Бүгін тарихта не болды?
Бүгін тарихта не болды?
2 жыл бұрын 3267

Бүгін, яғни, 21 шілде - Осман империясының 34-ші патшасы, мұсылмандардың 99-ші халифасы атақты Абдульхамид ІІ-ге қастандық жасалған күн.

1905 жылы, шілденің 21-ші жұлдызында «Армян Революциялық Федерациясы» (АРФ) атты саяси партия мүшелері тарапынан Абдульхамид ханды өлтіру жоспарланады. Қастандықты ұйымдастырушылардың басында – Самуел Фаин (Микаэлян), оның қызы Робиня Фаин және Липа Рипс орын алды. Олар өздерінің арам ойларын жүзеге асыруды – белгиялық анархист Эдуард Жоррис деген кісіге тапсырды.

Жоспар бойынша Абдульхамид хан жұма күні «Йылдыз» мешітінен шыққан кезде, мешіттің шығаберісінде арнайы 80 келі жарылғыш зат қойылған күйме (карета) жарылу керек болған. Алайда жұма намазынан соң Османлы сұлтаны сол кездің Шейхулисләмы Жәмәлуддин Эфендимен әңгімелесіп қалып, террористердің жоспарлаған уақытынан бір-екі минутқа кешігеді. Ол шығам дегенше, жарылу уақыты 1 минут 42 секундтқа қойылған 80 келілік бомба жарылып үлгереді де, халифа аман қалып, елде хаос жаратамыз деп ойлаған қаскөйлердің ол пиғылдары жүзеге аспай қалады. Алайда мешіт айналасындағы көп адам шейіт болады. Сол кездегі баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттарға қарағанда сол жарылыстан 26 адам қаза тауып, 56 кісі жараланған екен. 

Қанды қол Эдуард Жоррис тұтқындалып, қылмысын мойындағаннан соң, сот оған өлім жазасын береді, бірақ Белгия елшілігінің араласуымен өлім жазасы "өмір бойына бас бостандығынан айыру" жазасына өзгертіледі, алайда Эдуард Жоррис бұл жазадан да құтылып, европаға жөнелтіледі. Кей мәліметтерге қарағанда Абдульхамид хан Эдуард Жорриске кешірім беріп, оған азаттық сыйлаған деседі, тіпті кейіннен сұлтанның оны кейбір мемлекеттік істерде қолданғандығы да айтылады[1].  

 Фото: @turanhistoryofficial. Суретте жарылыстың болған сәт бейнеленген. 

 Дайындаған: islam.kz


[1] Prof. Dr. Vahdettin Engin: «II. Abdülhamid’e Düzenlenen Yıldız Suikastı ve Belçika ile Yaşanan Diplomatik Kriz».

 

 

 

 

0 пікір