Хадис майталманы Имам Мүслім жайында
Хадис майталманы Имам Мүслім жайында
10 жыл бұрын 6136
Абдусамат Қасым

Хадис ғылымдарының білгірі «Сахих Муслим» атты хадистер жинағының авторы, Ислам тарихында  есімі алтын әріппен жазылған тұлға, Ислам қайраткері - Әбул Хусейн Муслим ибн әл-Хәджәж ибн Муслим ибн Уәрд ибн Күшәз әл-Құшәйри ән-Нисәбури.  

Имам Муслим біздің жыл санауымыз бойынша 821 жылы (Хижри 206 жылы) бүгінде Иран елінің солтүстік-шығысында орналасқан Хорасан-Резави провинциясындағы Нисабур/Нишапур (парсыша: نیشابور‎ — Neyšâbur[1]‎) қаласында дүниеге келеді.  Шыққан тегі араб тайпаларының бірі «Құшәйр» руынан. Ұлты - араб[2].  

Ертеректе Нисабур қаласы да ілім ошақтарының бірі-тін. Әсіресе Нисабурда хадис ғылымы қатты дамыған еді. Осыған сәйкестендіріп бұл қаланы: «Хадистің ордасы» деп атайтын[3]. Бұл қаладан көптеген атақты хадисші ғалымдар шықты. Атап айтсақ: «әл-Мүстәдрак» атты хадистер жинағының авторы Әл-Хаким ән-Нисәбури, «Сахиху ибни Хузәймә» атты хадистер жинағын жазған хадисші әрі фиқһ ғылымының білгірі Әбу Бәкір ибн Хузәймә ән-Нисабури, сол төңіректе өмір сүрген «әс-Сүнәнул Кубра» атты еңбекті жазған хадисші әрі мүжтәхид дәрежесіне жеткен ғұлама Ахмед әл-Бәйхақи[4] т.б. .

Имам Муслим ғылыми ізденісімен қоса, саудамен айналысатын болған. Мұхаммед әл-Фәрра атты шәкіртінің айтуына қарағанда, Имам Муслим - мата саудагері еді. Ол маталарды және үйге қажетті түрлі заттарды сатумен айналысатын[5]. 

Имам Муслимнің балалық шағы

Имам Муслим - тақуа, изгі сүйер әрі ғылымға ерекше дейін қойған отбасында өсіп-өнді. Әкесі Хәджәж ибн Муслим әл-Құшәйри ғылым ізденуді жақсы көретін. Ілім мәжілістерін жібермей қатысып жүретін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, Имам Муслимнің жастайынан-ақ ғылымға деген ынтасы ерекше еді. Ол - хадис ғылымын үйрене бастағанда бар-жоғы он екі жасар болған. Бұл жайында әз-Зәхәби: «Ол хадисті алғашқы рет он екі жасында Яхя ибн Яхя әт-Тәмимиден үйренді. Муслим қажылық парызын өтегенде, сақалы жоқ жиырма жасар бозбала еді», - деп баян етеді. Осыған қарап, Муслимнің балалық шағы ғылыми ізденіспен өтті деуге негіз бар.

Имам Муслимнің ерекшеліктері

Имам Муслим - өзгелерге жақсылық жасауды сүйетін қасиетті кісі еді. Мұхтаж жандарға жәрдем етуден ешқашан қашпайтын. Әрдайым көмек қолын созып, адамның жанынан табылатын. Оның осындай қасиетіне орай жұрт оны «Нисабурдың жақсы адамы» деп атап кеткен.  

Бұнымен қатар, Имам Муслим - рухы таза, тақуа жан еді. Өсек-аяннан, біреуге тіл тигізуден аулақ болатын. Бұл жайында Абдул Ъазиз әл-Дәһләуи «Хадисшілердің бақшасы» атты еңбегінде былай деп кетеді: «Имам Муслим - өмірінде ешкімнің артынан ғайбат айтқан емес. Ол ешкімге ұрыспайтын, ешкімді ұрған емес».

Шәкірті Мұхаммед ибн Абдулуәһһәб әл-Фәрра да ұстазы жайында: «Ол мейірімді, өте жақсы кісі еді. Алла бізді де, оны да рахымына бөлесін», - деген.

Имам Муслимде Алла берген зеректік бар еді. Ол өзінің зеректігімен хадис ғылымында шындарға жетеді. Хадистерді дұрысын бұрысынан айыра алу қасиеті бар ғалым болған. Ол хадистерді жік-жікке бөліп, хадис тізбегіндегі кісілердің әрқайсының қыр-сырын білетін.

