Досы да, дұшпаны да мойындады
Досы да, дұшпаны да мойындады
8 жыл бұрын 2944
Алау Әділбаев

Әзірет Мұхамедтің ұлы тұлғалығын мұсылмандар ғана емес, көзі ашық көкірегі ояу ынсапты басқа дін мен мәдениет өкілдері де мойындап бас иді. Ламартин: «Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе өлшенсін, бірақ хазірет Мұхаммедтің ұлылығынан ұлы пенде жоқ».

Гете: «Біздер, Еуропа халықтары мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазірет Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес».

А. Бесант: «...Егер дүниеде халықты дін қағидаларымен соңынан ерте білген біреу болса, ол –Мұхаммед. Ол ешқашан өзін асыра бағаламады. Пайғамбар болу еш күмәнсіз оған тән еді. Қазір оның өмірі мен асыл мұратын түсінген кім болса да оның ұлылығына бас иері сөзсіз...»

Б. Шоу: «Егер қазіргі әлемді басқару құқы Мұхаммед секілді бір адамға берілетін болса, ол барлық мәселелерді сары майдан қыл суырғандай оп-оңай шешер еді және бұл шешімдер сондайлық тыныштық пен бақыт әкелер еді. Мен ертеңгі Еуропаның Мұхаммед дінін қабылдайтынын болжаймын, тіпті Еуропа оны қазірдің өзінде қабылдай бастады».

М. Харт: «Әлемде өте ықпалды болған адамдардың тізімінің басына Мұхаммедті қоюым кейбіреулерді таңдандыруы мүмкін. Алайда тарихта дүниелік әрі діни салада сөзсіз табысқа жеткен адам сол (Мұхаммед). Мұхаммедтің Исламға жасаған жеке ықпалы Иса Мәсіх пен Павелдің бірге христиандыққа жасаған ықпалынан әлдеқайда артық. Діни және дүниелік тұрғыдан ықпал етудің теңдессіз түрде бірлесуі Мұхаммедтің тарихтың ең ықпалды тұлға екендігін көрсетуге жеткілікті».

П. Хитти: «Мұхаммед өте қысқа өмірде сол кезге дейін географиялық ауқымдылығынан басқа ештеңесі жоқ өлкеде сондай бір ұлық дін құрды. Бұл дін өте кең аймақтарда христиандық пен яһудиліктен озумен қатар, өте қысқа мерзімнің ішінде сол кездің мәдени аймақтарын қамтыған өте үлкен мемлекеттің негізін қалады».

Родвелл: «Мұхаммедтің мойнына алған міндеті мен миссиясы – тек Аллаһқа және ғайып әлеміне өте терең иманы болған адамның бойында кездесетін таңғажайып күш пен өмір үлгісі».

Даңқты қолбасшы Биссмарк: «Ей, Мұхаммед! Сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін... Адамзат Сен сияқты ерекше тұлғаны бір-ақ рет көрді, бұдан кейін көре алмайды. Мен сенің алдыңда құрметпен бас иемін».

Осындай көптеген тұлғалардың тізімін санамалап жалғастыра беруге болады. Шын мәнінде хазірет Мұхаммедтің өмірімен жете танысып, жүрек пен санаға тигізген әсерін ой елегіне салып зерделеген жан Оның пайғамбар екенін сөзсіз мойындайды.

Пайғамбарымыздың өмірі жайында мәліметтер көп-ақ. Олардың әуелгісі – Жаратушының жарлықтарын қамтыған қасиеті Құран кәрім, содан кейінгісі – хадис кітаптары, «арабтардың архивы» саналған өлең-жырлар, Пайғамбарымызды қатты жақсы көрген кісілердің өздерінен кейінгі буындарға мұра етіп жеткізген ауызша хабарлары. Соңғы Пайғамбар жайындағы негізгі қайнар көздер мен оқиғаларға куәлік еткен мәліметтердің мұншама көптігі одан бұрынғы және одан кейінгі ешбір тұлғада кездеспейді.

Адамзат тарихы ешқашан билеуші, даңқты жаулаушы, танымал реформатор, ұлы тұлғалардан кенде болған емес. Алайда олардың әрбірі өз саласында ғана көзге түскен. Ал осы қасиеттердің бәрінің бір ғана тұлғаның бойында жиналуы – өте сирек оқиға. Алға қойған мақсаты толықтай жүзеге асып, қиюы қашқан тайпалардан ірі мемлекет құрылғанын көзімен көрген тұлға – хазірет Мұхаммед қана.

Уақыт өткен сайын тарихта өмір сүрген мемлекет басшылары мен қоғам көсемдері жайлы естеліктер уақыттың қатпарында қалып шаңға көміліп жатса, жаңаша лебіздер мен хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) деген сүйіспеншілік күн сайын жаңарып, жаңғыра түсуде.

0 пікір