінің темірге, алтынға және күміске жабысқан қалдықтарды кетіргені сияқты. Қабыл етілген қажылық үшін пейіш бар». (Тирмизи, «сүнән»). Хадистегі «Қажалық пен умраны қатар орындау...» сөзіне хадисшілер екі мағына береді. Бірі - шамасы келген мұсылманның қажылық пен умра құлшылықтарын жиі орындап тұруын білдіреді делінсе, екінші бір мағынасы - қажылықты орындаған кісінің тек қажылықты ғана емес, умраны да бірге орындап тұруын білдіреді. Екі мағынаның екеуі де хадисте қамтылған.

10) Кәсіп етіп, жұмыс істеу.

Және де, жоғарыда сайып өтілген себептердің бәрі - еңбексіз болмайтындығын білуіміз керек. Әрекет етпей, берекет жоқ. Бұл Алла Тағаланың заңдылығы. Еккен, орады. Істеген, тістейді. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей (Абай). Құран Кәрімде: «Ол Алла сендерге жерді көнбіс қылып жаратты. Ендеше, жер бетінде жүріңдер де, оның ырзығынан жеңдер және барар жерлерің сол жақ (яғни, жер)» - деп бұйырған. («Мүлік», 15). Аятта айтылғандай, кім жер бетін аралап, несібесін іздеп жүрсе, Алланың ризығынан жейді. Ал кім үйде себепсіз құр отырса және мүмкіндікті қолданбай тартынса, Алланың ризығынан махрұм қалады. Құрандағы басқа бір аятта: «Егер, намаздарыңды орындап болсаңдар жер бетіне тараңдар да, Алланың ризық-несібесін іздеңдер» - деп бұйырған. («Жұмға», 10). Сондықтан да, Ислам діні еңбек етіп, жұмыс істеуді дұрыс көріп, ал жалқаулық пен іссіз жүруді құптамаған. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) бір сөзінде: «Сендердің ешбіреулерің өз маңдай терімен тапқан астан артық ас жемейді» дей келе, еңбек етіп, өз нанын өзі тауып жеуге шақырған.

Алла Тағала барша мұсылман жұртшылығын адал әрі таза ризиқпен ризықтандырып, несібелерін кеңейтсін. Баршаңызға екі дүние байлығын берсін! Әлхамдулилләһи Раббил аләмин.


Мақала Доктор Юсуф әл-Қардауидің «Ырзық-несібенің кілттері» атты жазбасының негізінде жазылды. Араб тілінде.

0 пікір