Имам Муслимнің ұстаздары

Имам Муслим әуелі төңіректегі ғұламалардан дәріс алып, кейіннен хадис ғылымы жолында ұзақ елдерге сапар шегеді: Хижаз өңірі, Ирак, Мысыр т.б. елдерін кезіп, Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерін үйренеді. Хадис ғылымдарының майталмандарымен кездесіп, олармен білім алмасады. Имам Бухаримен де кездесіп, одан хадис саласының кейбір қыр-сырларын үйренеді. Екі жүзден астам хадис білгірлерінен хадис үйренгендігі деректерде айтылған. Солардың кейбірін атап өтелік:

  1. Яхия ибн Яхия ән-Нисәбури (р.а.)
  2. Құтәйбә ибн Сағид (р.а.)
  3. Сағид ибн Мәнсур (р.а.)
  4. Ахмәд ибн Ханбәл (р.а.)
  5. Имам Бухари (р.а.)
  6. Абдулла әд-Дәрими[6] (р.а.)

Имам Муслимнің шәкірттері

  1. Ибрахим ибн Әби Талиб (р.а.)
  2. Фиқһші әрі хадисші Ибрахим ибн Мұхаммед ән-Нисабури(р.а.)
  3. Ахмед ибн Сәләмә (р.а.)
  4. Әл-Хусайн ибн Мұхаммед әл-Құббәни ән-Нисәбури (р.а.)
  5. Мұхаммед ибн Исхақ ибн Хузәймә (р.а.)
  6. Имам Тирмизи (р.а.)

Жазған еңбектері

Имам Муслимнің хадис ғылымына қатысты жазған көптеген еңбектері болды. Еңбектерінің ішіндегі ең атақтысы «Сахих Муслим» атты хадистер жинағы. Бұл кітап өзге хадистер жинақтарымен салыстырғанда Имам Бухаридің «Сахих Бухари» атты хадис кітабынан кейінгі екінші орында тұрады. Тіпті оның әлгі еңбегін бірінші орынға қойған ғалымдар да бар.

Имам Муслим аталмыш кітабын жазуға онбес жылын сарп еткен. Ахмед ибн Сәләмә бұл жайында: «Мен Муслим өзінің сахихын жазу барысында,  он бес жыл оның қасында болдым», - дейді.

Имам Муслимнің үш жүз мыңға жуық хадис естігендігі деректерде кездестіріледі.  Бұл дегеніміз - Имам Муслим хадисті жеткізушілердің тізбегімен қоса үш жүз мың хадисті жатқа білген деген сөз. Соның ішінен төрт мыңға жуығын ғана өзінің сахихына таңдап жазған. Жалпы «Сахих Муслим» атты хадис кітабында қайталанып келген хадистерді қоса есептегенде 7395 жуық хадис қамтылады. 

Одан басқа жазған еңбектерінің кейбірі төмендегідей:

  1. Китабу әт-Тәмииз
  2. Китәбу әл-Ъиләл
  3. Китәбу әл-Әфрад
  4. Китәбу Мәшаихи Мәлик
  5. Китәбу Әуләди ас-Сахаба
  6. Китабу Әуһәмил Мухаддисин
  7. Китабут Табақат

Имам Муслим біздің жыл санауымыз бойынша 875 жылы (хижри 261 ж), Режеп айының жиырма бесінде, жексенбі күні түнде, 54\55 жасында дүниеден озды[7]. Жатқан жері жәннат болсын!

[1] Тұрғындар саны — 205,972 адам (2006 жыл). Елдің солтүстік-шығыс бөлігінде Тегераннан 670 км шығыста орналасқан (http://kk.wikipedia.org/)
[2] Хасан Махмуд Сулеймән: Хайәтуль Имам Муслим – 17 бет. 1994ж. Дамаск.
[3] Хасан Махмуд Сулеймән: Хайәтуль Имам Муслим – 17 бет. 1994ж. Дамаск.
[4] Байхақ қаласына, қазір Себзевар деген атау берілген.  Иранның солтүстік шығысында, Хорасан-Резави провинциясында орналасқан. (http://ru.wikipedia.org/)
[5] Хасан Махмуд Сулеймән: Хайәтуль Имам Муслим – 24 бет. 1994ж. Дамаск.
[6] http://islamstory.com/ar/ مسلم_بن_الحجاج_المحدث
[7] Хасан Махмуд Сулеймән: Хайәтуль Имам Муслим – 29 бет. 1994ж. Дамаск.

0 пікір