Хазірет Абдульқадір Гәйләни шайтанды қалай таныды? (ғибрат-хикая)
Хазірет Абдульқадір Гәйләни шайтанды қалай таныды? (ғибрат-хикая)
4 жыл бұрын 9092

Абдульқадір әл-Гәйләни (عبد القادر كيلاني) кім? Қысқаша өмір баяны:

XI-XII ғасырларда өмір сүрген, сопылық жолындағы Қадария тармағының негізін қалаушы Абдульқадір әл-Гәйләни хазірет - Ислам тарихындағы атақты ойшыл сопылардың бірі. Толық аты-жөні - Мұхиддин Әбу Мұхаммед Абдульқадір ибн Әбу Салих Мұса Зенгидост әл-Гәйләни. 

Ханбали мәзхабына деген беріктігімен танымал болған Абдульқадір әл-Гәйләни, өз заманының Ханбали ғалымы саналып, тіпті, Бағдатта аталмыш мәзхабты жандандырғаны үшін жұрт оған «Мұхиддин» деген лақап ат таққан деседі. Мағынасы: Дінді тірілтуші.

Шариғат пен тариқатты (сопылық жолды) қатар меңгеріп, Ханбали мәзхабына аса берік болғаны үшін, сопыларды жау көретін Ибн Тәймияның өзі Гәйләниді мақтан тұтатын болған[1].

Хазірет Абдульқадір Гәйлани шайтанды қалай таныды? (ғибрат-хикая).

Абдульқадір Гәйләни әулие-дана болуымен қоса, салиқалы ізгі жан еді. Оған байланысты түрлі хикаялар мен ғибратты оқиғалар жеткен.

Сондай оқиғалардың бірінде Әзіреті Абдульқадір Гәйләнидің басынан мынадай бір жағдай өтіпті. Ол былай дейді:   

«Бір күні келе жатқанымда тура көз алдымда бір Нұр пайда болып, айнала жарқырап кетті. Бұл не нәрсе болды екен, деп аң-таң боп қарап тұрғанымда нұрдың ішінен бір дауыс:

- Ей, Абдульқадір! Мен сенің Құдайыңмын. Осы уақытқа дейін жасаған ізгі істеріңе риза болғаным соншалықты, бұдан былай саған харамдарды халал еттім», - деді. 

Бірден оның шайтан малғұн екендігін ұқтым да, нұрдан шыққан дауысқа:

- Кет әрімен, ей малғұн! Сенің көрсетіп тұрған нұрың мен үшін мәңгі қараңғылықтан басқа ештеңе емес, - деп айқайладым. Сонда шайтан:

- Жаратушыңның саған сыйлаған даналығымен тағы да менің тұзағымнан құтылып кеттің. Мен осылайша жүздеген пендені жолдан тайдырған едім, сені алдай алмадым», - деді де, ұзап кетті.

Рахымы шексіз Алла Тағалаға екі қолымды жайдым да, шайтанның қулығын ұғуға жәрдем еткені үшін Оған шүкіршілігімді білдірдім», - деп, Абдульқадір Гәйләни сөзін аяқтапты. Сол кезде тыңдаушылардың бірі:

- Абдульқадір хазірет, оның шайтан екендігін қалай бірден ұқтыңыз? – деп сұрапты.

- «Харам нәрселерді саған халал еттім» деген сөзінен ұқтым, - деп жауап беріпті (құддисә сирруһ)[2].


[1] https://islamansiklopedisi.org.tr/abdulkadir-i-geylani
[2] Osman Nuri Topbaş, İmandan İhsana Tasavvuf, Erkam Yayınları

А.Қасым.
0 пікір